Бүгінгі таңда қоғамда отбасын құру мәселесі сөз болғанда, материалдық жағдай бірінші орынға шығып бара жатқандай әсер қалдырады. «Үйі бар ма?», «Көлігі қандай?», «Табысы қанша?» деген сұрақтар шаңырақ көтерудің негізгі шартына айналып бара жатқаны жасырын емес. Бұрынғы кезде отбасыда өзара махаббат пен сыйластық болса, отбасы бақытты болады деп айтушы еді, қазіргі таңда ақша болса отбасы бақытты болады дегенді жиі айтатындар шықты. Шын мәнінде олай емес. Отбасының бақыты өзара түсіністік пен қамқорлықта жатыр.
Білікті даналар айтады: «Жаман еркекті ақшасы көп болғанда танисың, жаман әйелді ақшаң жоқ болғанда танисың» деп. Ал негізінде ақша деген — қолдың кірі, ол бірде бар, бірде жоқ болуы мүмкін. Сол себепті, отбасының бақытын тек қана ақшаға тіреп қою — түптің түбінде бақытсыздыққа жетелейтін қате ұстаным. Асыл дініміз Исламның отбасы институтына деген көзқарасы да осыны меңзейді: Исламда отбасы ақша мен мал-дүниеге құралмайды! Неке — бұл екі байлықтың емес, екі жанның, екі таза ниеттің Алла разылығы үшін бірігуі.
Отбасы - материалдық серіктестік емес
Ислам шариғатында отбасы — бұл жай ғана бірге тұру немесе материалдық серіктестік емес, ол — қасиетті іс. Құран Кәрімде Алла Тағала ерлі-зайыптылардың арасына махаббат пен мейірім орнатқанын айтады. Шаңырақтың беріктігі банктік есепшотпен емес, өзара құрметпен, сабырмен және иманмен өлшенеді.
Материалдық байлық бүгін бар, ертең жоқ. Жоғарыда айтылғандай, егер отбасы тек дүниеге ғана негізделсе, сол дүние кеткен күні шаңырақ та шайқалады. Ал иманға, рухани құндылықтарға негізделген отбасы кез келген таршылық пен қиындыққа бірге төтеп бере алады.
Сахаба әйелдер мәһрге сүре үйретуге разы болатын
Осы тақырыпта бізге ең үлкен үлгі — пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) сахабалары. Бүгінде мәһрге (күйеу жігіттің қалыңдыққа беретін неке сыйы) қымбат көлік, пәтер немесе қомақты ақша сұрау сәнге айналған заманда, сахаба әйелдердің қанағаты мен парасаты бізге үлкен сабақ.
Сахабалардың кезінде дүние-мүлкі жоқ, тіпті мәһрге беретін темір жүзік те таба алмаған кедей сахабалар болған. Сондай сәттерде сахаба әйелдер мәһр ретінде материалдық байлықты емес, рухани қазынаны таңдаған. Олар өздеріне мәһр ретінде Құран сүрелерін үйретуге разы болаты.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сахабасына: «Өзің білетін Құран сүрелерін әйеліңе үйретуің — сенің мәһрің болсын» деп некелерін қиған кездері болған. Бұл — Исламның дүниеге емес, білім мен иманға қаншалықты мән беретінінің айқын дәлелі. Олар үшін Құранның бір аяты дүниенің бүкіл алтын-күмісінен қымбат еді. Бұл - бұл ма! Үмму Сүләйм (р.а.) Әбу Талханың Исламды қабылдауын мәһр ретінде есептеген тұғын.
«Ең берекелі неке — шығыны ең аз болғаны»
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әйелдердің ең берекелісі — мәһрі (неке сыйы, қалың малы) ең жеңіл болғаны», — деген. (Имам Ахмад, Бәйһақи). Қазіргі уақытта дүркіретіп той жасау, бірінен-бірі асырып мәһр сұрау жастардың үйленуін қиындатып, некесіздіктің көбеюіне алып келуде. Шаңырақ көтерген бойда несие мен қарызға батқан жастардың арасында береке қашып, ажырасулардың жиілеуі де осы материалдық қысымнан екені даусыз.
Ислам байлыққа қарсы емес, бірақ байлықты отбасын құрудың басты мақсаты мен шарты деп қарастырмайды. Ер азамат отбасын асырауға міндетті, бірақ қыз тарапы оның қалтасына емес, адамгершілігі мен иманына қарауы тиіс және еразаматына рухани демеу болуы тиіс деп үйретеді.
Қорыта айтқанда, отбасы — бұл сауда емес. Оның іргетасын материалдық кірпішпен емес, рухани құндылықтармен қалау керек. Сахаба әйелдердің мәһрге Құран сүресін сұраған шынайы махаббаты мен тақуалығы бүгінгі қоғамға үлкен ой салуы керек деп ойлаймын. Бақыт ақшаның көлемімен емес, жүректегі иманмен және үй ішіндегі тыныштықпен өлшенеді. Ал ақшаны алғы шарт деп қарау керісінше бақытсыздықты тудырады. Шаңырағымыздың берік, некеміздің берекелі болуын қаласақ, дүниеқоңыздықты емес, берекенің ұйытқысы болуды басты мақсат етейік.
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!