Араб тілінен енгенін көп адам біле бермейтін кейбір қазақша сөздер
Араб тілінен енгенін көп адам біле бермейтін кейбір қазақша сөздер
2 жыл бұрын 30295
Абдусамат Қасым

Мамандардың айтуына қарағанда, қазақ тілінде күнделікті қолданыста қолданылып жүрген 3 мыңға жуық арабша сөз бар екен. Мысалы, бәріне белгілі кітап, дәптер, қалам т.б. бұлардың араби екендігін көпшілік біледі. Бірақ араб тілінен енгенін тек араб тілін білетін кісілер ғана аңғара алатын қазақиланып кеткен араби сөздер де баршылық екенін айтқым келеді. Олардың кейбірі мағына жағынан да өзгергенімен, ұңіле келе түпкі ұғымдары бір екенін көруге болады. Төменде сондай араби сөздердің бірсыпырасын беріп отырмыз:

1) ЛАҒУ (لغوٌ /ләғ-у). Араб тілінде «ләғу» сөзі – бос сөз, мылжын сөз дегенді білдіреді. Қазақ тілінде де бос сөз сөйлеуді, көпіруді «Лағу» дейді.

2) ТАМАҚ (طَمع / Тамағ) – Қазақ тілінде «тамақ» деп, «асты» айтады. Ал араб тілінде «Тамағ (ъ)» деп, тойымсыздықты, ашкөзділікті айтады. Қолданыстағы мағыналары бөлектеу болғанымен, түбі бір.

3) БАТЫЛ ( بَطَلٌ / Батал).  Екі тілде де "батыр" деген ұғымда.

4) МАСҚАРА (مسخرة / мәсхаратун). Араб тілінде «Сухр» сөзі «келеке қылу» деген ұғымда, ал келекеге айналуды «мәсхара» дейді. Қазақ тілінде де бет қызарар, ұят нәрсеге «масқара» сөзі қолданылған. Мысалы: «ел-жұртқа масқара болды» деп жатамыз. Осындағы «масқара» мен арабшадағы «мәсхара» сөзі - бір сөз.

5) ПӘЛЕН (فُلاَنٌ / фүлән). Екі тілде де бір мағынада қолданылады.

6) МАҚАЛ (مَقَالٌ / мәқаль). Араб тілінде «мәқаль» сөзі -  «айтылған нәрсе» деген мағынада. «Қалә» (قال) айтты болса, «мәқаль» - айтылған нәрсе, делінген нәрсе деген ұғымдарды білдірмек. Қазақ тілінде «мақал» сөзі – нақыл сөзді білдірсе де астарында «делінген» деген ұғым жатқандығын түсінеміз, өйткені мақалдар көбіне ауызба-ауыз жеткен нақыл сөздер. Яғни, мақал сөзі араб тіліндегі "мәқаль" сөзінің өзі.

7) МӘТЕЛ (ما تلا / мә тәлә). Арабшада «Тәлә» сөзі – дауыстап оқу деген сөз. «Тиләуәт» - осының түбірі. Сонда «мә тәлә» – оқылған нәрсе деген мағынада. Біздің пікірімізше, қазақ тіліндегі «мәтел» сөзі де, араб тіліндегі «мә тәлә» сөзінің қазақша нұсқасы. Ал, қазақшадағы «мақал-мәтел» сөздері ұқсастық үшін әдейі бір-біріне тіркестіріліп айтылған қос сөз. Мағынасы: «делінген-оқылған». Ең дұрысы - Аллаға аян!

8) НАҚЫЛ (نَقْلٌ / нақл). Араб тілінде "нәқл" - жеткізу, тасымалдау дегенді білдіреді. Мысалы, арабтар аят пен пайғамбарымыздың хадистерін "нәқл" дейді. Яғни, бізге сахабалар тарапынан жеткізілген риуаяттар деген ұғымда. Мұсылмандардың арасында "бірінші нақл, екінші ақыл" деген сөз де осыдан қалған. Тоқ етері, қазақ тіліндегі "нақыл сөз" дегендегі "нақыл" - араб тілінен енген сөз.

9) МАҚАЛА (مقالة / мәқаләтун немесе «мәқалә»). Мағынасы бір.

10) МАҒЫНА (معنى/маънә).

11) РАҚМЕТ (الرحمة / рахматун).

12) ШҮКІР (شكر/ шүкрун).

13) БАҚЫТ (بَخْتٌ / бәхтун). Араб тілінде "бәхт" - бақыттылық, сәттілік деген ұғымдарға саяды. Қазақ тіліндегі мағынасымен бірдей.

14) МАХАББАТ (محبة / махаббәтун). 

15) ҒАШЫҚ (عاشق / ъашиқун).

