Бекболат би мен Абылай ханның түйісуі
Бекболат би мен Абылай ханның түйісуі
6 жыл бұрын 5629 www.unikaz.asia

Арғын Қаракесектен шыққан қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат би сегіз ағайынды екен. Соның кенже інісі жорықта жүргенде, жаңылыс Абылайдың бір айғыр үйір жылқысын қолына түсіріп, сіңіріп кетіпті. Соңынан Абылай біліпті. Мені басынғаны ғой деп, намыстанып аттанып, Бекболаттың ауылына келіп түсіпті.

Бекболат Абылайдың алдына түсіп жорғалақтап:

- Тоғыз айыппен жолыңызды алып кешіңіз, байқаусызда балалықпен қылынған қате шығар, – дейді.

Ханның қасындағы арғынның Бекболатпен бақ-күңдес кісілері:

- Бұл сізге бой теңелдік қылған ісі, мұны басуыңыз керек, – деп шағыстырып отырған соң: – Мен малменен уана алмаймын ғой, тентек інінді өлтірмей ашуымызды баса алмаймыз ғой, – дейді Абылай.

Бекболат:

– Өз інімді өлтіруге мен де ұстап бере қоймаймын ғой, – дейді.

Абылай үндемей кетіп қалады. Қайта үш жүздей кісімен келіп, інісін ұстап алып, мойнына арқан тақтырып жөнеледі. Сол күні түстікке ханның шатыры бір көгал жерге келіп қонған соң: «Соңымыздан ешкім келмес пе екен, қарап тұрың- дар», – дейді Абылай. Әлден уақытта: «Бір қарайған көрінеді» деген соң, ол Бекболат болар, келген соң түс деп атын ұстаңдар дейді. Айтқанындай Бекболат екен. Түспей, аттың басын әрі қаратып, арт жағын Абылайдың шатырының аузына қаратып тұрып сөйледі дейді:

– Әй, Абылай, Абылай! Мұнан бұрын жолдастыққа мен қандай едім, қасыңдағылар қандай еді?.

– Сен бір төбе, олар бір төбе еді.

– Ендеше, – деп Бекболат келген жағына қарай қайтадан шауып кетіп, әлден уақытта қайтып шауып келіп, әлгідей теріс қарап тұрып:

– Орал таудың ор түлкісі, айнала қуса ит жетпес, Орал таудың ақиығы, сонда-дағы мерт етпес, – деп, байлаулы тұрған інісін шешіп алып, жөнеле беріпті.

Бекболат кеткен соң, қасындағылардың түсіне алмай, таңырқап отырғанын біліп Абылай:

– Мана мен Бекболатқа, сен бір төбе – бұлар бір төбе еді дегеніме намыстанғандай болдыңдар-ау, намыстансаңдар, Бекболаттың келіп кетісінен не сезіп отырсыңдар? Жаңа не айтып кетті? Айтыңдаршы! – депті.

– Сол арасын аңғара алмай отырмыз, – деген соң, Абылай:

– Ашы! Білмесеңдер, енді онымен талас қылып өкпелемеңдер, - деп сөзге кірісті дейді: – «Орал таудың ор түлкісі» деп өзін айтты. «Айнала қуса ит

жетпес» деп сендерді айтты, «Орал таудың ақиығы» деп мені айтты. «Ақиық келсе, тек кетпес» деп, келіп қалған соң ашумен інімді алған шығарсың» дегені, «сондадағы мерт етпес» дегені ханнан халық күшті, халықтан биліксіз, хан да болсаң ақылыңа салып, інімді жібер, жәбірің болса айып алып бітерсің дегені" депті.

Айтқанындай Бекболат тоғыз айыбын жіберіпті. «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы, Абылай сықылды азуы алты қарыс ханның да қалың жар көкірек қазаққа дым қыла алмай сескенгені.

0 пікір