Құран тағылымы: Білген ілімін іште сақтап, жасырып қалуға болмайды.
Құран тағылымы: Білген ілімін іште сақтап, жасырып қалуға болмайды.
3 ай бұрын 3252
«Бақара», 159-160 аят тәпсірі

إِنَّ الَّذِينَ يَكْتُمُونَ مَا أَنزَلْنَا مِنَ الْبَيِّنَاتِ وَالْهُدَىٰ مِن بَعْدِ مَا بَيَّنَّاهُ لِلنَّاسِ فِي الْكِتَابِ ۙ أُولَٰئِكَ يَلْعَنُهُمُ اللَّهُ وَيَلْعَنُهُمُ اللَّاعِنُون

 إِلَّا الَّذِينَ تَابُوا وَأَصْلَحُوا وَبَيَّنُوا فَأُولَٰئِكَ أَتُوبُ عَلَيْهِمْ ۚ وَأَنَا التَّوَّابُ الرَّحِيمُ

«Біз адамдарға кітап арқылы дұрыс жолды айқындап бергенімізден кейін де, біз аян еткен дәлелдер мен тура жолды жасырып бүркемелейтіндерге Алла лағынет жаудырады. Қарғыс айтатындар да лағынет жаудырады. Бірақ, тәубе етіп, (өз істерін) түзеткендер және шындықты айқындағандар басқа. Мен олардың тәубесін қабылдаймын. Шынында мен, тәубе қабылдағышпын, ерекше мейірімдімін». («Бақара» сүресі, 159, 160 аяттар).


Аяттағы кейбір сөздердің тілдік мағыналары: 

  • «Кәтм»-«жасыру». Имам Әлусидің анықтамасы бойынша, «әл-Кәтм» сөзі араб тілінде, бір нәрсені қажет болып тұрған кезде әдейі жасырып қалу дегенді білдіреді. Бұл (кәтм ісі) - қажетті нәрсені жасырып қалу арқылы болуы мүмкін немесе қажет нәрсені жойып, оның орнына басқа нәрсені ауыстырып қою арқылы жүзеге асуы мүмкін. Кезінде яһуди дініндегілер Таурат кітабындағы Мұхаммед пайғамбарға қатысты мәліметті жасырып және өзгертіп тастаған болатын (сондықтан мұнда «китмән» сөзі қолданылып отыр)».
  • «әл-Бәйинәт» - айқын дәлелдер. Бәйинәт деген, ақиқатты көрсетер ашық дәлелдер деген мағынаны білдіреді. Бәйинәт - ашық дәлел, айғақ деген сөз. Жоғарыдағы аятта «байинат» деп, Таурат пен Інжіл кітаптардындағы Алла Тағаланың Мұхаммед пайғамбардың келетіні жайында баян еткен сөздері айтылып тұр.
  • Бұрындары Яһуди мен Христиан дініндегілер қасиетті кітаптарындағы кейбір үкімдерді керек кезде адамдарға айтпай, жасырып қалатын болған екен, әсіресе, адамдардың және ізбасарларының Исламға сеніп, мұсылман дініне өтіп кетпесін деп, кітаптарындағы ең соңғы пайғамбардың келетініне қатысты білдірілген кейбір мәліметтерді адамдарға айтпай жасырды. Сондай-ақ, өздерінің қасиетті кітаптарындағы кейбір үкімдерді де жасырды немесе өздерінің мүдделеріне сай өзгертті. Олардың осындай тірліктерін Алла Тағала Құранда бірнеше аятта ашық сынаған. 

