Философтардың қойған үш сауалына Шәмсі Тәбризидің берген бір жауабы (ғибрат)
Философтардың қойған үш сауалына Шәмсі Тәбризидің берген бір жауабы (ғибрат)
4 жыл бұрын 7552

Мәуләнә Жәләлуддин ар-Румидің рухани ұстазы Шәмсі Тәбризи мешітте өзінің шәкірттеріне саман кірпішке қалай таяммум соғылатындығын үйретіп жатқан екен. Сол уақытта бір топ құдайсыз философтар Шәмсі Тәбризидің жанына келіп, үш сұрақ қойғылары келетіндігін айтады. Шәмсі Тәбризи оларға:

-Сұраңдар, - деп рұқсат береді. Сонда араларынан бірі:

- Бірінші сауалымыз: Құдай бар дейсіңдер, бірақ ол көрінбейді. Құдай қайда? Көрсетіңдерші, сенейік! – депті.

- Екінші сауалыңызды да қойыңыз, - дейді Шәмсі Тәбризи жауап берместен.
- Шайтанның оттан жаралғандығын айтасыңдар. Сосын келіп «шайтан тозақта жанады» дейсіңдер. От отты жағуы мүмкін бе? – деп екінші сауалын қояды философ.

- Үшінші сұрағыңызды да сұраңыз, - дейді Шәмсі Тәбризи.

- «О дүниеде жан-жануар болсын, адам болсын кім біреуге зұлымдық еткен болса, біреудің ақысын жеген болса, олардан ақылары алынып, иелеріне беріледі» дейсіздер. Бұлай деудің не керегі бар? Адамдарды, жан-жануарларды өз жөніне қалдырмайсыздар ма? Не керек араласып?! – деп үшінші сұрағын да қояды. Қалғандары да бастарын шұлғып Шәмсі Тәбризиге қарайды.

Сонда Әзіреті Шәмсі Тәбризи сабан кірпіштің біреуін қолына алыпты да жаңағы адамның басынан бір қойып қалыпты. Содан әлгі адам бұлқан-талқан болып, қазыға келіп арызданыпты. Екеуі қазының алдына келгенде таяқ жеген филосов:

- Мен тек қана сұрақ сұрадым, ал ол болса басымнан кесекпен ұрды, -дейді.

- Мен де жай ғана жауап бердім, - дейді Шәмсі Тәбризи. Қазы оның бұл әрекетін түсіндіруін талап етеді. Сонда Шәмсі Тәбризи берген жауабының мәнін былай деп түсіндіріпті:

 - Мырзам, ол маған «Алла Тағаланы көрсетші, сенейік» деді. Мен басынан кесекпен ұрдым. Енді ол басының ауырғанын көрсете алса, көрсетсінші! – дейді.

- Көрсете алмаймын, бірақ ауырып тұрғаны рас, - дейді философ.

- Міне, Алла Тағала да бар, бірақ көзге көрінбейді, - депті Шәмсі Тәбризи. Содан кейін әрі қарай былай депті: «Сондай-ақ, ол «Шайтан қалай отпен азапталады?» деп сұрады. Мен оны топырақпен ұрдым. Ал топырақ оның басын ауыртты. Оның да денесі топырақтан жаратылған емес пе? Демек, топырақ топыраққа жапа шектіре алатынына қарағанда, шайтанға да оттың әсері бар екендігін ұғынуға болады. Бұл менің оған берген екінші жауабым еді. Және де ол маған: «Кімнің не істейтінінде шаруаларың болмасын. Әркімді өз халіне қоя беріңдер, қалағанын істесін. Ол үшін ешкімнен, ешқандай ақы алынбайды» деді. Ал енді менің де көңілім оны кесекпен ұруды қалады. Сондықтан ұрдым. Енді неге өзінің ақысын сұрап келіп отыр? Сұрамасын.

Сол кезде философ: Әділеттілік іздеп келіп отырмын. Ақымды қайтаруым керек, - дейді.

Сонда Шәмсі Тәрбизи:
- Көрдің бе, осы дүниенің өзінде болмас бір жағдай себепті ақыңды сұрап келіп отырсың, о дүниеде Алланың алдында неге адамдар мен жан-жануарлар өздерінің біреуге кеткен ақыларын талап етпеуі керек? – деген екен.

Философ Шәмсі Тәбризидің даналығына тәнті болып, ләм-мим дей алмапты.

 Түрік тілді интернет ресурстарынан аударылды.
А. Қасым.

0 пікір