"Үлкен кісі береке" (Хадис-шәриф)
"Үлкен кісі береке" (Хадис-шәриф)
1 жыл бұрын 4935

Сахаба Абдулла ибн Аббастан жерткен риуаятта Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

البَرَكةُ مع أكابِرِكم
«Береке үлкендеріңмен бірге».Табарани, «әл_Мұъжәмуль Әусат». Сахих.

Қазақ халқында «Үлкен кісі береке», "Қариясы бар үйдің қазынасы бар" деген аталы сөздер бар. Олай болуының себебі, үлкен кісісі бар үйдің атмосферасы өзгеше болады. Бейнебір тыныштық пен маңыздылық және адалдық ахуалы қоршап тұрғандай сезіледі. Мұны қазақ халқы «береке» деп бір сөзбен қамтып өткен. Үлкені бар үйде ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс те өте сирек кездеседі. Ата-әжесін көріп өскен балалардың тәрбиесінде де өзгешелік байқалып тұрады. Мұның бәрі берекенің көрінісі.

Сондықтан да ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз жоғарыдағы хадисінде «Береке - үлкендеріңмен бірге» дей келе, қарияларды ардақтаудың маңыздылығына назар аудартқан, әрідесе, үйге береке алып келер бірден-бір себептің, қариялар екендігіне ишара етіп кеткен. Қазақшасы: «Үлкені бар үйдің берекесі болады» дегендік.

Және де осы тұрғыда назар аударып өткім келгені, қазақ халқының дүниетанымы мен тәлім-тәрбиелік түсінігі мұсылманшылық тәлімімен ұштасатынын нақты айтуға болады, бұған жоғарыдағы хадис те дәлел. Олай болуының себебі, қазақ халқының атам-заманнан мұсылман дінімен біте қайнасып, хадис-аяттарды көкейге түйіп келгеннен болар. Түркілер, соның ішінде қазақ халқы Ислам дінін өз еріктерімен қабылдаған халық. Оның бір себебі, қазақ халқының өзіндік қалыптасқан құндылықтарының мұсылман дінімен үйлесімді болғандығынан болса керек. Біздің халық мұсылмандық негіздері мен мұсылмандық әдеп-тәрбие қағидаттарын, өздерінің салт-дәстүрлерімен қатар ұстап келген халық.

Алайда өкінішке орай, соңғы кездері қазақ халқы мен мұсылман дінінің ара-жігін айырғысы келетін пиғилы бөтен бір топтар пайда болған. Ондайлар қазақ халқын діннен бездіру ниеттерімен бірге, қазақ ұлтын моңғолдандыруды да көксейтін сынайлы. Тіпті, араларында қазақ халқына дін исламды 19 ғасырда орыстар әдейі үйреткен, оған дейін Исламды білмейтін еді, деп сандырақтап жүргендері де кездеседі. Олай болса, Қожа Ахмед Яссауиді қайда қоямыз? Арыстан бабқа не дейміз? Қорқыт ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Бекет ата сынды қазақ халқы әулие тұтқан мұсылман тұлғаларды қайда қоймақпыз? Қазақтың тегі - түрік, діні - Ислам. Соны ұмытпайық ағайын.

Абдусамат Қасым

0 пікір