Аяттың мәні

Тәпсірші ғұламалардың айтысы бойынша, жоғарыдағы аят - Исламның алғашқы жылдарындағы Яһудилерге қатысты түскен екен, алайда, бұл аяттың мұсылмандарға да қатысы барын жоққа шығармайды, сондықтан да, аят тек яһуди дініндегілерін ғана қамтиды деп түсінбеу керекпіз. Өйткені, әдетте қасиетті аяттарда бір қауымды сынап айтқан болса, оның астарында мұсылмандарға да жолдау бары сөзсіз - мұсылман ондай қателікке ұрынбасын деген ескерту жатады. Сондықтан да, аятта білдірілгендей, оқыған мұсылман адам айтылуы керек жерде және айтылуы қажет жерде діннің үкімдері мен тағылымын адамдарға айтпай, жасырып қалуы күнә болады екен. Бұған қатысты Алла елшісінің мынадай бір хадисі де жеткен: «Кім біреу бір нәрсені білу үшін сұрағанда, (біле тұра) айтпай жасырып қалса, қиямет күні ол адам оттан жасалған бір жүгенмен жүгенделеді» деген. (Ибн Мәжә, «Сүнән»). Және де ардақты сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) мына бір сөзі де тақырыбымызды аша түсері хақ: «Құранның мына бір аяты болмағанда, біз сендерге ешқандай хадис айтпайтын едік. Ол аят: «біз аян еткен дәлелдер мен тура жолды жасырып бүркемелейтіндерге Алла лағынет жаудырады» деген аят». 

Құран үйреткені үшін және діни ілімдер үйреткені үшін ақы алуына бола ма? 

Ендеше, оқыған-тоқыған дін ілімін іште сақтамай, білген-түйгенін елге жаю Құранның мұсылман үмбетіне берген бұйрығы екен. Енді осы тұрғыда, Құран үйреткені үшін және діні ілімдер үйреткені үшін ақы алуға бола ма? - деген де сауал ойға оралады. Бұған байланысты жауапты - алғашқы буын ғұламалардың жауабы және кейінгі буын ғалымдарының берген жауабы деп бөліп қараған дұрыс.

  • Алғашқы буын дін ғалымдарымыз Құранды болсын, мейлі діні ілімдерді болсын ақыға үйретуге болмайды, күнә деген болатын. Өйткені, жоғарыдағы аятта Алла Тағала біздерге ілімді жасырмай, елге жаюды бұйыруда. Пендеге істеуі міндет болған ісі үшін ақы алғаны жөн емес дейді олар. Оның үстіне ілім де ғибадат, әрі құлшылық саналады. Ал құлшылықты ақыға үйретпейді.
  • Кейінгі буын дін ғалымдары болса, заман мен адамдардың өзгергеніне қарап және мұсылмандардың діни ілімді үйретумен шұғылданудың орнына, дүние іздеп, ақша табудың соңынан кеткенін назарға ұстап: «егер, жалақы тағайындап, арнайы айлыққа байламасақ дін дәрісін жүргізер адам қалмайтын түрі бар» дейді де, діни ілімді үйрету үшін ақы алуға болады деген тоқтамға келкен. Содан бері неше қайрымдылық қорлар құрылып, жомарт жандар ақшалай көмек беріп, көптеген діни оқу орындары ашылды және ондағы мұғалімдерге айлық тағайындала бастады.

Аяттан алынар тағылымдар келесідегідей:

  1. Яһуди мен христиан діндері өкілдері адамдар жаппай мұсылман болып кетпесін деген оймен, кезінде соңғы пайғамбарға қатысты қасиетті кітаптарында айтылған мәліметті жасырған немесе өзгерткен.
  2. Білімді ғалымдардың алған ілім-білімдерін елге үйретпей, жасырып қалулары - Алла Тағаланың олардың мойнына артып қойған аманатқа қиян болып саналады.
  3. Адамдардың бәрі һидаят табу үшін дін ілімін жаю және діннің негіздерін адамдарға жеткізу - уәжіп.
  4. Кімде-кім біле тұра әрі қажет болып тұрса да шариғат үкімін айтқысы келмей жасырып қалса, мысалы, біреу сұраған кезде т.б., оған періштелердің және мүміндердің қарғысы болады.
  5. Тәубе еткен кісіге тек тәубенің өзі жеткіліксіз, онымен бірге жүріс-тұрысын дұрыстап, ықыласпен амал етуі де тиіс1.

Әлхамадулилләһи Раббиль аләмин!


1  Мәліметтер Мұхаммед Али ас-Сабунидің «Ахкам аяттардың тәпсірі» атты кітабынан ықшамдап алында. Араб тілінде. 1/145 бет.

0 пікір