Дінді ұмытса да, дәстүрді сақтапты
Дінді ұмытса да, дәстүрді сақтапты
7 жыл бұрын 3652
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Қаламгер Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгіме» атты шағын туындысы бар. Өте жақсы білесіздер. Иә, сол әңгіме. «Жыртық тымақтарынан шыққан жүннің өзі тәкаппар шошаятын» төрелер, колхозға қарай аттап баспайтын Жаңбыршы ауылы туралы әжуа әңгіме. Жазушы төрелердің «паң» тұрмысын тілінің уын төгіп суреттейді (Сол үшін бұл қаламгерді осы күнге дейін төре ұрпақтары сұмдық ұнатпайды). Ащы кекесін, ащы мысқыл есіңе түсе қалса, қазір де еріксіз езу тартасың. Бір кезде болған-толған, дәуірлеген әулет. Енді тақыр кедей, жұтап отырған ауыл. Бірақ, дәстүрге тастай берік. Басқада шаруасы жоқ. 

«Оны неге еске түсірдің? Әлде соған ұқсас ауыл көріп қайттың ба?» дегіңіз келе бастаған шығар? Сәл сабыр етіңіз. Ретімен айтайық. Аллаға шүкір, қазақ өсіп-өніп жатыр. Соның ішінде өзіміз де бармыз. 


Қызық өзі, күні кеше мұрнын сүрте алмай жүрген туысыңның балалары әне-міне дегенше шетінен зіңгіттей жігіт болады. Енді аз уақытта «Үйге келін түсіп жатыр. Әлгі ұл алып қашып келіпті», немесе «құдалар қызымызды қолдан береміз дейді. Құдалыққа жүр» деп аптыққан хабарлар жаңбырдай жауады. Туысың көп болса, жасың ұлғайған сайын құдалар саны тіпті қалыңдай береді екен. Көптігі сондай, кейбірін жүздесе қалса қапелімде танымай қалып, «ұмытшақтығыңды көлденең тартып» ақталып жатқаның. 


Сол көп құдалардың бірінің ауылына сапарлай бардық. Әйтеуір аты Қазақстан демесең, Ресеймен шекараға жақын отырған, қалың орыстың ортасына сіңген қазақтар. «Сірә, Жаңбыршы сияқты кедей ауыл болды-ау» деп топшыламаңыз. Керісінше, өздері дәулетті-ақ. Шаруашылықтары дүрілдеп тұр. Қара мал табын-табын. Жылқыны үйірлеп ұстайды. Бәрін айтып неғылайық, қысқасы, олар «Лексус-570 джиптің» шымқай ақ пен сүліктей қарасын той-томалаққа мініп, ал, одан сәл көнелеу «Лексус-470-тің» үшеуін жылқы бағып, мал қайыруға, түнделетіп қоян қағып қайтуға мініп жүр. Дәулеттің деңгейін осыдан-ақ шамалай беріңіз. 


Қанша жыл қалың орыстың ортасында тұрғандықтың зардабы ғой, құдалар қазақшаға ләм-мим жоқ. Ал, қонақжайлықтары шымкенттіктерді шаң қаптырғандай. Жік-жаппар болып, үлкен-кішісі қалмай зыр жүгіріп бәйек қағады. Тағы бір ерекшелігі, бұл құдалар қонаққа тоқты-торым сойып ұсақтамайды екен. Біз барған соң қарсылығымызға қарамай үйірден ту байталды ұстатып алдыртты. Қонақасыға жылқы жықпақшы. Ғабең жарықтықтың «Этнографиялық әңгімесі» есімізге түсіп, еріксіз езу тартқанымыз осы тұс. Сонымен, төрт аяғы тастай буылған торы байтал гүрс-гүрс дем алып, сойылуға даяр жатыр. Бірақ, байқаймын, ешкімнің бауыздау бағытты құбылаға қаратар түрі жоқ. Сыпайылап айтып, жөндеп жібердік. «Осының қажеті бар ма еді?» деген енжарлық бір байқалып қалды. Есесіне, үлкен құданың нұсқауымен жасамыс құданың бірі бар ықыласын салып тұрып кекілден бір тұтам, құйрықтан бір тұтам қыл кесіп алып, былай шығып тұрды. Одан соң екінші құда әлгіндей тәртіппен тағы да кекілден бір тұтам, құйрықтан бір тұтам қыл кесіп алып, ол да оңашаланып шықты. Таң қала қараймын. Қарт құда бәрін қатаң қадағалауда. «Сен бірінші, сен екінші алдың. Оң қолда кекіл, сол қолда құйрық болсын. Ауыстырып алмаңдар» деген ескертуді шегелеп айтты. Енді кешіксем, байталды «Бисмиллаһ, Аллаһуакбар» айтылмай бауыздай салғалы жатыр. Еске салып едім, «Сіз айтыңыз, өзім бауыздаймын» деді орысшалап тілеуің бергір жас құдам. Әйтеуір қарсылық жоқ. Айттық. Байтал бауыздалды. Сонда көрдік, бұл құдалар жақтағы бұзуға болмайтын, «ең қастерлі» дәстүр екен. Бауыздау қан сар етіп аққанда, алғашқы жасамыс құда шалт қимылдап төне қалды. Қарт құданың қабақ бұйрығымен қолындағы қылдарды қанға бір-бір малып алды да асығыс тұра жөнелді. Қос қолдап апарып қора терезесінің алдына баппен қойып қайтып келді. Қан тегіс ағып болды-ау деген шамада екінші құда қолындағы қылдарды кеңірдек тұсқа үйкеп-үйкеп жіберіп, ол да шапшаңдатып мал қораға қарай тартты. Ол кісі қылдарды қора есігінің маңдайшасына қыстырып қайтты. 


Түк түсінбей қалған соң, кейінірек қарт құдадан мән-жайын сұрап едік, «Біздің бала кезімізде осылай жасалатын. Есейгенде үлкендер үйретті. Мен енді мына жастарға үйретудемін. Біздің жақта жылқы сойғанда осылай орындалатын дәстүр бұл» деді. Әрине, орыстың тілімен айтты. Ал, түсініп көріңіз. Жылқы сойған сайын шала шабылып, бір-бір тұтам қылды қанға батырып, есік, терезеге қыстырғаннан келіп-кетер пайда не? Ойланып жатқан ешкім жоқ. Дәп бір «Этнографиялық әңгімедегідей». «Атекем біледі, Атекемдікі дұрыс» деген ойсыз қоштау ғана бар. Сол сәйкестікті көріп тұрып, еріксіз күлкің келеді. 


«Жүре берсең көре бересің» деген рас екен. Осындай да «ғажапты» көрдік. Таң қалғанымыз, қазақтың қастерлі тілі жоғалып, хақ діні мүлде ұмытылған сол ауылда еліміздің басқа өңірінен мүлде кездеспейтін осы «дәстүрдің» қалай сақталып, жалғасып жатқаны. Не деген жаны сірі дәстүр еді… 

0 пікір