САДАҚА ДЕГЕН НЕ?
САДАҚА ДЕГЕН НЕ?
3 жыл бұрын 7750

Садақа Ислам дінінде бір нәрсені қайтарымсыз түрде қиып беру деген мағынаға келеді. Ислам әдебиетінде зекет пен садақаны жалпылама түрде "инфақ" деп атайды. Құран Кәрімде инфақ сөзі 200 жерде айтылған. Инфақ сөзінің мағынасы: мал мен жанын Аллаһ Тағалаға бағышталу мағынасына келеді. Олай болса, мұсылман мал-мүлкін әрі жанын Аллаһқа арнаған кісі болып табылады.

Садақа мен инфақ қолда барды беруден басталады. Демек, жарты құрма беру де инфақ болып табылады. Ол қайырымдылығы пендені тозақ отынан қорғайды. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) әрбір мүминді бай деп есептеген. Өйткені, хадис шәріпте мүмин құлдың айтқан тәкбірі (Алланы ұлықтауы), таухиді (лә иләһә иллаллаһ деуі) зікірлері, жақсылықты үгіттеп, жамандыққа бөгет болуы (әмір маъруф, нәһи аниль мункар), зұлымдық көргенге жәрдем беруі, мүминді жұбатып, қайғырған көңілдерді қуантуы, жолдағы зиян беруші нәрселерді алып тастауы, ауырып жатқандардың көңілін сұрап баруы және т.б. істердің бәрінің садақа екендігі баяндалған.

Көңілі бай адамдардың күлімдеуі де садақа. Өйткені көңілі бай кісі, жымиған күлкісімен айналасындағыларды да шаттандырады. Керісінше сараң көңілді болғандар ешкімге жақсы ықпалын тигізбейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахих хадистерінде баяндалғандай, шөлдегендіктен тілі тамағына жабысып қалған бір итке су берген күнәһар әйел тек қана осы мейірімділігі себебімен мыңдаған күнәсі кешірілген әрі жаннатқа кірген. Ал, үйдегі мысығына мейірімділік көрсетпей, оны аш қалдырған әйел, керісінше, тозаққа түскен. Осы мысалдар мұсылманның көңіл әлемін дұрыс бағытқа салуын шабыттандырар ғибратты оқиғалар. 

Мүмин, қараңғы түннің толған айы тәрізді - нұрлы, ақ көңіл, нәзік, қамқоршыл, мейірімді және жомарт болуы керек. Алла Тағала айтады: маған жақын боламын десеңдер жақсы көріп ұнатқандарыңнан беріңдер дейді. Сондықтан, Хақ Тағала алдында берілген садақа қабыл болуы үшін, мал-мүлкінің жақсысынан, сапалысынан берілу керек. 

«Жақсы көрген нәрселеріңнен бермейінше «бирр»-ге (яғни қайырдың шыңына) әсте жете алмайсыңдар. Әр не нәрсені инфақ етсеңдер Алла оны толық білуде» (Әли Имран сүресі, 92-аят). 

Осы аят түскенде саңлақ сахабалардың арасында ең жақсы көрген нәрселерінен садақа беру жөнінен "инфақ" жарысы басталған еді. Әбу Талханың Пайғамбар Мешітіне жақын жерде (орналасқан) алты жүз құрма ағашы бар бақшасы болатын және оны өте жақсы көретін. Пайғамбарымызды да жиі-жиі бақшасында қонақ қылып берекетін көбейтетін. Бір күні Әбу Талха:

«Уа, Расулулла! Менің мал-мүлкімнің арасында ең бағалысы және ең жақсысы, сіз де білесіз, осы бақшам.  Дәл қазір Алла ризалығы үшін оны Алланың Пайғамбарына бергім келіп тұр, билік енді өзіңіздің қолыңызда, қалаған кедейге бере аласыз» - деді. 

Сөздерін аяқтағаннан соң осы керемет шешімін дереу орындау үшін бау-бақшасына барады. Әбу Талха бақшаға барғанда әйелі бір ағаштың көлеңкесінде отыр еді. Әбу Талханың бақша ішіне кірмей тұрғанын көрген әйелі былай деді: 

− Ей, Әбу Талха! Сыртта не күтіп тұрсың? Бақшаға кірсеңші!

Әбу Талха:

− Мен бақшаға кіре алмаймын, сен де заттарыңды жинап, дереу сыртқа шық! - деді.

Мұндай жауапты күтпеген әйелі таңданып:

– Неге, әй, Әбу Талха! Бұл бақша біздікі емес пе? - деп сұрады.

Әбу Талха:

– Жоқ, бұдан былай бұл бақ Мәдинадағы кедей-кепшіктікі, - деп, жоғарыда келтірген аятты оқып сүйіншісін сұрап,  өзі істеген инфақтың абзалдығын қуана түсіндірді.

Әйелінің «Екеуіміздің атымыздан ба, жоқ әлде өз атыңнан бағыштап бердің бе?» деген сұрағына, Ол: 

«Екеуіміздің атымыздан…» - деп жауап берді.