16) РАХАТ (رَاحَةٌ / Раахатун). Араб тілінде «рахат» сөзі – бейғамдық пен жан тыныштығын білдіреді. Қазақ тілінде де сол мағынада.

17) ЛӘЗЗӘТ (لَذَّةٌ / ләззәтун ). «Ләззәт» сөзі - тәттілерге және жалпы жаңға жағымды рақат нәрселерге қолданылады. Қазақ тілінде де солай.

18) ДАУА (دَوَاءٌ / дәуәә’). Қазақта «дауа» сөзі «ем», «дәрі-дәрмек» деген ұғымды білдірсе де, көбіне «шешім», «шара», «амал» деген ұғымдарда қолданылады. Араб тіліндегі түпнұсқасы болса жалпы «дәрі-дәрмек» деген ұғымда қолданылады.

19) ШИПА (شِفَاءٌ / шифәун). Ем деген ұғымда.

20) ЛАЖ ЖОҚ (عِلاَجٌ/ъиләж). Қазақ тілінде «лаж» деген сөз – амал, айла, шара деген ұғымдарға саяды. Бұл сөз - араб тіліндегі «дауа», «дәрі», «өзгеріс» деген мағынадағы «Ъиләж» сөзінің өзгертілген түрі деп ойлаймын.

21) ПАРАҚ (الورق / уарақ). 

22) ШӘЙ (شَاىٌّ / шәй). Шәй сөзі – қытай тілінде жапырақтарынан сусын қайнатып ішілетін ағаштың атауы. Араб тілінде де «шәй» делінеді. Араб тіліне қытай тілінен енген. Қазақ тіліне болса, аталмыш сөз араб тілінен кірген болуы мүмкін. Қытай тілінен де енген болуы да әбден ықтимал.

23) ТҰТ (دُودٌ / дуд). "Дуд" - "құрт" деген сөз. Тұт деп, біздің тілде - жапырағын жібек құрты жейтін ағашты айтады. Араб тілінде жібек құртын - «дуда әл-Харир» дейді. Демек, қазақшадағы "тұт" сөзін де түбінде арабшадағы «дұд» сөзінен енген деуге болады.

24) МЕКТЕП ( مكتب / мәктәб). «Мәктәб» деген араб тілінде «жазатын орын» деген мағынада. Оқу-жазуды үйрететін орын болғандықтан «мектепке» де мәктәб делінеді.

25) ЖАЙЫЛУ (جائل / жәә-илун). Араб тілінде «Жәәлә» етістігі – кезді, серуендеді, қаңғыды деген ұғымдарды білдіреді. Кезіп, қаңғыған нәрсені "жәәил" дейді. Қазақ тіліндегі «таралу» немесе «өрістеу» деген ұғымдарда қолданылатын «жайылу» сөзі де араб тілінен енген сөздердің бірі деген пікірдеміз. Дұрысы Аллаға аян.

26) ҚИЯНАТ (خيانة/ хиянәтун). Араб тілінде "хиянат" деп, "сатқындықты" айтады. Қазақ тіліндегі "қиянат" сөзінің мағынасы да соған жақын.

27) АРБА (عَرَبَةٌ/ъарабә). Араб тілінің түсіндірме сөздіктеріне қарағанда, көне замандағы арабтар ағысы қатты өзенді "араба" деп атаған екен, сонымен қатар, теңіздегі кемелерді де "араба" дейтін болған. Тартылып, сырғып жүретініне қарай кемеге ұқсатса керек, кейіннен ат пен есекке жегілетін тасымалдаушы құралды да олар "араба" деп атады. Қазақ тіліндегі қолданыстағы мағынасымен бірдей.

28) ТАЙПА (طائفة /Таа’ифә). Тайпа - тайпа.

29) ҚАУЫМ (قوم/Қаумун). Қауым - қауым.

30) СЫР (سرّ / сиррун). Екеуі бір мағынада.

31) ҚҰПИЯ ( خُفْيَةٌ /хуфя). Араб тілінде жасырынуды "хофия" дейді. Хофия - жасырынды. Содан "хуфя" сөзі шыққан. Хуфя - құпиялық деген ұғымды білдіреді. Қазақ тіліндегі "құпия" мен араб тіліндегі "хуфя" - бір сөз.  

32) ӘЗІР (حَاضِرٌ / хаадыйр). Араб тіліндегі «хаадыйр» сөзі бір-біріне ұқсас бірнеше мағыналарда қолданылады, соның ішінде «әзір болды» деген ұғымды да қамтитындығын айта кету керек. Қазақ тіліндегі «әзір» сөзі де «хаадыйр» сөзінен бастау алады деуге негіз бар.

