Мариамның оқиғасы
Исламды қабылдағаннан кейін бұрынғы Мария деген есімімді өзгертіп, Мәриам атандым. Ақиқат жолына қалай келгенімді бөлісе отырып, осы хақ жолдың өзге де жандардың жүрегіне жол табуына себепші болсам екен деп тілеймін.
Мен католик дінінің берік қағидаларымен өстім. Бала кезімнен: «Егер жақсы адам болмасам, Жаратқан мені ауыр жазалайды» деген қорқынышпен тәрбиелендім.
Жаз шыға шешемнің төркініне, оңтүстікке жол тартатынбыз. Ондағы нағашы атам баптист шіркеуінің пасторы еді. Анам да сол сенімде тәрбиеленген екен. Кейін католик әкеме тұрмысқа шыққан соң, сенімін өзгертіпті.
Оңтүстікке барған сайын шіркеуге, Інжіл мектебіне баратынбыз. Тәтем органда ойнаған әуенге қосылып, бөлелеріммен бірге христиандық әндерді шырқайтынбыз. Ол күндер маған балалық шақтың қызықты әрі ерекше кезеңі болып көрінетін.
Жылдар өтіп жатты. Оқу жылын үйде, жазды оңтүстікте өткізетін өмірім екіұдай күйде өтіп жатқандай еді. Кейін ойлап қарасам, католиктік және баптистік дәстүрлердің тоғысатын жалғыз тұсы — Иса пайғамбарға деген құрмет екен. Ал қалған жағынан олар мен үшін екі бөлек әлемдей көрінетін.
Бойжеткен шағымда ақиқатты өздігімнен іздеуге бел будым. Шіркеуге баруды қойғаныммен, Иса пайғамбар туралы оқығандарым жадымда сақталды. Оған деген ішкі жақындығым, ерекше бір байланысым бардай сезінетінмін.
Көңілімде өзімше бір Иса бейнесін қалыптастырдым: ол бұл дүниеде өмір сүрген, ерекше миссиясы бар дара тұлға еді. Бірақ одан әрі тереңдей алмадым. Көптеген сұрақтарым жауапсыз қалған соң, біртіндеп христиандық сенімнен суи бастадым.
Жиырмадан асқан шағымда жүрегімдегі мазасыздыққа дауа болатын ақиқатты іздеуімді тоқтатпадым. Буддизммен танысқанда: «Мүмкін, менің іздегенім осы шығар?» деп ойладым. Бұл ілім белгілі бір дәрежеде көңіліме демеу болғанымен, бәрібір ішімде бір нәрсе жетіспей тұрғандай еді. Жаным толық тыныштық таба алмады.
Сол жылдары қызмет бабымен Египетке жолым түсті. Сол жерде мұсылман отбасында өскен азаматпен танысып, шаңырақ көтердік. Тұрмысқа шыққан кезімде де буддистік көзқарасымнан қайтпаған едім. Тіпті күйеуімді де өз сеніміме кіргізгім келді.
Ол менің айтқандарымды сабырмен тыңдайтын. Соған қарап, «ақырында дегеніме жетемін» деп ойлағаным да бар. Алайда уақыт өте келе оның өзіндік берік сенімінен айнымайтынын түсіндім.
Сырттай буддистпін деп жүргеніммен, жүрегімде шынайы тыныштық болмады. Тұрақты отбасылық өмірге бейімделу де оңайға соқпады. Тағдырдың айдауымен бірде Америкада, бірде Египетте жүрдік. Жұмыс бабымен күйеуім екеуміз бір жылдай бөлек тұруға да мәжбүр болдық.
Осы бір күйзелісті әрі тынымсыз кезеңнің салдарынан қатты әлсіреп, төсек тартып ауырып қалдым. Аурумен арпалысқан сол қиын шақта күйеуім қасымнан бір елі ажырамай, маған сабыр сақтап, Аллаға сенудің қаншалықты маңызды екенін айтып жүрді.
Мен болсам, буддизмде Жаратушы ұғымы жоқ екенін алға тартып, оның әр сөзіне уәж айтып, қарсыласатынмын. Тым қырсық едім. Сырттай қарағанда, бәріне қарсы шығып тұрғандай көрінсем де, ішімде бір үміт сәулесі жылт-жылт ете бастаған еді...
Күйеуім маған Ислам жайлы бірнеше кітап тауып беріп, ойлануыма мүмкіндік жасады. Олардың ішінде Құранның ағылшынша аудармасы, Ислам негіздері туралы кітап және сопылық ақиқаттар жайлы еңбектер болды.
Кітаптарға қызығушылығым оянғанымен, оларды бірден оқуға батылым жетпеді. Сол кітаптарға тосырқап қарап жатқан түнімде өмірімде бұрын-соңды көрмеген ғажап түс көрдім.
Әппақ, нұрға бөленген әлемде тұр екенмін. Құлағыма Құранның мақамды да әуезді үні естілді. Нұр көзімді шағылыстырғанымен, мазамды алған жоқ. Керісінше, жүрегіме сөзбен айтып жеткізгісіз шексіз қуаныш ұялатты.
