БІЗГЕ НЕ БОЛЫП БАРАДЫ?!...
БІЗГЕ НЕ БОЛЫП БАРАДЫ?!...
1 сағат бұрын 175
islam.kz

Түн мезгілі. Терезе алдындағы орындыққа сүйеніп, даладағы сіркіреп тұрған жаңбырға үнсіз телмірген бір жан отыр. Әйнекте бір-бірін қуалай аққан тамшылардай, оның да көкейінде сан түрлі ой саулап жатты. Түнгі қаланың шамдары жылтырайды. Бірақ сол жылтырдың артында қаншама сұрқай тіршілік, қаншама рухани бостық жатқанын ойлағанда, кеудесін ауыр өкініш кернеді.

Ол іштей толғанып, өз-өзіне былай деді:

«Айналамызға не болған? Сән-салтанаты келіскен зәулім үйлер, соңғы үлгідегі көліктер, сөйлейтін де, ойлайтын да құрылғылар... Бәрі бар. Бірақ неге адамдардың жүзіндегі жылулық, көзіндегі мейірім азайып барады? Байлық көбейген сайын, бауырмалдық неге селдіреп кетті?

Бұрынғының адамдары бір тілім нанды бөліп жеп, бір-бірінің арын өз арындай қорғаушы еді. Жүректе иман, көкіректе ұят, бойда ар-ождан бар еді. Ал қазір ше? Қазір бәрі сатылады, бәрі өлшенеді. Адамның құны оның ішкі дүниесімен емес, сыртқы келбетімен, қалтасының қалыңдығымен таразыланатын заманға тап болдық. Діннен, түп-тамырымыздан, бабалар аманатынан алыстаған сайын, өз-өзімізді жоғалтып бара жатқандаймыз.

Сөздің киесі кетті, уәденің салмағы жеңілдеді. Дүниенің соңынан қуамыз деп жүріп, ең басты қазынамыз — адамдығымызды қолдан шығарып алғандаймыз.

Ол ол ма, ар-ұятты арзан беделге, сөздің киесін бос мақтанға айырбастап, асылымыздан гөрі арзанымызды жоғары қоя бастадық. Бұрын біреудің қайғысы бүкіл ауылдың қабырғасын қайыстыратын еді, ал қазір іргедегі көршінің жанайқайына да кереңбіз. Жанымыз дауа таппай, рухымыз жүдеп, иманнан алыстаған сайын, бұл қоғамның да тамырына балта шабылып бара жатқандай. Адамның ішкі сарайы қираса, оны ешқандай техника да, сән-салтанат та қайта тұрғыза алмайды екен.

Ар-ождан мен ұяттың шекарасы шайқалған жерде моральдық құлдыраудың сорақы көріністері бой көрсетеді екен-ау. Көз алдымызда заман кері айналғандай: еркектің ары мен намысы ортайып, әйелдің ары мен ұяты әлсіреп бара жатқандай сезіледі. Ер-азаматтың ерлігі емес, есерлігі шектен шығып, етек киіп, бесінші жынысқа айналуды «еркіндік» деп ақтайтын күйге жеттік.

Тойда, елдің алдында ішкиімін шешіп, арсыздана билеген қыз-келіншектердің қылығын көріп, «Ұят қайда, абырой қайда?» деп бетіңді басасың. Тіпті, сақалына ақ түсіп, төрінде отырып бата береді деген қариялардың өзі жас қыздарға көз сүзіп, сұғанақ қолын созып тұрса — бұл ұлттың рухани азып-тозуының, жүректегі иман мен ұяттың әлсіреуінің белгісі емес пе?!

Ол ол ма. Кешегі Абай мен Мұхтар сипаттаған, ерін сыйлап, төрдегі хандай көретін, отбасының берекесі болған қазақ әйелдерінің бүгінгі жай-күйі қандай өкінішті! Құдай қосқан қосағымен бақталасып, төрдегі орынға таласқаны былай тұрсын, енді тіпті ошақ иесінің өміріне балта шауып, өз күйеуін өз қолымен бауыздап жатқан қатігездікті жиі еститін болдық. Қасиетті шаңырақтың шырағын жағады деген аналардың, келіндердің жаны осыншалықты тасқа айналып, қаныпезерлікке баруы — қоғамдағы шаңырақ пен неке киесінің мүлдем жоғалғанын көрсетпей ме? Бұл суық сұмдықтар — отбасы институтының ғана емес, адамдық пен мейірімнің толықтай құрдымға кеткенінің сұрапыл белгісі ғой!

Таңғаласың, әрі жаның түршігеді. Кешегі атам заманда «Дін — ғылымның анасы» деп, Жаратқанға сыйынып, Алланы ұлықтап, Пайғамбарымызға (с.а.у.) арнап жыр арнаған абыз-жыраулар мен дана бабалардың бүгінгі ұрпағы дін десе төбе шашы тік тұрып, шошына жөнеледі. Ол ол ма, Жаратқанға тіл тигізіп, Пайғамбардың (с.а.у.) асыл атына күйе жағып, мұны «білімділік» пен «ағартушылық» деп түсінетін сорлы күйге түстік. Бұл не сонда? Тегімізден жерінгеніміз бе, әлде тамырымызды өз қолымызбен балталап жатқанымыз ба? Бабалар үні саңқылдаған топырақта олардың аманатын аяққа таптап, дінсіздікті сәнге айналдырғаннан асқан рухани соқырлық бар ма?!

Шынында да, тамырынан ажыраған ағаштың солып қалатыны сияқты, дінінен, дәстүрлі құндылығынан, ұлттық діңгегінен алыстаған ұрпақ дағдарысқа ұшырамай қоймайды...

Ол терезеге қолын сүйеп, терең күрсінді. Сыртта жаңбыр әлі басылар емес.

«Жоқ, — деді ол терезеден сыртқа үңілген күйі, — мына суық әлемді өзгертпесе болмайды. Бірақ ол үшін алдымен өзімізді, өз жүрегімізді өзгертуіміз керек. Иман мен мейірім өшкен жерде адам да, қоғам да азғындайды. Мына суық пен бұлыңғырдың ар жағында бәрібір таң бар. Тек сол таңға аман жеткізетін, қоғамды осы азғындықтан алып шығатын жалғыз жол — өзімізге қайта оралу. Жүрекке иман ұялатып, айналамызға мейірім шырағын жағу. Себебі қараңғылықты жеңетін жалғыз күш — жарық болса, азып бара жатқан әлемді аман алып қалатын жалғыз құндылық — таза арымыз бен жоғалтпаған адамдығымыз болса керек..."

0 пікір