Иттің он қасиеті
Иттің он қасиеті
2 жыл бұрын 19006

Бисмилләһир рахманир рахим

Атам қазақ «ит жеті қазынаның бірі» деп, ит жануарын адамға қажетті дүние ретінде көрген. Әсіресе, көшпенді өмір салтында иттің алар орны ерекше болған.

Өздеріңізге белгілі, дін Исламда иттің еті арам, оны жеуге болмайды. Сондай-ақ, төл дінімізде иттің сілекейі де лас, нәжіс саналады. Сілекейі тиген жерді ең кемі үш рет жуу керек. Тіпті кейбір риуаятта иттің сілекейі тиген ыдысты жеті рет жуып, біріншісін топырақпен тазалауды бұйырған. Қазіргі ғылым мұның себебін анықтап отыр. Иттің сілекейінде кейбір паразиттер бар ұқсайды, сол паразиттер топырақпен сүрткен кезде ғана кетеді екен. Сол себепті, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірінші топырақпен сүртіп, сосын сумен жууды бұйырған екен. Бұның бәрі, айналып келгенде, тазалық.

Және де,  ит бар үйге рахым періштелері келмейді деген де хадис бар. Оның астарына үңілген адам үшін, біраз мән жатыр. Мәселен, арсылдаған иті бар үйге адам жуымайды. Мүмкін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «иті бар үйге періште кірмейді» деуінің бір мәні де осы болар.    

Дейтұрғанмен, кейбір әулие кісілер ит жануарының бойынан жақсы қасиеттерді де байқай білген. Мәселен, XV (15) ғасырда Имам Жәзули есімді бір әулие адам өмір сүрген. Толық аты-жөні: Мұхаммед ибн Сүлейман әл-Жәлузи (қайтыс болған жылы 1465 ж). Осы кісі иттің бойында он түрлі қасиеттің барын айтқан екен. Және осы он қасиет шыншыл мүридтің де (сопылық жолындағы шәкірт) бойынан табыла білу керек дейді Имам Жәлузи. Ол қандай қасиеттер?

1) Түнде аз ұйықтайды. Бұл қасиет ғашықтардың сипаты.  

2) Ыстық болсын, суық болсын шағым айтып, өміріне наразылық білдірмейді. Бұл сипат – сабырлылардың белгісі.

3) Өлгеннен кейін дүниелік мұра қалдырмайды. Бұл да Зәһид (дүниені тәрк еткен сопы) кісілердің белгісі.

4) Кекшіл емес. Ешкімге кек сақтамайды. Бұл мүмін-мұсылмандардың белгісі.

5) Ертеңгі азығын сақтамайды. Бұл сипат – «йәқини» иманға ие кісілердің белгісі.

6) Берілгенді қанағат қылып, жейді. Бұл сипат – қанағатшыл адамның белгісі.

7) Паналайтын тұрақты жайы жоқ. Бұл сипат – Алла Тағаланың жолында саяхат ететін, кезушілердің белгісі.

8) Қайда болса, сонда ұйықтайды. Бұл сипат – тағдырына ризалық танытқандардың белгісі.

9) Иесін танығаннан кейін, ешқашан танымай кетпейді. Иесі оны ұрса да, аш қалдырса да иесінің есігінен айрылмайды. Бұл сипат – Арифтердің (Құдай Тағаланы шынайы таныған әулиелердің) белгісі.

10) Көбіне аш жүреді. Бұл сипат – салих (ізгі) әулиелердің белгісі.   

Міне, ит екеш, иттің де бойынан қасиет табылады екен, көре білген адамға.   

Абдусамат Қасым 

 

1 пікір