Ояна сала түсімді күйеуіме айтып бердім. Оның мәнін түсіне алмасам да, бейненің көз алдымда соншалықты анық сақталғанына таңғалдым.
Күйеуім толқи отырып:
— Бұл — әрбір мұсылманның түсіне кіруін армандайтын ғажап түс, — деді.
Ол бұл түс арқылы Жаратқанның маған ишара бергенін, бағыма ерекше мүмкіндік туғанын айтты.
Осыдан кейін бойымдағы таңданыс Исламды тереңірек танып-білуге деген зор ынтаға айналды.
Ислам шарттарымен таныса бастаған сайын, ондағы ешқандай қайшылықтың жоқтығына таңғалдым. Барлығы өзара үйлесімді, тұтас бір жүйе сияқты көрінді.
Исламдағы өмір салтында, қоғамдық қатынастарда ер мен әйел бір-біріне бәсекелес емес, қайта бірін-бірі толықтыратын қос қанат ретінде қарастырылатыны маған өте қисынды көрінді.
Оқыған сайын әйел ретіндегі табиғи болмысымның Ислам құндылықтарымен қаншалықты үйлесетінін түсіндім. Тереңірек таныған сайын, өзімді әйел ретінде де, жалпы адам баласы ретінде де кемсітілген емес, керісінше, қадір-қасиетім көтерілгендей сезіндім.
Өмірімде алғаш рет өз болмысымның шындығын түсінгендей болдым. Туған үйіме, өз ошағыма қайта оралғандай жүрегімді бір ерекше жылылық биледі.
Құранды арабша түпнұсқадан емес, ағылшын тіліндегі мағынасынан оқысам да, одан тараған мейірім мен тыныштық жүрегімді баурап алды. Аяттар өмір бойы көкейімде жауапсыз келген сұрақтардың түйінін біртіндеп тарқата бастады.
Құрандағы мінсіз қисын мен оның жүрегіме жасаған әсерін сезінген сайын, оның Жаратушының сөзі екеніне шүбәсіз сене бастадым. Құранның адам жанын баурап, рухын тыныштандыратын ерекше берекесі бар екенін сезіндім.
Әл-Азһар мешітіне барып, Құран оқып қайтқан бір күнім әлі есімде. Үйге қайтар жолда аяғыма қарағым келгені бар. Шынымен жер басып келе жатырмын ба, жоқ па — соны білгім келді. Өйткені денем жеп-жеңіл тартып, ауада қалықтап бара жатқандай сезіндім.
Исламның маған тигізген әсері дәл осындай еді — ғажап жеңілдік!
Алланың бізге берген зор сыйы — қызымыз дүниеге келгеннен кейін, бір жылдан соң Әл-Азһар мешітінде куәлік сөзін айтып, шаһадат келтіріп, ресми түрде мұсылмандықты қабылдадым. Әлхамдулиллаһ!
Қазір қырықтың қырқасындамын. Ақиқатты іздеген жан ретінде түйгенім:
АЛЛА — ЖАЛҒЫЗ АҚИҚАТ.
Оны ұғу үшін адам баласына тек құлағын, көзін және жүрегін аша білу керек екен.
Исламды табу — баға жетпес асыл қазынаға кезіккенмен бірдей. Ислам арқылы өзімді таптым десем артық емес.
Өмірдің талай қат-қабат өткелдерінен өткен соң, Жаратушының бар екенін шын ұқтым. Ол — аса Мейірімді, құлдарын аялаушы, Кешірімді әрі әр сәтімізді бақылап тұрушы Ұлы Алла.
Мұсылман болғаннан кейін өмірім айқын мағына мен дұрыс бағыт алды. Жаратқан маған сансыз игіліктер нәсіп етті. Сол жақсылықтардың ішінде тіпті түсіме де кірмеген шуақты отбасымның орны бөлек.
Рухым мен жүрегімнің ең терең қалауына жауап берген, маған шынайы тыныштық сыйлаған мұндай отбасын маған тек Жаратқан ғана сыйлай алар еді.
Ислам мен Құранның тұнығынан қанып ішкенде ғана жаным жай табатынын түсіндім. Алланың маған жасаған ең үлкен нығметі — жүрегіме нұр құйып, Оның рақымы мен мейірімін сезінуге мүмкіндік бергені.
Жаратушы адам баласының ең ізгі, ең қайырымды әрі мейірімді болуы үшін оған өзінің соңғы әрі кәміл жолдауын жіберді. Бұл — Ислам жолы. Бұл — тыныштық жолы.
Мен христиан отбасында дүниеге келсем де, шынайы бақыт пен жан тыныштығын Исламнан таптым.
Басқаша айтқанда, ақыр соңында өз үйіме, өз ошағыма оралдым.
Әлхамдулиллаһ.
Айтен Ядыгар, Түркия.