"Жан алқымына келгенде матаны кесе аласың ба..." (ғибрат хикая).
"Жан алқымына келгенде матаны кесе аласың ба..." (ғибрат хикая).
22 күн бұрын 3597
А. Қасым

Тігінші мен бір әулие кісі жолығып қалып, тігінші әулиеден сұрапты:

- Неге Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.): «Алла Тағала күнәһар пендесінің тәубесін жан алқымына келгенге дейін қабыл етеді» - деген? Осы хадисті қалай түсінуге болады? – деп сұрайды.

Әулие кісі болса жауап бермей тұрып:

-Кәсібің не? – деп тігіншінің өзіне сұрақ қояды.

- Тігіншімін. Киім тігемін, - деп жауап береді тігінші.

- Қанша жыл осы кәсіппен айналысудасың? – дейді әулие.

- Отыз жыл болды, - дейді тігінші.

- Тігіншілікте ең жеңіл іс қайсысы?  

- Ең жеңілі – қайшыны ұстап, матаны кесу.

- Жан алқымына келгенде матаны кесе аласың ба?

- Жоқ. Кесе алмаймын.

- Отыз жыл бойы істеп жүрген ісіңді жан алқымына келгенде істей алмайтын болсаң, өмірі еш жасамаған тәубені жан алқымына келгенде қалай жасамақсың? Сондықтан да, қазір мүмкіндігің бар да тәубе ет. Жан алқымына келгенде тәубеңді жасай алмауың мүмкін! – деп бұрылып кете барыпты.

Тігінші болса, күнәларына тәубе етіпті.

1 пікір