Құранда неге айды "нұр", ал күнді "шам" деп атаған?
Құранда неге айды "нұр", ал күнді "шам" деп атаған?
4 жыл бұрын 14937

Құран Кәрім Ай мен Күннің екеуі екі бөлек құбылыстар екендігін ашық білдірген. Ол жайында қасиетті Кітапта былай делінеді:

أَلَمْ تَرَوْا كَيْفَ خَلَقَ اللَّهُ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ طِبَاقًا ﴿١٥﴾ وَجَعَلَ الْقَمَرَ فِيهِنَّ نُورًا وَجَعَلَ الشَّمْسَ سِرَاجًا

«Көрмедіңдер ме, Алла Тағала жеті қабат аспанды бір-біріне үйлесімді етіп, қалай жаратқан? Олардың ішінде айды «нұр», ал күнді «шам» қылып жаратты!»[1].

«Нәбә» сүресінде Күннің құрамы жайында былай делінеді:

«Төбелеріңе жеті қабат мықты аспанды тұрғыздық. Жарқыраған шырақ жараттық»[2].

Ал «Фұрқан» сүресінде ай - «мунир», яғни нұр шашушы, жарық беретін деп сипатталған:

تَبَارَكَ الَّذِي جَعَلَ فِي السَّمَاءِ بُرُوجًا وَجَعَلَ فِيهَا سِرَاجًا وَقَمَرًا مُّنِيرًا

«Сондай мол игілік иесі Алла, аспандағы жұлдыздардың орнын жаратып, онда бір шам (күн) және сәуле (нұр) беруші айды жаратты»[3].

Осы соңғы аятта Ай «мунир», нұр беруші, жарық беруші деп сипатталған. «Мунир» сөзі нұр сөзімен түбірлес болып келеді.

Аталмыш аяттарда Ай өзінің жарығын басқадан алғандығы үшін, Алла Тағала оны «Нұр» деп атап отыр. Ал, Күн (жарық өзінен шыққандықтан) шыраққа (сирәж) немесе көз қаратпастай жарқырап тұрған шамға (сирәжән уәһһәжә) ұқсатылған.

Осы жерде бір мәселеге назар аударта кетелік.

Бұрмаланған Таурат (Тора) кітабында Күн мен  Айды «жарықтар» деп атап, бұлардың біреуін «үлкен», екіншісін «кішкене» деп сипаттайды. Алайда Құран Кәрім Күн мен Айдың бір-бірінен бөлек жаратылыстар екендігін айтады. Сонымен қатар екеуінің жарықтары бірдей еместігін де айқын түрде баяндаған.

Қазіргі таңдағы ғылым бойынша, ғарышта жылуы мен жарығы бар аспан денелеріне «жұлдыз», ал өзінің тәуелді болған жұлдызынан алған жылу мен жарықты шағылыстырған аспан денелерін «планета» деп атайды. Сондықтан, Күн құс жолы галактикасында орналасқан жұлдыздың бірі. Жер болса, планета. Ал, Ай жердің серігі (спутнигі). Яғни, Жер мен Ай өздеріндегі жылу мен жарықты Күннен алады. Ол екеуі күннің жарығын шағылыстырушы ғана. (Сол себепті болса керек, Айды Алла Тағала «нұр» деп атап отыр).

Екіншіден, Ай қозғалысындағы мерзімдер арқылы заман мен уақыт өлшемдерін анықтайтын құрал ретінде адамзаттың пайдасына ұсынылған. Ол жайында Құран Кәрімде былай делінеді:

«...Жылдардың санын, (уақыттың) есебін білулерің үшін Айға бекеттер белгілеп қойған – Ол (Алла). Алла бұларды (бостан босқа емес), тек (хикмет пен) шындық бойынша ғана жаратты. Білетін қауым үшін Алла Тағала аяттарын ашық баяндайды»[4].

Ай мен Күннің өз орбиталарында айналатындықтары жайында Құранда

Ай мен Күн туралы "Ясин" сүресінде былай баяндалады:

«Күн өзі үшін белгіленген орнында аға береді (айналып тұрады). Міне бұл – Әзиз де Ғалым Алланың белгілемесі. Ай үшін де орындар (орбита) белгіледік. Ақыры, ол қураған құрманың бұтағындай  (жаңа туған ай) болып, кері оралады. Күн Айды қуып жете алмайды. Түн күндізді басып оза алмайды. Әрқайсысы (өз орбитасында) жүзіп, жүреді». (Ясин сүресі, 38-40 аят).

Осы Құран аяты түскен кезеңде, яғни 7 ғасырда Ай мен Күннің белгілі бір орбитада айналатындықтарын ойлаудың өзі мүмкін емес құбылыс еді. (Бірақ, Құран ол жайында астарлап жеткізіп отырған және оның ишара еткен ақиқаты 14 ғасыр өткеннен кейін бірақ анықталуда. Бұл да Құран Кәрімнің Жаратушы Алла Тағаланың сөзі екендігінің дәлелі).

"Рахмет самалы және Құран мұғжизасы" атты кітаптан.
Авторы: Осман Нұри Топпаш.



[1] Құран Кәрім: «Нұх» сүресі, 15-16 аяттар.
[2] Құран Кәрім: «Нәбә» сүресі, 12-13 аяттар.
[3] Құран Кәрім: «Фұрқан» сүресі, 61 аят.
[4] Құран Кәрім: «Юнус» сүресі, 5 аят.

0 пікір