Итағаттың негізі үшеу. Күнәнің да негізі үшеу.
Итағаттың негізі үшеу. Күнәнің да негізі үшеу.
4 жыл бұрын 6043

Фиқһ ғалымы Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахимаһуллаһ) айтады:

Итағаттың (Аллаға бойсұнушылықтың) негізі үшеу. Олар:

  1. Қорқу (Аллаға деген қорқыныш).
  2. Үміт.
  3. Махаббат.

Аллаға деген қорқыныштың белгісі – харам істерді тәрк ету.

Үміттің белгісі – діни бұйрықтарды орындауда құштарлық.

Махаббаттың белгісі – ыстық ықылас және тәубе.

Күнәнің үш негізі бар. Олар:

  1. Тәкәппарлық. (менмендік, өзгені менсінбеушілік).
  2. Тойымсыздық. (немесе қанағатсыздық).
  3. Көре алмаушылық (іші тарлық).

Тәкәппарлық, бұл – Ібілістен шықты. Адамға сәжде ету әмір етілген кезде, Ібіліс тәкәппарланып, бас тартты. Соның нәтижесінде лағынетке ұшырап, малғұн атанды.

Тойымсыздық (немесе қанағатсыздық) болса – Адам атаның бойында көрініс тапты. Адам ата пейіште мәңгі қалу үшін тыйым салынған ағаштан жеп, нәтижесінде одан шығарылды.

Көре алмаушылық (іші тарлық) – Адам атаның ұлы Қабілде көрініс тапты. Ол өз інісінің жетістігін көре алмай оның жанына қастандық жасап, тозақтық болды.

Ендеше, әрбір адамның осы аталмыш күнәлардан бойын аулақ ұстап, Аллаға бойсұну жолында ыждаһаттылық танытулары міндет. Әрі, тағат-ғибадаттары Алла үшін орындалуы тиіс[1].


[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль ғофилин».

0 пікір