77 күн
77 күн
10 жыл бұрын 3381
Баян Талдыбаева

«Жәннат – ананың табанының астында»

Хадис

 

Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы. Кезекші бөлімдегі полиция сержанты Айдар Бақыт автоматтандырылған темір қақпаның тетігін басты. Басқармадан Құралай ентіге шықты. Тезірек, тезірек бұл жерден қашып құтылғысы келеді, әйткенмен, бір айы бойы табалдырығын тоздырған басқармадан біржола амандықпен құтылу оңай бола қояр ма екен? Ол жағы тек  Аллаға ғана аян. Ауыр сынақ аяғын тұсап алғандай, алға басқан қадамы кері тартып, теңселіп келеді.  Көкірегін кернеген ащы өксік көмейіне тірелген, еңсесін  езіп барады. Кеуде тұсынан да  әлдебір шаншу бүріп, қадалған қандаладай жіберер емес.  Әдетте байқала қоймайтын жүрегінің дерті қылаң берген бе, қалай? Көз алды қарауытып, дәрмені таусылып бара жатқан сыңайлы. Буын-буынынан әл кеткенін аңғармаған екен, сең соққандай сенделіп барып, қарсы тұрған бұтаққа сүрініп кетті.

...Сол сәт еріксіз екі көзден  ыстық жас парлай жөнелді. Жоқ, жоқ,  бұл бұтаққа сырылған саусағының солқылы емес, сол бір шарасыздықтан шырқыраған шыбын жанының шырылы. Құрсағын жарып шыққан  құлын баласының қамы үшін шапқылаған ана байғұстың  шақшадай басы шарадай күйде. Егілген күйі кеудесін күйдірген ащы запыранды ағыл-тегіл жаспен шығарды. Кімді жазғырары, кімге мұңын шағып, кімнен пана сұрары беймәлім.

Әнеукүні ұлының жұмыс орнынан бастығы Жұмабек қоңырау шалып, Бақытбекті полиция өкілдері тұтқындап әкеткенін жеткізген. Төбелеске қатысқан дейді. «Жұдырыққа жүгінетін әдеті жоқ еді-ау» деп таңырқаған Құралай тергеушіден өзгеше жауап алды. Оның айтуынша Бақытбек аляқтықпен айналысқан. Ана жүрегі мұндай айыптауға қалай сенсін. Әйтсе де, соңғы кездері ол баласы Бақытбектің ақшадан тарығып жүргенін аңғарған болатын. Баласынан гөрі Құралай үш немересін уайымдап, соғымын сойып, азын-аулақ азығын Бақытбектің қаладағы жалдап тұрып жатқан пәтеріне  апарып беруші еді. Енді міне, айлығы әжептәуір  жұмысқа кірді-ау деген кезде темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты. Тергеуші Қасқабасовтың айтуынша, Бақытбек банк қызметкерлерімен бірлесіп жалған несие жасатыпты. Айтылған айыпқа сенер-сенбесін білмеген Құралай қу жоқтыққа налып, көз жасын тағы бір сығып-сығып алған. Содан бері екі өкпесін қолына қысып, ұлын аман алып шығудың амалын іздеп әлек болуда. Әуелгі кезекте «адвокаттар алқасына» барып, қорғаушы іздеп көрген, мұнысынан түк шықпады. Сырт сипатынан-ақ қалтасының таяздығын шамалаған қорғаушылар жылы сөзбен шығарып салып жатты. Тіпті қолда бар ақшасының өзін азсынғаны қаншама. Оны қойшы, тентіреп жүріп жинаған  аз-кем ақшасын да заңды қорғаушымын деп жүрген әлгі «нағыз алаяқ» қолды етті ғой. Не біткен іс жоқ, не ақша жоқ. Саят есімді қорғаушымен осыдан екі күн бұрынғы әңгімесі есіне түсті. «-ЖОҚ, мүмкін емес, балаңызды абақтыдан шығара алмайсыз. Егер 10 мың АҚШ долларын тапсаңыз, шартты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алып беремін... Әйтпесе 7 жылды арқалайтыны анық.

- Балам-ау, ондай ақша бізде қайдан болсын? Қолда бар жалғыз  сиырымды сатуға қойдым, тіпті қарызға  туған- туыстан да  біршама ақша жинармыз, бір көмегіңді тигізші, құдай разылығы үшін, өтінішімді жерге тастамашы. Анаңдай егде адаммын ғой, заң өкілісің, тізгінді қолыңа алып, маған көмегіңді бере гөр. Мен, тіпті, анау жүгірмегімнің нені бүлдіріп, қамауға алынғанын да білмей отырмын емес пе? Әуелгіде төбелеске қатысқаны үшін тұтқындалды деп еді, енді тергеуші  Айбар Қасқабасов сөзінен айнып, алаяқтыққа қатысы бар деген айып тағып отыр. Тергеу бөлімінің бастығымен де жолықтым, мардымды жауап жоқ. Оны қойшы, уақытша қамау абақтысынан да ұлыммен кездесуге рұқсат ала алмай отырған түрім мынау.

