Желатиннің үкімі (фиқһи талдау)
Желатиннің үкімі (фиқһи талдау)
2 жыл бұрын 4641
Абдусамат Қасым

Желатин – хайуандардан алынған ақуызды заттардың (белок) қосындысы. «Желатин» сөзі латын тіліндегі «gelatus» сөзінен шыққан. Оның тілдік мағынасы: «тоңған», «тоңдырылған» дегенге саяды.  

Желатин – ірі қара малдардың немесе доңыздың сүйегінен, терісінен өңдіріліп жасалады. Кейде, судағы өсімдіктерден (балдыр) немесе балықтан да өндіріледі.

1) Доңыздың терісі мен сүйегінен өндірілген желатин. Доңыз хайуаны шариғатта «нәжәсуль айн» (болмысынан нәжіс, заты нәжіс) болып саналатындықтан, оның терісі де, сүйегі де қолдануға жарамсыз. Мұнда ижма бар[1]. Сәйкесінше, оның терісі мен сүйегінен алынған ақуыз да нәжіс болып саналады. Алайда, терісі мен сүйегінің бөлшектері өндіру процесі кезінде, реакцияға ұшырап, өздерінің болмыстарын жоғалтып, түбегейлі басқа затқа айналса, одан өндірілген желатин халал үкімін алады. Бұндай өзгеруді шариғатта «инқиләбуль айн» немесе «истихәлә» дейді. Бұған ескілікті кітаптарда: «Доңыздың тұзға айналғаны сияқты...» деп мысал берген[2]. Бірақ, шынымен де доңыздан жасалған желатин, өңделу барысында, болмысын түбегейлі өзгерте ме? Сол жөні үлкен сұрақ тудырады. Зерттеуші мамандардың сөзіне қарағанда, доңыздың терісі мен сүйегі желатин өндіру барысында түбегейлі өзгеріске ұшырамайды, яғни, «инқиләбуль айн» қағидаты толықтай жүзеге аспайды. Сондықтан да, бүгінде көпшілік дін мамандары доңыздан өндірілген желатинді қолдануға да, сатуға да үзілді кесілді қарсы.

2) Ірі қара малдардың терісі мен сүйегінен өндірілген желатин. Егер, шариғат талабына сай бауыздалған малдың сүйегі мен терісінен өндірілген желатин болса, ондай желатиннің халал екендігінде күмән жоқ. Ол жөнін талқыламаймыз. Мәселе - шариғат талабына сай бауыздалмаған немесе арам өлген яки бауыздалған не бауыздалмағаны белгісіз малдардың сүйегі мен терісінен өндірілген желатинде болып тұр. Мұндай желатиндерді екіге бөліп қарау керек:

  • Ірі қара малдың (және жалпы еті желінетін хайуанның) сүйегінен өндірілген желатин.
  • Ірі қара малдың (немесе жалпы еті желінетін хайуанның) терісінен өндірілген желатин.

Ірі қара малдың (немесе жалпы еті желінетін хайуанның) сүйегінен өндірілген желатин - Ханафи мәзхабы негізінде, таза саналады. Себебі, біздің мәзхабта өлексе малдың сезімсіз, фиқһ тілімен айтқанда жансыз, жаны болмайтын ағзалары таза үкімінде. Мысалы, сүйек, жүн т.б. Мәселен, Ханафи мәзхабында өлексе малдың жүнін қырқып алып пайдалануға болады. Өйткені, ол сезімсіз жаны жоқ ағзасы. Сол сияқты, сүйегі де таза саналады. Ендеше, Ханафи мәзхабы негізінде айтқанда: шариғат талабына сай бауыздалмаған немесе арам өлген яки бауыздалған не бауыздалмағаны белгісіз күмәнді малдардың сүйегінен өндірілген желатиндер таза, және де ондай желатинді азықтан өзге жерлерде қолдануға әрі сатуға, Ханафи мәзхабында, рұқсат.  

Ал, ірі қара малдың терісінен өндірілген желатинге келер болсақ. Ең әуелі мынаны білген жөн: арам өлген малдың терісі иленіп, белгілі бір өңдеуден өтіп, соның нәтижесінде сасып, бұзылмайтындай күйге енсе, шариғат заңы бойынша, ол тері – таза үкімін алады. Мұны кітаптарда «дибағ» дейді. «Һидая» кітабында: «Терінің сасып, бұзылуын болдырмайтын тәсіл «дибағ» саналады» делінген. Яғни, теріні тұздап, күнге кептіріп, соның нәтижесінде тері сасудан және бұзылудан арылса, ол тері «дибағ» яғни, иленген үкімінде деген сөз.

Қызық тарапы да сол, мәліметтерге қарағанда желатинді өңдеу барысында, әуелі малдардың терілері белгілі бір заттармен тазаланып, кептіріледі және терінің бұзылуына алып соғатын түрлі бактериялар мен микробтардан арылтады екен. Яғни, бейнебір «дибағ» (دباغ) – тері илеу ісі жүзеге асатынға ұқсайды. Сондықтан да, қазіргі таңдаға білікті Ханафи ғұламасы Шейх Мұхаммед Тақи Усмани (Алла оған разы болсын) желатин жасау кезінде мал терісінің арнайы өндеуден өтетіндігіне қарап: «Малдың терісінен желатинді өндіру кезінде малдың терісі белгілі бір өндеуден өтіп, «дибағ» ісі жүзеге асады, сәйкесінше одан өндірілген желатин де таза үкімінде» - деп тұжырым білдіреді[3]. Бұл дегеніміз, мейлі арам өлген болсын, мейлі шариғат талабына сай бауыздалмаған болсын, ірі қара малдың терісінен өндірілген желатин таза деген сөз. "Ондай желатинді сатуға және азықтан өзге нәрселерге пайдалануға болады" - дейді Шейх Мұхаммед Тақи Усмани. Мысалы, дәрі-дәрмектерге, крем, тіс пасталары т.б.

Қорыта айтқанда, доңыздың терісі мен сүйегінен өндірілген желатин – таза емес. Ондай желатинді пайдалануға да, сатуға да болмайды. Ал, шариғат талабына сай бауыздалмаған немесе арам өлген яки бауыздалған-бауыздалмағаны белгісіз ірі қара малдардың терісі мен сүйегінен өндірілген жалатиндер – таза үкімінде, ондай желатиндерді азықтан өзге дүниелерге қолдануға болады. Азықтарға тек шариғат талабына сай бауыздалған ірі қараның сүйек, терісінен алынған желатинді немесе өсімдіктерден өндірілген желатинді яки балықтан жасалған желатиндерді қолданған абзал. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] "әл-Мәусуъатуль Фиқһиятуль Куайтия". 1/121 бет.
[2] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр». 1\518 бет.
[3] Мұхаммед Тақи Усмани: «Фиқһуль Буюъ». 1\296 бет.

0 пікір