Сонда әйелі:

«Алла саған разы болсын, ей, Әбу Талха! Айналамыздағы пақырларды көрген сайын мен де осыны ойлап жүретін едім, бірақ саған қалай айтарымды білмей, батылым жетпей жүретінмін. Алла қайырымызды қабыл етсін, міне, мен де бақшаны тастап кетіп жатырмын!» - деген екен. 

Инфақ жарысы өзіміз үшін де балаларымыз үшін де өте маңызды. Біз қалай балаларымызды жас кездерінде намазға үйретуге жауапкер болсақ, дәл сондай оларды инфақ ету сезімімен ғаріпті қуантуға да үйретуіміз міндет. Егер бұл істі оларға кішкене кездерінен үйретпесек олардың обалына қалған боламыз. Олар мал-мүліктің «Алланікі» деген сана-сезімімен өссе, елге қызмет істейтін жақсы азаматтардың қатарынан болады. 

Инфақ тарату, яғни дүние-мүлікті қайырға жұмсау капиталдың қылтамақ (рак) ауруы халіне келмеуі үшін ең күшті ем әрі шара. Сондықтан, осы емнің заттай және рухани түрдегі тарату орындары үшін құрылған қайырымдылық қорлар қоғамның аса маңызды ұйымы. Қорлар инфақтарды ең жақсы тарататын орын, әрі ол - байларға қайырымдылық жасау үшін дәнекер көпір іспеттес. Бұлар бай мен кедей арасындағы кекті және қызғанышты жойып, қоғамдағы мейірімділіктің кәміл себебі болады. Қайырымдылық қорлары жаратылғандарға деген махаббат пен мейірімділіктің көрініс тапқан орындар. Хадисте былайша баяндалады:

«Садақа, жетпіс түрлі пәлекетке бөгет болады…». (Суюти, әл-Жамиъус-Сағир ІІ, 52 б.)

«Садақа – Алланың ашуын қайтарады». (Тирмизи, Зекет 28) 

Лұқман Хаким ұлына қарап:

«Балам! Біле тұра немесе білмей күнә істеп қойсаң дереу тәубе етіп, садақа бер!» - деген екен. 

Ал, Қасиетті Рамазанда берілген садақалардың маңыздылығы былай баяндалған: 

Бір адам Хазірет Пайғамбарға (с.а.у.) келіп: 

– Уа, Расулалла! Қайсы садақаның сауабы артық? - деп сұрады. 

Алла Расулі (с.а.у.): 

– Рамазан айында берілген садақа… - деп жауап берді. (Тирмизи, Зекет). 

Шүкір етуш жомарт байлардың бар болғанына кедей-кепшіктер қуанып, Аллаға шүкір етеді. Көктемнің жаңбыры топырақты қалайша берекеттендіретін болса Алланың жомарт әрі мейірімді құлдары, мұқтаж және ғаріптерге мейірбандықтың дәнекері болады. 

Сондықтан ғибадаттың басқа бір көрінісі - бай болсын, кедей болсын әркім Аллаға деген «мұқтаж екендігін (пақырлық халін) ұғып, үнемі Аллаға мұқтаж екендігінің сезімімен өмір сүру болып есептеледі. Ислам даналары осы пақырлық халінде болудың қадірін түрліше баяндаған.

Сахаба Жабир былайша риуаят етеді:

«Кішкентай бір бала Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) алдына келіп шешесінің көйлек сұрап жатқанын айтты. Сол кезде Расулулланың (с.а.у.) үстіндегісінен басқа көйлегі жоқ еді. Сондықтан балаға басқа бір күні келуін айтып жіберді. Бірақ бала біраздан кейін қайтып келеді де, шешесінің Хазірет Пайғамбар киіп жүрген көйлекті сұрап жатқанын айтады. Сонда Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) бөлмесіне кіреді де көйлегін шешіп балаға берді. Сол кезде намаз уақыты кіргендіктен Біләл (р.а.) азан шақыра бастады. Бірақ киетін нәрсе таба алмаған Алла елшісі (с.а.у.) жамағатқа қатыса алмады. Сахабалардың кейбіреулері алаңдап Пайғамбардың (с.а.у.) бөлмесіне кіреді, оның көйлексіз отырғанын көріп, (оның жалғыз киісін садақа етіп беріп жібергенінен) қатты әсерленді».

Инфақ, Алла үшін орындалатын ғибадат болғандықтан, берілген нәрселердің тікелей Аллаға бағышталғандай болатынын білу қажет. Хадис шәріпте былай айтылған: «Садақа әлі мұқтаждың қолына түспей тұрып Алланың (құдірет) қолына баратыны сөзсіз (Яғни мұқтажға берілген зекет пен садақаны алдымен Алла алады, кейін пақырға беріледі!)» (Минауи, Кунузул-Хақайқ 34). Құран Кәрімде осы ғибадаттың маңыздылығын айқындау үшін астарлы түрде: 

«Садақаларды Аллаһ алады» деп айтылған (Тәубе сүресі,104-аят).

 

"Ораза, зекет, садақа" атты кітаптан.
"Хикмет" баспа үйі, Алматы-2009 ж.

0 пікір