- Жарайды апа, алаң болмаңыз, мен тергеу бөлімінің бастығымен сөйлесіп көрейін, ауызбастырық ретінде екі мың доллар әкеліңіз, ұлыңызға тағылған  қылмыстың бірнеше тармағы бар көрінеді, солардың бір-екеуін   қысқартуға көндірейін.   Бәлкім, ұлыңыздың жазасын жеңілдетерміз. Не дегенмен, тергеу бөлімінің бастығы Бұлан -  менің курстас досым ғой, сөзімді жерге тастамайды,- деген. Деді де, тиесілі ақшаны алып, көзден ғайып болды.  Тентіреп жүріп, тиынын да жаратпай, әупірімдеп  жинаған 350 мың теңгесі суға сіңгендей, көзден бұл-бұл ұшты.

 

***

Содан бері түн ұйқысы төрт бөлінетінді шығарған. Бүгін де қалың түннің құрсауындағы үрей шырмауынан  шыға алмай булығып оянды. Түсінде екі өкпесін қысып, жандәрменімен қашып келеді екен. Саз-батпаққа тығылып, ой-шұңұырға сүрініп, көкжиектен көрінген күн шапағына ұмтылады,  асыға  көкке  қолын созғаны сол еді, кенет, қос жауырынан қанат бітіп, көгілдір аспанға ала жөнелді.

Таң рауандаған сәттегі бұл түсін Құралай жақсылыққа жорығанымен, әлгі санасын билеген үрей тұла бойын тітірентіп жіберіпті. Жандүниесіндегі аласапыраннан арыла алмай тағы да көз жасын көлдетті. Тек қасында жатқан жолдасын оятып алмау үшін жанарға толған мөлдір тамшыны үнсіз сығып алды. Жодасы Сәкенге де Бақытбектің жайы аяздай батты. Уайымы мен мұңы оны да жайына қойсын ба, қан қысымы көтеріліп, жүрегі бүретін болған. Содан бері  Құралай көз жасын көлегейлеп әлек. Сергелдеңге салған өмір сынағынан  сүрініп кетпейінші деп, Құралай тағы да алақандай ғана  кітапшаға түсірілген «ясин» сүресін қолына алды. Әр аятын ықыласпен жүрегіне тоқыды. «Ананың балаға жасаған дұғасы кері қайтпаушы еді ғой» деп тілек тілей бергені сол еді, марқұм әжесінің құлағына құйып кеткен өнегелі сөздері ойына орала кетпесі бар ма.

Әжесі марқұм бұл жолы да «нағыз қараңғылық таң атарда болады, бұл қиындық та кетер, жарқын өмірің жетер, сабырыңды қалқан ет, момынның құдайы бар, «аққа құдай жақ екенін жадыңнан шығарма» деп тағы да құлағына сыбырлап тұрғандай.

Әсілінде солай.  Өткінші өмір – өрмекшінің өрмегі іспетті-ау. Шырмауына түссең, шыбын жаның шырқырайды. Мұндайда шырылыңды шын ұғатын тек Жаратқан ғана. Иә, солай. «Әр нәрседе қайыр бар» деуші еді, бұл сынның да мың сыры бар -ау деген түйінмен, Құралай тағы да ішкі істер басқармасына жөнелді. Бүгін тергеуге Бақытбекті әкелетін көрінеді. Енді қылмысқа баласының қаншалықты қатысы бар екеннін анықтаудың  реті туып отыр. Көрген түсі  жақсылықтың нышаны емес пе?

 

