Имам Шафиғидің Имам Ахмед жайында көрген түсі
Имам Шафиғидің Имам Ахмед жайында көрген түсі
3 жыл бұрын 5163

Имам Шафиғидің шәкірттерінің бірі Рабиъ бин Сүлеймен былай деп әңгімелейді:

«Бір күні Имам Шафиғи маған:

«Рабиъ, мына хатты алып, Ахмед ибн Ханбәлға апарып берші, сосын жауабын ала кел», - деді.

Мен хатты алып, Бағдатқа бардым. Таң намазында Ахмед ибн Ханбәлмен кездестім. Онымен бірге таң намазын оқыдым.  Имам Ахмед михрабтан шыққан соң, оған хатты табыс етіп жатып:

- Бұл Мысырдағы бауырыңыз Имам Шәфиғидің сізге жолдаған хаты, - дедім.

- Хатта не жазылғанын білесің бе? – деп сұрады.

Мен білмейтінімді айттым. Сосын Ахмед ибн Ханбәл оның үстіндегі мөрді шешіп, оқи бастады. Бірден көздері жасаурап кетті.

Мен одан:

- Уа, тақсыр! Жақсылық болғай! Не деп жазыпты? – деп сұрадым.

Ол:

- Имам Шафиғи түсінде Әзіреті Пайғамбар саллаллаһу алейһи уә сәлләмді көріпті. Алла Расулі маған:

«Ахмед ибн Хәнбалға бір хат жазып, менен сәлем айт. Шынында, ол үлкен фитнәға тап болады. Одан «Құран махлұқ» (Құран жаратылған) деп айтуы талап етіледі. Бұл әмірге мойынсұнушы болмасын! Алла оның атын қияметке дейін қалдырып, асқақтатады» -депті.

Мен:

- Уа, Имам! Бұл сіз үшін керемет сүйінші ғой?! – дедім.

Сонда Имам Ахмед ибн Ханбәл қуанғандығынан үстіндегі көйлегін шешіп, маған берді. Мен хаттың жауабын ала сала Мысырға қайтып оралдым. Хаттың жауабын Имам Шафиғиге тапсырдым. Сонда Имам Шафиғи маған:

«Имам Ахмед сыйлаған көйлекті сенен алып, сені ренжіткім келмейді. Алайда, тым болмаса, оны суға батырып, сол судан бізге берші. Осылайша біз де ол көйлектің берекетінен нәр алайық», - деді[1].

Имам Ахметтің баласы Абдулла әкесінен Пайғамбарымыз ( с.а.у.) мінберінің тұтқасына (яғни, Пайғамбарымыз хұтба оқыған кезде қолымен ұстап тұрған  тұтқаға) теберік үшін қол тигізуге және теберік үшін Нәбидің хужрасына (бөлмесіне) қол тигізу жайында сұрады. Имам Ахмед:

«Мұнда ешбір ағаттық жоқ», - деді[2].

 


[1] Ибнуль Жәузи: «Мәнәқибу Имам Ахмәд ибн Ханбәл». 609-610 беттер.
[2] Имам Зәһәби: «Сияр». 11, 212.

0 пікір