Мұсылман өнертапқыштар әлемді қалай өзгертті?
Мұсылман өнертапқыштар әлемді қалай өзгертті?
6 жыл бұрын 5691
Арайлым ӘБУБӘКІРОВА, Нұр-Мүбарак университеті, «Дінтану» мамандығының магистранты

Кофеден бастап сабынға, дәрі-дәрмекке дейін ... Батыс әлемі бүгіндері өз өмірлерінің ажырамас бөлігіндей қарайтын қарапайым, күнделікті өмір әдеттері, тұтыну заттары Мұсылман әлемінен бастау алғанын ешкім біле бермейді. Осы шағын мақаламызда біз әлемге мұсылмандар ұсынған «жаңалықтардың» біразын келтіргелі отырмыз.

Кофе

1. Эфиопияның Каффа деп аталатын оңтүстік аймағында Халид атты араб ешкі бағумен айналысқан екен. Бірде ол өз жануарларының бір жидекті жеген кезде шапшаң, тез қимылдауға бейім болып кететіндігін байқайды. Ол сол жидек дәндерін жинап алып, суға салып қайнатады. Осы кезде иісі мұрын жарған ең алғашқы кофе дайын болады. Бұл дәндердің Эфиопиядан тұңғыш рет шетке шығарылуын Йеменнен таба аламыз. Ол жерде мұсылмандар кофені арнайы жағдайлардағы түнгі намаздарды оқу кезінде сергек болу үшін ішкендігі жайлы жазылады. XV ғасырдың соңына қарай кофе дәндері Мекке мен Түркияға жеткізіледі. Ал Түркиядан 1645 жылы ғана Венецияға келіп, Еуропа кофе сусынымен танысады. Англияға кофені 1650 жылы Лондонның қазіргі кездегі ең гүлденген аумағы Ситиде ең алғашқы кофе дүкенін ашқан П.Рази атты түрік азаматы алып келеді. Араб тіліндегі жер атауы болған «qahwa» түрік тіліндегі «kahve» деген сөзге айналып, италиян тіліне «caffe», ағылшын тіліне «coffee» болып енді.

Камера

2. Ежелгі гректер біздің көзіміз көру қабілетіне ие болу үшін лазерлік құрылғылар секілді айналаға сәуле шашады деп ойлаған. Жарықтың көзден тарамай, қайта сырттан келген жарық сәулелерінің көзге енетіндігін түсінген алғашқы адам Х ғасырда өмір сүрген мұсылман математигі, астроном және физик ибн әл-Хайзам болды. Ол терезе саңылауынан жарықтың бөлмеге қарай қалай енетіндігін бақылай отырып, алғашқы тар саңылаулы камераны жасап шығарды. Камера саңылауы тар болған сайын, алынатын сурет сапасы жақсырақ болатындығын зерделеп, ол ең бірінші обскуралық камераны жасап шығарды. «Камера» сөзінің өзі араб тіліндегі «qamara» деген, яғни қараңғы не жеке бөлмеге арналған атау сөзден шыққан. Бұл ғалым осы еңбегімен физиканы философиялық білім саласы дәрежесінен тәжірибелік ғылымға айналдырған зерттеуші болып табылады.

Шахмат

3. Шахматтың алғашқы түрі ежелгі Үндістанда танымал болғанымен, бүгіндері біз шахмат деп танитын күйге ол Парсы аймағында келтірілген болатын. Осы жерден батысқа қарай бұл ойын Х ғасырда Испанияда билік құрған мұсылмандар арқылы жеткізіліп, Еуропада танылса, шығыста Жапонияға дейін жетті.

Парашют

4. Мың жылдан астам уақыт бұрын мұсылман ақын, астроном, инженер Аббас ибн Фирнас ұшатын машина құрастыруға бірнеше рет талпыныс жасады. 852 жылы ол Кордовадағы Үлкен Мешіт мұнарасынан ағаш бағаналарға бекітілген үлкен мата бөлігінен жасалған ерекше құрылғымен секіреді. Ол құс сияқты қалықтауды үміт етеді. Үміті ақталмайды. Бірақ жаңағы мата оның құлауын жеңілдетеді. Дәл осылай адамдар алғаш рет парашют қалай жұмыс істейтініне куә болды. 875 жылы, жасы 70-ке жеткен кезде, ол өз машинасын жібек және бүркіттің қауырсындарын қосып жетілдіре түсіп, тағы да бір рет таудан секіріп көреді. Ол біраз биіктікке көтеріліп, он минуттай аспанда қалықтайды, бірақ қонар кезде машинасы қирап қалады. Ол мұның себебі – машинаның құйрық бөлігі болмағандықтан деп дұрыс қорытынды жасайды. Бүгінде Бағдат халықаралық әуежайы, Айдағы бір кратер осы ғалымның атымен аталады.

