Құдайға сенетін және сенбейтін екі нәрестенің ана құрсағындағы әңгімесі
Құдайға сенетін және сенбейтін екі нәрестенің ана құрсағындағы әңгімесі
1 ай бұрын 14283

Жүкті әйелдің құрсағында екі егіз сәби сөйлесіп жатыр екен. Бірі - келесі өмірдің барына сенеді, ал екіншісі - сенбейді.

Сенбейтін сәби:

- Босанғаннан кейінгі өмірге сенесің бе?

Сенуші сәби:

- Иә, әрине. Бала туылғаннан кейінгі басқа бір өмірдің бар екені бәріне түсінікті. Біз - алдағы өмірде күтіп тұрған жағдайларға жетерліктей күшті болуымыз үшін және оған дайын болуымыз үшін осындамыз.

Сенбейтін сәби:

- Бұл ақымақтық! Босанғаннан кейін өмір болуы мүмкін емес! Ондай өмірдің қандай болатындығын елестете аласың ба өзің?

Сенуші сәби:

- Ол жайында егжей-тегжейлі білмеймін, бірақ онда жарық көбірек болады деп ойлаймын, және де, ол жақта өз аяғымызбен жүріп, өз ауызымызбен тамақ ішуіміз мүмкін.

Сенбейтін сәби:

- Сандырақ! Өз аяғымызбен жүріп, өз ауызымызбен тамақ ішу ақылға сыйымсыз ғой. Бұл мүлдем күлкілі! Бізді тамақтандыратын кіндік бар. Білесің бе, босанғаннан кейін өмір болуы мүмкін емес, өйткені біздің өміріміз, яғни, кіндік, онсыз да қысқа.

Сенуші бала:

- Мен оның мүмкін нәрсе екеніне сенемін. Тек ол жақта барлық нәрсе сәл басқашалау болады. Оны елестетіп көруге болады.

Сенбейтін сәби:

- Бірақ ол жерден ешкім қайтып келген жоқ қой! Өмір тек босанумен аяқталады. Негізінде, өмір деген, бұл - қараңғыда өтетін үлкен бір қасіреттен басқа ештеңе емес.

Сенуші сәби:

- Жоқ, жоқ. Олай емес! Мен босанғаннан кейін өміріміздің дәл қандай болатынын нақты білмеймін, бірақ қалай болғанда да біз ол жақта анамызды көреміз және ол бізге қамқорлық жасайды.

Сенбейтін бала:

- "Ана" дейсің бе? Сен анаға сенесің бе? Ана бар болса, ол қайда?

Сенетін сәби:

- Ол - біздің айналамызда. Біз оның ішін мекен етудеміз және оның арқасында біз қозғалудамыз, оның арқасында өмір сүріп жатырмыз. Онсыз мүлдем өмір сүре алмас едік.

Сенбейтін сәби:

- Бос сөз! Мен ешқандай «ананы» көрген жоқпын, сондықтан оның жоқ екені анық.

Сенетін сәби:

- Мен сенімен келісе алмаймын. Өйткені, кейде айналаның бәрі тынышталғанда, оның біздің әлемді қалай сипап жатқанын естіп, сезуге болады. Шын мәнісінде, біздің нағыз өміріміз тек босанғаннан кейін басталмақ, мен соған нық сенемін. Сен ше?...

 Абдусамат Қасым

0 пікір