Жұма намазының 10 әдебі
Жұма намазының 10 әдебі
10 ай бұрын 3308
А. Қасым

Жұманың әдептері келесідегідей:

1) Жұмаға бейсенбіден әзірлену. Мұсылман адам жұмаға бейсенбі күннен бастап дайындалғаны абзал - оның берекесін күннен бұрын күтіп, бейсенбі күннің асыр намазынан кейін дұға жасап, тәспіх тартып, истиғфар айтып Алладан жарылқау тілегені жөн. Өйткені бұл сәт - жұма күні жасырулы болған сәтке дәл келеді.

2) Жұма күні азанда (таң намазынан кейін) шомылу. Егер жұмаға ерте бармайтын болса, жұмаға баратын уақытқа жақын сәттерде жуынғаны таза болу жөнінен абзалырақ. Жұма күні шомылып ғұсыл құйыны бекітілген ұнамды іс (мұстахаб), тіпті бірен-саран дін ғалымдары жұма күні ғұсыл құйынуды уәжіп деп санаған.

3) Сәндену. Жұма күні сәндену - мұстахаб амал (ұнамды іс). Сәндену ісі үш түрлі жүзеге асады:

  • Таза киім кию. Киімнің ең жақсысы - ақ түстісі. Елден ерек көрсетер және қара түсті киім кимеген жақсы.
  • Тазалану. Тісін мисуакпен тазалау, түктерін тазалау, тырнақтарын алу, мұртын қысқарту т.б.
  • Хош иіс себіну. Жұма күні хош иіс себініп, қасындағыларға да ұсынған жақсы. Еркектердің хош иісі - түссіз, бірақ аңқыған өткір иісті болғаны жөн, ал әйелдердікі - түсті, бірақ иісі аңқымаған болмағы ләзім.

4) Мешітке ерте бару. Мешітке мүмкін болса екі немесе үш фәрсахтық жолмен барғаны жақсы және ерте азанымен барған абзал (бір фәрсах - 12 мың қадам). Жұмаға бару уақыты таң намазының уақытан басталады (сол уақыттан бастап, жұма уақытына дейінгі аралықта мешітке ерте баруға болады). Жұма намазын оқу мақсатында мешітке ерте келудің сауабы үлкен.

5) Мешітке кіру әдебін сақтау. Мешітке кіргенде адамдардың үстінен аттап-пұттап өтпеген дұрыс, адамдардың алдынан мүмкін болса кеспеген жақсы. Мешітке ерте барудың бір пайдасы осы олқылықтарды болдырмайды. Жамағаттың үстінен аттап-пұттап өтушілерге қатысты қатаң ескерту хадистерде айтылған. (Мешітке кірерде арнайы мешітке кіру дұғасын да оқып кірген сауапты).

6) Намаз оқып тұрғанда өзгелердің оның алдынан кесіп өтпеуін қадағалау. Ол үшін бір тіректің артында немесе бір дуалға жақын бір жерде отырған жақсы (немесе алдына бір зат қойып, оқығаны жөн, алдына бір зат қоюды сүтра дейді).

7) Бірінші саптан орын алуға тырысу. Өйткені бірінші саптың сауабы мол. Намазда бірінші сапта тұрудың сауабының молдығы жайында бірнеше хадис жеткен.

8) Имам құтпа оқуға шыққанда сөйлемеу және намаз оқымау. Ол кезде тек азаншының азанын және имамның құтпасын тыңдауы тиіс.

9) Өзге намаздардың шарттары мен сүннеттеріне жұма намазын оқығанда да мән беру. Намазда имамға ұйып имамның қырағатын тыңдау керек. Жұма намазынан кейін фатиха, ықылас және фалақ пен нас сүрелерін мүмкін болса жеті мәртеден оқыған абзал. Бұл ол үшін келесі жұмаға дейін жын-шайтандарға қарсы қалқан болады.

10) (Егер жұмысы, шаруасы болмаса) екінтіге дейін мешітте қалып, екінті намазын күту. (Жұмысы болса мешіттен шығып, шаруаларына оралуына болады). Кейбір мәліметтерде жұма намазын оқып болып, екінті намазына шейін мешіттен шықпай отырған кісіге бір қажылықтың сауабы берілетіндігі айтылған1.


1Мәліметтер Имам Ғазалидің (р.а.) «Ихия улумиддин» атты кітабынан ықшамдап алынды.

0 пікір