Әзіреті Әбу Бәкірдің жорыған түсі (радияллаһу анһу)
Әзіреті Әбу Бәкірдің жорыған түсі (радияллаһу анһу)
3 жыл бұрын 7482

Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари» атты хадис кітабында Әзіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) түс жорығаны жайында риуаят орын алған. Ол жағдайды Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Бір адам Алла елшісіне (с.а.у.) келіп көрген түсін былай деп айтып берді:

- Мен осы түні ұйқымда май мен бал жаудырып тұрған бұлт көрдім.  Адамдар алақандарын тосып, алып жатыр екен. Көп алғандар бар, аз алғандар бар. Және жерден көкке дейін жетіп тұрған бір жіп көрдім (немесе арқан). Сол жіптен ұстап, жоғарылағаныңызды көрдім (Пайғамбарға айтып жатыр). Кейін басқа бір ер адам жіпті ұстап, ол да жоғарылады. Одан соң, басқа бір ер адам жіпті ұстап, ол да жоғарыға көтерілді. Оның артынан басқа бір ер адам ұстады, бұл жолы жіп үзілді, бірақ артынан қайта жалғанды» - деп, көрген түсінін мәнін сұрады.

Сол арада Әбу Бәкір Пайғамбарымызға қарап:

 - Уа, Расуллалла! Әкем сенің жолында пида болсын, Уаллаһи, осы түсті жоруды маған қалдырыңызшы, мен жорыйын» - дейді.

Алла елшісі (с.у.а.):

- Оны жоры, - деп рұқсат береді.

Сонда Әбу Бәкір әлгі адамның түсін былай деп жорып берді:

- Бұлт - Ислам дінін білдіреді. Одан жауып тұрған бал мен май – жауып тұрған Құран Кәрімнің тәттілігі (жанға жайлылығы). Құраннан несібесін аз алатындар бар, көп алатындар бар.

Ал, аспаннан жерге дейін салаңдап тұрған жіп – Сенің жүрген хақ жолың (Пайғамбарға айтуда). Ол жолды ұстанған Сені Алла жоғарылатады. Сенен кейін оны ұстанған ер адам да, оның арқасында жоғарылайды (хақ жолымен жүргендігі үшін жоғарылайды, бұл жерде Әбу Бәкірге ишара). Одан соң ол жолмен басқа ер адам жүреді (Ол адам болашақта Омар болады). Ол да, оның арқасында (хақты ұстанғаны себепті) абырой табады, жоғарылайды. Одан кейін үшінші ер адам оны ұстайды, бірақ үзіледі, алайда қайта жалғанып, ол да биіктерге жоғарылайды (бұл Әзіреті Османға ишара)» - деп жорамалын аяқтады. Жорамалын аяқтағаннан соң Пайғамбарымыздан:

- Әкем сенің жолыңда пида болсын, айтыңызшы, жорамалым дұрыс па, әлде қате ме? – дейді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Кейбірін дұрыс айттың, ал кейбірінде қателестің, - деп жауап береді.

- Аллаға ант етейін, Уа Расуллалла! Қателескен жерімді айтсаңыз! – дейді өтініп. Пайғамбарымыз болса (с.а.у.):

- Ант іше бермегін, - деді (бірақ жорамалының қай жерінде қателескендігін айтпады)» - деп хадисті жеткізуші сахаба сөзін аяқтайды.

Пайғамбарымыздың «кейбірінде қателестің» деген сөзін, бірен-саран хадисшілер «кейбірін тастап кеттің» деп тәпсірлеген. Ал «Ант іше бермегін» деген сөзінен: «Ант ішпе, бәрібір айтпаймын» деген мағына шығарған.

Абдусамат Қасым 

0 пікір