***

Не дейді? Қылмысты мойнына алғаны несі? Бір жарым ай бойы табанын текке тоздырған ба? Тергеу бөліміне асыға жеткен Құралай баласы Бақытбекті сол жерден көрді. Қолында кісен. Көзіне іркілген жасты көрсетпей, баласын құшақтай кетті. Сол сәтте Бақытбек те бір тілім қағазды анасының қолына ұстата салды. Құралайдың қолын қысып тұрып, «бұл да маңдайыма жазылған сынақ қой, қапаланбаңызшы, жүдеу күйіңіз жаныма батып тұр, мені кешіріңіз, анашым» деген сөзді айтты. Жапырақ хатта жазылғанды білуге тағаты кеткен Құралай ішкі істер бөлімінен асыға шықты. «Анашым-ау, өмір туралы көзқарасым түбегейлі өзгерді, деп бамсталыпты хат, - Алланың құдіретіне бас идім. Жазамның бақида емес, фәниде өтелетініне ризамын. Мен тас қапаста сәждеге бас қойдым. Намаз бастадым. Өткінші өмірдің осы сынынан сүрінбей өтуді жазсын. Сіз қамыға бермеңізші, әкем де мені кешірсін. Бірақ, қылмысқа қатысты жай мүлдем өзгеше. Мені ҚР ҚК-нің 177 бабы, 3 тармағы «б» бөлімімен қылмысты ұйымдастырушы ретінде айыптап отыр. Мұнысы – жала. Рас, кінәм да жоқ емес. Соңғы кездері ақшадан тарығып кеттім. Жұмыстан қысқарған соң несиемді жаба алмағанымды өзіңіз де білесіз ғой. Содан  бір күні «Алянс» банкінен несие алудың өзге жолы бар ма деп жүргенде мен Ерлан есімді жігітті жолықтырдым. Ақшадан тарыққанымды көргенде ол несие алып беруге көмектесетінін айтты. Үзілді-кесілді бас тарттым, басымда өтелмей жүрген несие бар екенін айттым. Ол менен айлығы жоғары, зейнетақы қоры жүріп тұрған, басында несиесі жоқ жақының болса, солның атынан алып беруге болады деген. Ойыма бірден әпкем түсті. Бірақ ол намазхан, несие алып беруге қарсы ғой. Сөзімді аяқтатпастан, ол жағын бізге қалдыр, сен тек төлқұжатын әкеліп берсең болды, қалғанын өзіміз реттейміз деді. Айтпақшы, лауазымды қызметте ме?-деп сауал тастады, алынған несиені өзім әпкеме білдірмей жаба беретінімді түсіндірді. Пәтерақымды да төлей алмай жүргендіктен Ерланның дегеніне лажсыз көндім. Әпкемнің төлқұжатын реті келгенде ұрлап алдым. Бірақ, әпкем құжаты жоғалғаны жайлы ішкі істер бөліміне арыз жазып, іздестіру бөліміне (паникаға) өтініш қалдырғанын күттім. Сөйттім де, төлқұжатты Ерланға әкелдім. Және бірінші қойған сауалым: «Несие алуға қажетті өзге құжаттарды қайтпексің? Оның үстіне банктен несие алуға кіретін қыз бала керек қой» дедім. «Ол жағын әлдеқашан реттеп қойдық. Қарлығаш есімді келіншек әпкеңе ұқсайды», - деп қысқа қайырды. Осылайша біз «Алянс» банкіне бардық. Қарлығаш кіріп шықты. Бірақ, Ерлан өзінің сыбайласы Арманмен маған тиын татырмады, «кейін есептесеміз сенімен» деді. Келесі күні «Каспий банкіне» бардық, ол жерден «несие шықпай қалды» дегенді желеу етті. Екі күннен соң «Банкцентркредит» банкіне тоқтадық.  Сол кезде ғана олар маған 950 мың теңгені ұстатып, шығарып салды. Сол сәттен кейін мен олардың ізін де ұстай алмай қалдым. Ал осы іс бойынша әпкем алматы қалалық ішкі істер басқармасына арыз жазған екен. Қарлығаш ұсталып, үш банктен алынған 5 миллион теңге несиені өзі жауыпты. Содан Ерлан мен Арманды таба алмаған олар бар айыпты маған жаба салған. Алаяқтық қылмысты ұйымдастырушы ретінде ҚР ҚК 177 бабы, 3 тармағы «б» бөлімін таңды. Алғашында тергеушіге мән-жайды түсіндірдім. Бірақ ол мені қинап, (суық суға салып, бүйрегімді теуіп) мойныма алуымды мәжбүрледі. Кейіннен банктегі ақшаны Қарлығаш толығымен өтегенін айтып, және маған кешірім бергенін жеткізді. Енді әпкең кешірім берсе, шартты мерзімге жазаң жеңілдетіледі, деп алдапты. Заңнан бейхабар мен ақымақ осыған келісіп, қол қойып бердім. Сөйтсем, мені қақпанына түсіріп, барлық айыпты мойныма іле салмақ екен. Ақиқат осы. Анашым, балаңызды кешіріңізші. Менің енді сүйенер жаратушым бар, алланың рахымына үміт артамын. Тілім дұғада, жүрегім иманда, маған бола уайымдамаңыздар. Сүйдім».

Бәсе, бәсе, балам ауыр қылмыс жасайтын оңбаған емес еді ғой, білгем, білгем. Намаз бастадым дей ме? Аллам-ай, құдіретіңе құлдық. Шүкір, шүкір Аллам. Бостандықта жүріп нәсіп болмаған тәубе мен иман темір тордан енші болған екен-ау. 77 жылдық ғұмырда уысыңа түсер-түспесі беймәлім «Ұлы сый – имандылықты» нәсіп қылғаныңа рахмет аллам. 77 күннің азабы – 77 жылға бергісіз бақытты бұйырыпты. Шүкір, енді ақиқат жолыңнан адастыра көрме Жаратқан.

Бұл жолы қос жанардан қайғының тамшысы емес, қуаныштың моншағы үзілді.

Шыррр. Шырррр.

- Алло.

- Құралай әпке, сүйінші, Бақытбектің жазасы шартты мерзімге жеңілдетілді. Қазір ол үйіңізге барады.

- Не дейді, Аллаға шүкір, Аллаға шүкір. Рахымыңа алғыс, Жасаған.

(Оқиға өмірден алынды, кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді)

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
3.8
12 дауыс
1 пікір
  • Ар адам имандылыкка ар турли себеппен келип жатады. Дегенмен "басына ис туспей адам акикатты мойындамайды" деген соз емес. Адам айналага карап аздап ой жугиртсе, бул дуниенин откинши екенин тусинер еди.
    10 жыл бұрын