«Кім жұма намазына себепсіз бармаған болса, бір динар садақа берсін...»
«Кім жұма намазына себепсіз бармаған болса, бір динар садақа берсін...»
1 ай бұрын 3683

Сахаба Сәмра ибн Жүндіб риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген екен:

(من ترك الجمعة من غير عذر فليتصدق بدينار، فإن لم يجد فبنصف دينار)

«Кімде-кім жұманы үзірсіз (басқа нұсқасында «әдейі» делінген) тәрк еткен болса, бір динар садақа берсін. Егер бір динар таппаса, жарты динар берсін». Әбу Дәуід. «Сүнән».

Тағы бір риуаятта былай делінген:

(من فاته الجمعة بغير عذر فليتصدق بدرهم أو نصف درهم، أو صاع حنطة أو نصف صاع)

«Кімде-кім жұманы себепсіз жіберіп алса, бір дирхам садақа жасасын. Немесе жарты дирһам. Не болмаса, бір саъ бидай берсін не жарты саъ бидай садақа берсін (не оның құнын)». Әбу Дәуід. «Сүнән».

«Саъ» (صَاعٌ) – ертеректе қолданылған сусымалы заттардың өлшемі, бір саъ шамамен 2-3 кг.
«Динар» - Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында қолданылған алтын ақша түрі.
«Дирхам» - Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында қолданылған күміс ақша түрі.


Ибн Хажар әл-Мекки бұл хадистің түсіндірмесін бере отырып былай деп өтеді:

«Садақа беру жұманы себепсіз тәрк етудің күнәсін толығымен жуып-шаймайды. Олай десек, мына бір хадисте айтылғанға қайшы келер еді: «Кім жұма намазын себепсіз тәрк етсе, онысына қиямет күнінен басқа кәффәрат жоқ». (Хадис). Дегенмен, садақа беру арқылы күнәсін жеңілдеткен болады».
«Бір динар мен жарты динардың тілге алынуы – ең кәміл түрдегісін білдіру үшін. Сондықтан да, екінші риуаяттағы «бір дирхам немесе жарты дирхам, яки бір саъ бидай, не жарты саъ бидай» деп тілге алынуында ешқандай қайшылығы жоқ. Бір динар кәміл түрдегісін білдірсе, екінші риуаятта айтылғандар – жұмаға бармаған кісінің ең аз беруі мұстахаб болған мөлшерін білдірмек».

Ғұлама әс-Сәнди жоғарыдағы хадиске байланысты былай дейді:

«Үкім – садақа беру жөнінде. Өйткені жақсы істер – жаман істерді кетіреді. Және де, хадистен де байқалып тұрғандай, ондағы бұйрық рай түріндегі сөз – уәжіп үкіміне емес, мұстахаб үкіміне ишара (яғни, ондай жағдайда садақа берудің мұстахаб екендігін білдіреді). Сол себепті, хадисте бір дирхам мен жарты дирхам арасында таңдау жасалып отыр. Осы тұрғыда, жұмаға себепсіз бармаған кісі садақа берумен қатар, тәубе етуі де тиіс. Тәубе – күнәні өшіреді». («Ъаунуль Маъбуд»).
А. Қасым
 
 
0 пікір