«Танбуридің кебісіндей...» (араб әңгімесі)
«Танбуридің кебісіндей...» (араб әңгімесі)
3 ай бұрын 1664

Араб ұлтында «Танбуридің кебісіндей болды» деген тәмсіл сөз бар екен. Бұл сөзді адамдар әлдебір қырсыққа шалдығып, құтыла алмай қойғанда айтатын ұқсайды. Неге Танбуридің кебесіндей делінген? Сол жайында әңгімелеп берсек деп отырмыз.

Баяғы заманда Бағдат қаласында Әбілқасым Танбури есімді бір сараң саудагер өмір кешкен екен. Бай болса да, дүниесін өзгеге тұрмақ, өзіне де аяйтын сараң екен.

Танбуридің бір ескі қайыс кебісі болыпты. Жаңасын алуға ақшасын қимай, кебісі жыртылса, жамап, тігіп, киіп жүре береді екен. Ақырында әбден жамай-жамай кебісі жамауға толып, жамайтын жері де қалмапты. Көрген ел әңгіме қылып, күлетінді шығарыпты. Екі адам бас қосса, Танбуридің кебісі әңгіменің басы болады екен. Осылайша, Танбуридің жамау кебісі бүкіл Бағдат қаласына әйгілі болыпты.

Бір күні «күйген дүние күйіп кетсе де, осы бір бәлені тастайыншы» депті де, Танбури жамауға толы кебісімен қош айтысуға шешім қабылдапты. Алайда, қанша құтылам десе де, неге екені, еш құтыла алмапты.

Әуелі кебісін қоқыс жәшігіне тастайді. Сол күні базарға барып иіс су толы шыны сатып алады. Иіс су құйылған шыныны үйіне апарып сөреге қояды. Бірақ қоқыс жәшігінің қасынан бір адам өтіп бара жатады да Танбуридің жамау кебісін танып қалады. Іштей: «ее, Танбуридің кебісін бір жүгермектер ұрлап әкетіп, әдейі осы қоқысқа лақтырып кеткен екен ғой» депті де, қоқыстағы жамау кебісті алып, Танбуридің үйінің терезесінен ішке лақтырып жіберіпті. Кебіс сөредегі иіс су құйылған шыныға тиіп, шыны жерге құлап сыныпты. Келіп қараса, жаңа алған шынысы сынып, ал кебісі төрте жатқыр екен.

Танбури кебісін алыпты да өзеңге лақтырып жіберіпті. Алайда балықшылардың бірі кебісті өзеннен тауып алып, оның Танбуридің кебісі екендігін бірден тани қойыпты. Сөйтіп «күнге кепсін» деген ниетпен Танбуридің тамының шатырына қойып кетіпті. Көп ұзамай бір мысық келіп кебісті тістелеп шайнай бастапты. Тамының төбесінде ет жеп отыр екен деп, Танбури мысықты айқалап қуады. Мысық кебісті тістелей қашады. Тамдардың төбесінен жүгіріп бара жатып мысықтың аузындағы кебіс түсіп кетеді де, көршінің жүкті әйелінің басына тиеді. Әбден жамалған кебістің салмағы да ауыр болып кеткен екен, ал ол төбеден түскенде бірнеше есеге салмағы артып түсетіндігі белгілі. Сөйтіп, әлгі жүкті әйел сол жерде баласын түсіріп алыпты. Күйеуі кебістің Танбуридің кебісі екенін бірден түсініп, кебісті ала-мала бас қазыға (сот) барады. Қазыға барып "Танбури әйелімді ұрып, баласын түсірді" деп арызданады. Қазы болса, Танбуриге түсік жасаған шақалақтың диетін (құнын) төлеуді міндеттейді. Кебіс қайта Танбуридің қолына тапсырылады.

«Мына бәледен құтыла алмадым ғой, түгі» деп жаны кейіген Танбури кебісті алыпты да кәрізге (канализация) лақтырып жіберіпті. Алайда, кебіс кәріздің тесігін бітеп қалып, екі күннен кейін бүкіл нәжіс сыртқа ағып, адамдарды әбігерге салады. Ақыры кәрізшілер келіп, кәрізді ашып қараса, әбігерге түсулеріне себеп болған Танбуридің атақты кебісі екендігін ұғыпты. Адамдар тағы да Танбуридің үстінен қазыға арыз түсіреді. Қазы оған дүре соқтырады. Тағайындалған жазасын алғаннан соң, кебіс Танбуридің қолына қайта тапсырылады.

Содан не керек, кебісті жерге көміп тастамақшы болады. Сол ниетпен түнде тұрып жер қазуға кіріседі, алайда көршілері «бір нәрсе ұрлап жатыр» деген күдікпен, тәртіп сақшыларын шақырады. Тәртіп сақшылары Танбуриді тұтқындап алып кетеді. Біраз күн қамауда жатқаннан кейін, сақшылар қолына кебісін ұстатып, түрмеден босатып жібереді.

Танбури кебісті көпшілік баратын моншаға апарып қойып кетуді ойлайды. Сөйтіп, моншаға барып, кебісін қойып кетеді. Бірақ сол күні моншаға қаланың әкімі барған екен. Ұрлықшылардың бірі қала әкімінің аяқ киімін моншадан ұрлап кетеді. Әкім моншадан шықса, аяқ киімі жоқ. Елдің бәрі шығып кеткенше кідірген ол, соңында бәрі шығып кеткеннен кейін қараса, бір тек жамау-жамау кебіс қана тұрғанын көреді. Әкім бірден кебістің иесі кім болса, ұрлықшы да сол деген тоқтамға келеді. Көмекшілеріне кебістің иесін табыңдар деп тапсырма береді. Сұрастыра келе, кебістің иесі Танбури екендігі анықталады. Әкім Танбуриді ұрлық жасады деп қазыға шағымданады. Сөйтіп, жамау кебісі Танбуриге қайта оралады.

Енді Танбури кебісті айдаладағы құмға көміп тастайын деп шешеді. Қаладан ұзақ бір жерге барып жерді қаза бастайды. Кенет тәртіп сақшылары келе қалып, Танбуриді тұтқындап алып кетеді. Бұл жолы оған адам өлтірді деген айып тағады. Сөйтсе, Танбуридің қазып жатқан жерден ұзақтау бір жерде өлген адамның денесі табылған екен. Тәртіп сақшылары күдікті ретінде айдалада жалғыз жер қазып жатқан Танбуриді алып кеткені сол екен.

Қазы тергеу жүргізеді. Тергеудің соңында Танбуридің адам өліміне түк қатысы жоғы анықталады. Танбури босатылады. Кебісі қайтып оған тапсырылады. Бірақ әбден күйіп кеткен Танбури бұл жолы өзі қазыға кебісінің үстінен арыз жазады. Арызында ол, кебістің иелігінен босатылғанына қатысты және бұдан былай кебісі үшін жауап бермейтіндігіне қатысты заңды құжат жазып беруін сұрапты..

Міне содан кейін, кімде-кім бір қырсыққа шалдығып құтыла алмай дал болса, бірден: «Танбуридің кебісіндей болды» деп айтатынды шығарыпты. Уақыт өте келе бұл "тәмсіл сөзге" айналған екен. 

 А. Қасым

0 пікір