33) ҚАЗІР (حَاضِرٌ/ хадыйр). Қазақ тілінде «қазір» деген – осы сәт дегенді білдіреді. Араб тіліндегі «Хаадыйр» сөзінің де бір мағынасы «қазіргі сәт» дегенге саяды. Негізінен алып қарағанда, қазақ тіліндегі «әзір» мен «қазір» сөздерінің түбі бір. Екеуі де араб тіліндегі "хаадыйр" сөзінің қазақшаға өзгерген түрлері.

34) ХАБАР (خبر / хабар). Хабар - жаңалық.

35) ТАҒАМ (طعام / Таъаам). Тағам - тағам. 

36) ЖАҚЫН (يَقِينٌ / йәқин). Араб тіліндегі йәқин сөзі – сенімді, күмәнсіз, ап-айқын, шүбәсіз шынайылық деген ұғымдарды білдіреді. Қазақ тіліндегі «жақын» сөзінің де негізі сол сөзбен байланысты болуы мүмкін.  

37) АЙҚЫН (أَيْقَنَ /айқанә). Араб тіліндегі «айқанә» етістігі – анық-қанығы білінді, нақтыланды деген ұғымды білдіреді. Қазақ тіліндегі «айқын» сөзінің түбі - сол сөзге барып тіреледі.

38) ЗИЯЛЫ. "Зиялы" сөзі араб тіліндегі "ДЗия- ضِيَاءٌ" сөзінен бастау алады. Зия - жарық, сəуле, нұр деген мағынада. Сонда, "Зия" сөзіне қазақ тіліндегі "лы" жұрнағы қосылады да: "сəулелі адам", "жарығы бар адам", "жарыққа ие адам" деген ұғымды білдіретін "Зия+лы" деген сөз шығады. Оның қазақшадағы басқа бір баламасы: ағартушы. Түрік тілінде: aydın (ışıklı). 

39) СӘЛЕМЕТСІЗ БЕ (سَلاَمَةٌ / сәләмәтун). Қазақ тіліндегі "сәлеметсіз бе!" деген амандасу сөзіндегі "сәлемет" сөзі - араб тіліндегі "сәләмәтун" сөзінің дәл өзі. Араб тілінде "сәләмәтун" сөзі - "амандық", "есендік" деген ұғымдарды қамтиды. "Сәлимә" (سَلِمَ) етістігінен бастау алады. Сонда "сәләметсіз бе!" деген кісі, қарсыдағы адамнан: "аман-есенсіз бе!" деп, қал-жағдайын сұрап тұрған болады.    

40) "САУАП БОЛЫПТЫ..." дегендегі "сауап" сөзі араб тіліндегі "дұрыс", "дәл", "шындық" деген мағыналарға саятын "сауааб (صَوَاب) сөзінің қазақша нұсқасы деген ойдамыз. Қазақ тілінде жақтырмаған адамының бір нәрсеге ұрынғанын естігенде "өзіне де сол керек", "дұрыс болыпты" деген мағынада "сауап болыпты..." деп жатады. Осындағы "сауап" сөзі - араб тіліндегі "дұрыс", "дәл" деген ұғымды білдіретін "сауааб" сөзінен шыққан. (Араб тіліндегі сауааб сөзі - "көздеген нысанаға дәл тиді", "басына келді", "мақсатына жетті", "қуып жетті", "дұрыс шығу" т.б. мағыналарды білдіретін "أَصَابَ / әсообә" етістігінің масдары. Масдар - етістіктен жасалған есімдік). Осы орайды айта кетелік: қазақта "сауап жинау", "сауапты іс" деген де сөз бар, мұндағы "сауап" сөзі де арабша сөз, бірақ ол "ثواب" сөзінен шыққан, ол басқа сөз.

41) ТАЖ (корона). Арабшасы: Тәж (تَاجٌ). Көпше түрі: "Тижән" (تِيجَانٌ). Екі тілде де бір мағынаны білдіреді. 

42) т.б.

Қазақ тіліндегі қазақиланып кеткен, бірақ түбі араби сөзге барып тірелетін сөздердің есімізге түскен бірді-екілі нұсқаларын беріп өттік. Бұдан да басқа бәрімізге белгілі «сапар», «дүкен», «кітап», «дәптер», «қалам» т.б. осы сияқты көптеген араби сөздер баршылық. Осы орайда айта кетелік, мақаладағы арапша сөздердің соңындағы «ун» жалғаулары «тәнвин» деп аталады. Бұлар  араб тіліндегі зат есімдердің артикльсіз келген кездерінде соңдарында жалғанып дыбысталатын белгілер (хәрекелер). Сөздің өзінен болып есептелмейді.

0 пікір