Әлсіз хадистермен амал ету жайында бірер сөз
Әлсіз хадистермен амал ету жайында бірер сөз
19 күн бұрын 3098
А. Қасым

Хадистер сенімділігі жөнінен немесе амал етіліп, амал етілмейтіні жөнінен төртке бөлінеді:

  1. Сахих хадис.
  2. Хасан хадис (хасан лизәтиһи және хасан лиғойриһи).
  3. Әлсіз хадис (даъиф).
  4. Жалған хадис (маудуъ – ойдан шығарылған хадис).

 «Сахих» және «хасан» хадистермен амал етілетіні жөнінде ешбір Ислам ғұламасы күмән келтірмеген.

"Жалған хадистермен" амал етілмейтіні жөнінде де талас жоқ. Жалған хадистер қабыл етілмейді.

Ал, әлсіз хадиспен амал етілетіні жөнінде пікір талас бар. Кей ғұламалар әлсіз хадиспен амал етілмейді дейді. Әйтсе де, көпшілігі белгілі шарттарда әлсіз хадистерді амалға асырса болады деген.  

Әлсіз хадистер өз арасында дәрежесіне қарай: «даъиф» (әлсіз), «даъиф жиддән» (өте әлсіз), «әл-Уәәһи» (тым әлсіз) деген сияқты түрлерге бөлінеді.

Әлсіз хадистерді келтірген кезде оның «әлсіз» екендігін айту шарт па?  

Хадис ғалымдарының тұжырымына қарағанда, әлсіз хадисті келтірген кезде, егер ол «өте әлсіз» болмаса, оның «әлсіз хадис» екендігін айту шарт емес. Бірақ мына екі тақырыпта әлсіз хадистер «әлсіз» екендігі айтылуы шарт:

  1. Ақида мәселелерінде, яғни, сенім негіздеріне қатысты тақырыптарда;
  2. Халал немесе харам мәселелерінде. (Яғни, бір нәрсенің халал не харам екендігі жөнінде шариғи үкімді баян етерде келтірілген әлсіз хадистің «әлсіз» екендігі айтылуы керек).

Әлсіз хадистерді – уағыздарда, сауапты істерде, сауапты істерді істеуге ынталандыру үшін, күнәлі істерден жирендіріп, сақтандыру үшін т.б. осы сияқты тақырыптарда келтіруге болады, әрі осындай тақырыптарда оның «әлсіз» хадис екендігін айту шарт емес, айтылса да артық болмайды.

Ескертпе:

Әлсіз хадистерді келтіру барысында ескеретін нәрсе – «Пайғамбарымыз былай айтқан» немесе «Алла елшісі былай деген» деп емес, оның орнына: «Алла елшісінен риуаят етіледі», «риуаят етілгенге қарағанда», «мынадай риуаят бар», "бізге жеткен риуаят бойынша" деген сияқты сөз қолданылған абзал дейді хадисші ғалымдар[1]. 

Әлсіз хадистермен амал етудің шарттары

Әлсіз хадистер - «Фадаилу аъмал» деп аталатын сауапты, яғни, мұстахаб істерде амалға асырылады. Бұл – көпшілік Ислам ғұламаларының тоқтамы. Бірақ, оның да өзіндік шарттары бар.

Әлсіз хадистермен амал етудің шарттары төмендегінше: 

  1. Өте қатты әлсіз болмауы керек.
  2. Дінде негізі бар мәселе болуы керек.    
  3. Ол хадиспен амал еткенде нақты Пайғамбардан жеткен деген сенімде болмауы керек[2].

Аталмыш үш шартқа мына екі шартты да қоссақ болады:   

  1. Ақида мәселелері болмауы керек (ақида мәселесінде әлсіз хадистер алынбайды, сенім негіздері - нақты бұлтартпас дәлелдерді қажет етеді).
  2. Халал-харамға байланысты шариғи үкім бекітуде қолданылмауы керек.  

Жалған хадис

Жалған хадистерді хадис ғылымында "маудуъ" дейді. Жалған хадистермен амал етуге болмайды. Тіпті сауапты, мұстахаб амалдарда да жалған хадистермен амал етілмейді. Сондай-ақ, жалған хадистерді келтіруге де, яғни, біреуге хадис деп айтуға да болмайды, айтар болса да оның «жалған хадис» екендігін білдіруі шарт[3].

Уалхамдулилләһи раббиль аләмин!


[1] Махмуд Тоххан: «Тәйсиру Мусталахатиль хадис».
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мұхтәр – 1/426-428 беттер. (Өте қатты әлсіз хадистерге – келу жолдарының ешбірі жалғаншы немесе жалғаншылықпен айыпталған риуаятшыдан ада емес хадистер жатады).
[2] Ибн Ғабидин: Роддуль Мұхтәр – 1/428 беттер.

0 пікір