Құрбан шалудың сауаптылығы жөнінде айтылған хадистер
Құрбан шалудың сауаптылығы жөнінде айтылған хадистер
10 ай бұрын 2379

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрбан айт мейрамы - төл дініміздегі екі ұлық мейрамның бірі болса, ол күндері Құрбан шалып, қан ағызу үлкен сауапты іс. «Құдайың үшін намаз оқып, құрбан шал!» деп бұйырған Алла Тағала «Кәусәр» сүресінде. Құрбан шалу - Ислам рәміздерінің бірі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құрбан айтта Құрбан шалуға шабыттандыратын. Өзі де Құрбан айт күндер екі қошқар шалатын. Бірін - өзінің және отбасының атынан, екіншісін - мүмін-мұсылмандардың атынан шалған. Ал құрбан шалуға жағдайы келе тұра құрбан шалмайтындарға «кім жағдайы бола тұра құрбан шалмаса, намаз оқитын орнымызға жақындамасын!» деп қатаң сөгіс жариялаған. Осыдан келіп, Ханафи мәзхабында жағдайы бар қалталы мұсылманға Құрбан айтта құрбан шалу міндет саналған.

Құрбан шалудың сауаптылығы жайында бірнеше хадистер келтірілген. Солардың біршамасы төмендегідей мазмұнда:

1) Айша анамыздан (радияллаһу анһа) жеткен хадисте, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:

عن عائشة رضي الله عنها أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: (ما عمل آدمي من عمل يوم النّحر أحبُّ إلى الله من إهراق الدّم، إنّها لتأتي يوم القيامة بقرونها وأشعارها وأظلافها، وأن الدم ليقع من الله بمكان قبل أن يقع من الأرض، فطيبوا بها نفسا).

«Құрбан айт күндері адам баласының істейтін амалдарының ішінен Аллаға ең сүйкімдісі - қан ағызу (құрбан шалу). Шалған құрбаны қиямет күні мүйізімен, жүнімен және тұяқтарымен келеді (яғни, бәз қалпында алдынан шығады). Шалған құрбанының қаны жерге тамбай тұрып, Алланың құзырында өз орнын иемденіп қояды (яғни, мұсылман құрбанын шалар-шалмас Алла онысын қабыл етіп қояды). Олай болса, шын жүректен құрбандарыңды шалыңдар!». (Имам Тирмизи, «Сүнән»).

2) Сахаба Әбу Саъид әл-Худри (радияллаһу анһ) мынадай хадис жеткізген. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) қызына:

  يا فاطمةُ قومي إلى أُضحيتِك فاشهدِيها ، فإنَّ لكِ بأولِ قطرةٍ تقطُرُ مِنْ دمِها يُغفرْ لكِ ما سلف من ذنوبِكِ . قالت : يا رسولَ اللهِ هذا لنا أهلَ البيتِ خاصَّةً أو لنا وللمسلمِين عامَّةً ؟ قال : بل لنا وللمسلمين عامَّةً . مرَّتينِ

«Уа, Фатима! Құрбаныңның қасына барып, басығасында тұр. Шынында, құрбанның қанының әуелгі тамшысы тамар-тамбас сенің өткен күнәларың кешіріледі» дейді. Сонда Фатима (радияллаһу анһа): «Уа, Расулалла! Бұл біздің отбасымызға ғана тән үкім бе, әлде бізге және жалпы мұсылмандарға тән бе?» деп сұрады. «Бізге және барлық мұсылмандарға қатысты үкім» деп, Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі қайтара айтты». («Әл-Бәдруль Мунир»; Ил-Хәким, «әл-Мүстәдрак», Табарани, әл-Бәйһақи).

3) Сахаба Зәйд ибн Арқам (радияллаһу анһа) былай дейді:

قال : قال أصحاب رسول الله - صلى الله عليه وسلم - : يا رسول الله ، ما هذه الأضاحي ؟ قال : سنة أبيكم إبراهيم - صلى الله عليه وسلم - قالوا : فما لنا فيها يا رسول الله ؟ قال : بكل شعرة حسنة . قالوا : فالصوف يا رسول الله ؟ قال : بكل شعرة من الصوف حسنة . رواه أحمد ، وابن ماجه .

«Пайғамбарымыздың сахабалары Одан (с.а.у.): «Уа, Алланың елшісі! Құрбан шалу қайдан келген?» деп сұрады. «Аталарың Ыбырайым пайғамбардан жеткен амал» - деп жауап берді Алла елшісі (с.а.у.). «Ол үшін бізге қаншалықты сауап бар?» деп сұрады сахабалар. «Әрбір қылшығына сауап бар» деп айтты Пайғамбарымыз (с.а.у.). «Ал жүні қырқылмаған қойға ше, уа, Расулалла?» деп сұрады сахабалар (немесе "тоқтыға ше"). «Жүнді қойдың әрбір қылшығына сауап бар» деп жауап берді Алла елшісі (с.а.у.)". (Имам Ахмед, Ибн Мәжә риуаят еткен).

4) Сахаба Әнәс ибн Мәлик (радияллаһу анһ) былай дейді:

عَنْ أَنَسٍ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم انْكَفَأَ إِلَى كَبْشَيْنِ أَقْرَنَيْنِ أَمْلَحَيْنِ فَذَبَحَهُمَا بِيَدِهِ‏.‏

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) мүйізді екі ақ (қара-ала) қошқарына келіп, ол екеуін өз қолымен сойды». 

5) Сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) тағы бір сөзінде:

  { أن النبي صلى الله عليه وسلم كان يضحي بكبشين أملحين أقرنين } 

«Алла елшісі (с.а.у.) мүйізді екі ақ қошқарды құрбандыққа шалатын». (Бұхари, Мүслім). 

6) Тағы бір риуаятта: «Құрбандарыңның жақсысын шалыңдар. Шынында олар сырат көпірінде көлік болады». («Әлсіз хадис»).

7) Шалынған құрбанның етін мүмкін болса үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж отбасыға бергеннің сауабы мол. Мысалы, туыстардың арасында етке мұқтаж отбасы бар болса, солармен бөліскені қайырымды іс болмақ. Қалған бір бөлігін өзіне қалдырып, үшінші бөлігімен көрші-қолаңға ас берсе болады. Алла Тағала Құранда:

فَإِذَا وَجَبَتْ جُنُوبُهَا فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْقَانِعَ وَالْمُعْتَرَّ ۚ كَذَٰلِكَ سَخَّرْنَاهَا لَكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Қашан бүйірі жерге тисе (жаны шықса), оның етінен жеңдер және мұқтажға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер. Осылай оларды (малдарды) сендерге бағындырдық. Мүмкін шүкір етерсіңдер». («Хаж» сүресі, 36 аят). 

Алла Тағала шалған құрбандарыңызды қабыл етіп, мол сауаптан жазсын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

  

0 пікір