Сабын

5. Тазалық және жуыну мұсылмандар өмірінің, олар үшін міндетті діни ұстанымдардың ажырамас бөлігі болып табылады. Сол себепті де болар, бәлкім, біз қазіргі кезге дейін қолданып жүрген сабынның құрамын мұсылмандар жетілдірген. Ежелгі мысырлықтар осыған ұқсас сабынды қолданса, Рим тұрғындар оны жуыну үшін емес, шаш әрлеу үшін қолданған екен. Арабтар көкөністер майын натрий гидрооксидімен қосып, тасшөп майы секілді хош иісті заттармен араластырып, иіс сабын жасап шығарған болатын. Крест жорығына қатысқандардың мұсылмандар үшін ең жаман көрінген қасиеттері – ұзақ уақыт жуынбай, қолаңсы иіспен жүре беруі. Сусабын болса Англияға 1759 жылы теңіз жағалауындағы Брайтон атты қалада «Мұхаммедтің үнділік иістер дүкені» деген атпен сауда орнын ашқан мұсылман арқылы таныс болды. Ол кейіннен Джордж IV және Уиллиям IV патшалардың тазалық бойынша кеңесшісі ретінде тағайындалды.

Химия

6. Дистилляцияны, яғни қайнау деңгейіндегі айырмашылықтарға байланысты сұйықтықтарды ажыратуды 800 жыл бұрын исламдық алдыңғы қатарлы ғалымдардың бірі Жабир ибн Хаййан ойлап тапқан болатын. Ол бүгіндері де қолданылатын сұйылту, кристалдандыру, дистилляция, тазалау, оттегімен байыту, буландыру, сүзгі секілді құралдарды жасап шығару арқылы алхимияны химияға өзгертті. Ол күкірт және азот қышқылын ашып, айдау кубын ойлап тапты, сол арқылы күлгін су, түрлі иіс сулар, алкогольды негіздер жасап шығарды. Ибн Хаййан жүйелі тәжірибелерге басымдық беріп, заманауи химияның негізін салды.

Робототехника

7. Білікшелі білекше – айналмалы қозғалысты түзу сызықтыға айналдыратын құрылғы. Ол заманауи әлемдегі машиналар үшін орталық құрылғы болып табылады, дәл іштен жану қозғалтқышы секілді. Адамзат тарихында механика саласындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі болып табылатын бұл жүйе әл-Жазари атты ұшқыр ойлы мұсылман инженер тарапынан егістік жерлерді суару үшін ойлап табылған болатын. Оның «Ерекше механикалық құрылғылар жайлы білім кітабы» атты 1206 жылы жазылған еңбегі ол тағы клапандар мен поршеньдердің алғашқы нұсқаларын жасап шығарып, су және салмақ арқылы қызмет ететін механикалық сағаттардың жобасын құрғандығын, осы себепті робототехниканың атасы ретінде саналуға әбден лайықты екендігін дәлелдей түседі.

Киім тігу әдісі

8. Астар салып тігу, яғни екі мата бөлігінің арасына жылы, жұмсақ мақта, жүн сияқты зат салып тігу Мұсылман әлемінде ойлап табылды ма, не мұсылмандарға Үндістан мен Қытайдан келді ме, нақты белгісіз. Бірақ Батыс әлеміне киім өндірісіндегі бұл әдіс Крест жорығына қатысқандар арқылы мұсылмандардан келгеніне дау жоқ. Жорыққа қатысушылар өздерінің темірден жасалған, ыңғайсыз ауыр сауыттарымен алысып жүргенде, мұсылман жауынгерлер сабан толтырылған әрі жеңіл, әрі жылы сырт киімдерімен оларды таңдандырған болатын. Кейіннен бұл киім тігу әдісін батыстықтар жетілдіріп, солтүстік аймақтарында кең қанат жайған өндіріске айналдырды.

Сәулет өнері

9. Еуропалық Готика стиліндегі кафедралды соборлардағы ең танымал белгілердің бірі – әшекейлі үшкір аркалар – исламдық сәулет өнерінен алынған жаңалық. Ол римдік және нормандық сәулетшілер қолданған дөңгеленген аркалардан әлдеқайда мықты, төзімді болды. Сол себепті бұл аркаларды биігірек, үлкенірек, күрделі құрылымды ғимараттарда салуға мүмкіндік пайда болды. Мұсылман өнертапқыштарынан алған басқа да құрылыс жүргізу әдістерінің қатарынан жіңішке тілімдермен әшекейлеу, терезе жақтауларын ойып жасау, күмбезді ғимараттар салу да табылады. Еуропалық қорғандар Ислам әлеміндегі қорғандардың көшірмесі болды. Олар мұсылмандар тұрғызатын қорғандарды көргеннен кейін дәл солардай етіп садақшылар орны, күзетшілер мұнарасы бар, қорғауға ыңғайлы дөңгелек қорғандар сала бастады. Генри V патшаның сарайын жобалаған сәулетші де мұсылман болған.

Біз келтірген мәліметтер Ислам дінінің нәрімен сусындаған, тәуекел етудің пайдасын және жолын білетін, ниетін туралап, соған сай амал ете алатын мұсылмандардың әлемге, болашақ ұрпақтарына қалдырған жаңалықтарының бір ұшы ғана. 14 ғасырдай уақыт аралығында мұсылмандар қалыптастырған ұлы мұраның қаншама қатпары өз зерттеушілерін, шаңын қағып әлемге таныстырар тұлғаларын күтіп, жасырын жатқанын кім білсін?! 

1 пікір