Адамды Жұмақтан мақұрым ететін жаман қасиет
Адамды Жұмақтан мақұрым ететін жаман қасиет
2 сағат бұрын 100
islam.kz

Алла Елшісі бізге адамды Жұмаққа кіргізбейтін бір жаман қасиеттен сақтандырған. Ол — тәкәппарлық (менмендік). Кезінде Жұмақта періштелермен бірге Аллаға құлшылық етіп жүрген Ібілістің Алланың қаһарына ұшырауына да осы қасиет себеп болды. Алла Тағала оған Адамға сәжде етуді бұйырғанда, ол бас тартып, менменсінді. Нәтижесінде Алла оны Жұмақтан қуып, Өз рақымынан мақұрым етті.

Құранда бұл туралы былай делінеді:

«Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер!» — дедік. Сонда Ібілістен басқасы сәжде етті. Ол бас тартып, тәкәппарланды да, кәпірлерден болды» (Бақара сүресі, 34-аят).

Тағы бір аятта:

«(Алла) айтты: «Мен бұйырғанда сені сәжде етуден не тыйды?» деді. (Ібіліс): «Мен одан артықпын. Мені оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың», — деді. (Алла): «Олай болса, ол жерден түс! Онда тәкәппарлануыңа құқығың жоқ. Шық! Шын мәнінде, сен қор болғандардансың», — деді...» («Ағраф» сүресі, 12–18 аяттар).

Тәкәппарлық пен Улылық кімге жарасады?

Пенденің бойындағы тәкәппарлық — ең жиіркенішті мінез. Өйткені ол жаратылысқа сай емес, тәкәппарлану адамның ақысы да емес. Ал «Әл-Мутакаббир» (Тәкәппар, Ұлы) — Алланың көркем есімдерінің бірі. Менмендік пен Ұлылық тек Жаратушыға ғана жарасады.

Құранда:

«Ол — Алла, Одан басқа ешбір құдай жоқ. Ол — Патша, Әл-Қуддус (Алапсыз таза), Әс-Салам (Амандық беруші), Әл-Мумин (Кәміл сенім беруші), Әл-Мухаймин (Үстем), Әл-Азиз (Үстем-Құдіретті), Әл-Джаббар (Аса өктем), Әл-Мутакаббир (Өте Үстем, Ұлы). Алла олардың қосқан серіктерінен пәк!» (Хашр сүресі, 23-аят).

Имам әл-Қуртуби (Алла оны рақымына алсын) осы аятты тәпсірлей отырып былай деп өтеді: «Үстемдік (кибрия, тәкәппарлық) Алланың сипаты ретінде, ол — мадақтау, ал жаратылыстың сипаты ретінде, ол — айып», — деген. Сондай-ақ «Әл-Мутакаббир» есімінің мағынасы: «Алла Тағала Өз ұлылығымен барлық жамандықтан, кемшілік пен міннен жоғары» деп түсіндіріледі.

Пайғамбарымыз хадис-кудсиде Алла Тағаланың былай дегенін жеткізеді:

«Үстемдік, Ұлылық — Менің шапаным. Кімде-кім шапанымды шешкісі келсе (ұлықтылықта, Менімен таласса, яғни, тәкәппарланса), оны тас-талқан етемін». Сахих Мүслім»).

Бұндай ауыр ескертуді естіген әрбір адам бойындағы менмендікті түп-тамырымен жоюы тиіс.

Тәкәппарлық — жүрек дерті

Шын иман келтірген мұсылман Алланың алдында кішіпейіл болып, адамдарға көкірек қақпайды. Тәкәппарлық — бұл жүректің дерті. Оған Құран, сүннет және ғалымдардың ижмағы бойынша қатаң тыйым салынған.

Алла Тағала айтады:

«Ал енді Ақиқаттан бас тартып, тәкәппарланғандарды Алла ауыр азаппен азаптайды. Олар өздеріне Алладан басқа не дос, не жәрдемші таба алмайды» (Ниса сүресі, 173-аят).

Луқман хакімнің баласына айтқан өсиетінде де:

«Адамдарға сұстана қарама және жер бетінде кердеңдеп жүрме! Шын мәнінде, Алла әрбір мақтаншақ, өзін жоғары ұстайтын тәкәппарды жақсы көрмейді» (Луқман сүресі, 18-аят) делінген.

Пайғамбарымыз :

«Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкәппарлығы бар адам Жұмаққа кірмейді» (Муслим), — деген.

Адам баласы өзінің қайдан шыққанын, ана жатырында қалай пайда болғанын және соңында топыраққа айналып, денесін құрт-құмырсқа жейтінін бір сәт еске алса, ешқашан көкірегін соқпас еді. Жер астында дәрменсіз, қозғалуға да шамасы келмей, сол әлсіз құрттардың жеміне айналатынын ұғынған адамға бұл үлкен сабақ болуы тиіс.

Кішіпейілділік — ізгілердің сипаты

Ертеден-ақ кішіпейілділік барлық пайғамбарлардың бойындағы басты қасиет болған. Бұрынғы ізгілер (сәләф салихин) білім алғысы келген адам ең алдымен кішіпейіл болуы керектігін айтқан. Нағыз шынайы ғалымдар — жер бетіндегі ең кішіпейіл адамдар.

Адам білім нәрімен сусындаған сайын, Жұмақ пен Тозақ туралы тереңірек түсінген сайын Алладан қорқынышы арта түседі. Бір ауыз сөз адамды Тозаққа түсіруі немесе одан құтқаруы мүмкін екенін, қанша ізгі амал жасаса да Жұмаққа кіретініне жүз пайыз кепілдік жоқ екенін түсінген сайын жүрегінен менмендік жоғалып, қарапайым бола түседі.

Адамдарға кішіпейілділік танытқан жанды жұрт жақсы көріп, маңына жиналады. Ал тәкәппар адамнан жұрт безіп, айтқанына құлақ аспайды. Сондықтан кішіпейілділік — дағуаттың да ең тиімді жолы.

Алла Тағала айтады:

«(Ей, Мұхаммед!) Алланың рақымымен сен оларға жұмсақ болдың. Егер дөрекі, тасжүрек болғаныңда, олар төңірегіңнен тарап кетер еді...» (Әли Имран сүресі, 159-аят).

Егер адам Алланың алдында мәртебесінің өсуін қаласа, ол кішіпейіл болуы керек: Пайғамбарымыз :

«Кімде-кім тәкәппарланса, Алла оны төмендетеді, ал кім кішіпейіл болса, Алла оны көтереді», — деген. Тағы бір хадисте: «Кім Алла үшін бір дәрежеге кішіпейілділік танытса, Алла оның дәрежесін бір сатыға көтереді. Ал кім бір дәрежеге тәкәппарланса, оны ең төменгі денгейге түсіргенше Алла оның дәрежесін төмендете береді», — делінген.

Алла Тағала бізді тәкәппарлықтан сақтап, Өз алдында да, адамдардың алдында да мәртебесі жоғары, кішіпейіл құлдарының қатарынан қылғай!1

1Доктор Манал Мұхаммед Әбул Ъазаим, Миннесота (АҚШ) Ислам университетінің ассистент-профессоры.
Дереккөз: islamonline.net. Араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz

0 пікір