«Зәйдия» мәзһабы, сенімі және фиқһи көзқарастары
«Зәйдия» мәзһабы, сенімі және фиқһи көзқарастары
2 жыл бұрын 4476
Дайындаған Абдусамат Қасым

Мұсылмандар шиизм және суннизм болып екі үлкен бөлікке бөлінеді. Суннит жолы шиизмға қарағанда, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) және одан тәлім алған сахабалардың жолын ұстанатындықтан суннит жолын - Исламның өзі дейміз. Оның басқа бір атауы «Әһлу сунна уәл жамағат» жолы. Сүнниттер - мұсылман жұртшылығының 90% құрайды.

Шиизм бағыты өз ішінде көптеген тармақтарға және ағымдарға бөлінген. Соның бірі  Әзіреті Әлидің шөбересі Имам Зайд ибн Али Зәйнуль Абидиннмен (рахимаһуллаһ) тікелей байланысы бар - «Зәйдия» мәзхабы. Зәйдия мәзхабы шиизмнің бір тармағы ретінде есептелсе де, сунниттермен бірігетін жерлері де аз емес. 

Зәйдия мәзхабы «усулуддин» (діннің сенім-негіздері) мәселелерінде «Мұғтәзилияның» ұстанымына жақын дейді мамандар[1]. Алайда Сунниттік ұстанымымен ұштасатын жерлері де аз емес. Сондықтан да, мамандар шиизм тармақтарының ішіндегі бізге ең жақыны «Зәйдия» тармағы деп айтады.

Ал фиқһта – суннит жолындағы төрт мәзхабқа жақын. Кейбір мәселелерді айтпағанда (мысалы, кітап иелерінен қыз алуды харам санауы, мәсіге мәсих тартылмайды деу, мұсылман еместердің бауыздаған малдың етін харам деу т.б. осы сияқты мәселелерді айтпағанда), көп жерде төрт мәзхабтың бекіткен үкімдерімен ұштасады[2].

Имам Зәйдтің саяси пікірлері

1). Имам  Зәйд өзге шиіттер секілді Әзіреті Әбу Бәкір мен Әзіреті Омардың халифалығын заңсыз деп есептемеген. Керісінше, әділдік пен хақ туын желбіреткен қос халифаның халифалығы қоғам игілігі үшін қажет еді деп санаған. Бірақ Әзіреті Әли, Имам Зәйдтің назарында, аталмыш қос сахабадан абзалырақ. Оның пікірінше сахабалардың ең абзалы - Әзіреті Әли. Бірақ, «абзал» болуы – өзге сахабаның халифалыққа тағайындалуына кедергі емес. Бастысы халифаға үміткердің әділдікті ту етіп, мұсылмандар игілігін тірі ұстаса болғаны. Сондықтан да, Әзіреті Әлиді бәрінен абзал санайтын Имам Зәйд, Әзіреті Әбу Бәкір мен Әзіреті Омардың (ридияллаһу анһум) халифалығын заңды деп есептеген.

2) Имам Зәйдтің пікірінше халифалыққа - тек мұрагерлік арқылы немесе ең абзалы кім болса, сол ғана тағайындалмайды. Кейде халифалыққа тағайындайтын кезде мұсылмандардың игілігі және әділ болу жөні де негізге алынады. Сондықтан, әділ болса әрі халифа болып тағайындалуының астарында қоғам игілігі жатса, халифа тағайындала береді, оның "ең абзалы" болу шарт емес. Сондай-ақ, Имам Зәйд «имамның жасырын» болуын құп көрмеген. 

Бірақ кейіннен Зәйдия мәзхабының кейбір өкілдері (Әсіресе Жәррудия тармағы), Имам Зәйдтің ұстанымына кереғар жол ұстанып, Әбу Бәкір мен Әзіреті Омардың халифалығын мойындамаған екен, сондай-ақ, олар Халифалықтың мұра арқылы өтетіндігін көлденең тартты және Имам (басшы) жасырын, құпия болуы да мүмкін деген сияқты сенімдерді ұстанды[3].

2) Имам Зәйд шиизм сеніміндегі «Әһли бәйттан» шыққан «он екі имамның» күнәсіз, пәк екендіктерін қабыл етпеді. Оның пікірінше күнәсіз болу тек пайғамбарларға ғана тән сипат. Ал имамдар күнәсіз емес. Олар да адам болғандықтан қателікке бой алдырулары мүмкін деген. Алайда, бұл мәселеде де Имам Зәйдтан кейінгі ғасырларда Зәйдия мәзхабының кейбір өкілдері "Әһли бәйттан" шыққан төрт кісіге «маъсумдық» сипат бергендігін айта кету керек. Ол төрт кісі – Әзіреті Әли, Фатима анамыз, Хасан және Хусейн (радияллаһу анһум).

3) Зәйдия мәзхабы бойынша, залым, әділетсіз патшаға қарсы шығу міндет.

4) т.б.

Имам Зәйдтің және Зәйдия мәзхабының ақидадағы кейбір көзқарастары

Имам Зәйд «Усулуддин» мәселелерінде (усулиддин – дін сенім-негіздері немесе ақида негіздері), Мұғтәзилия ағымына көбірек жақын дейді мамандар. Дегенмен, сүнниттермен ұштасатын жерлері де жоқ емес.

Төменде Имам Зәйдқа және Зәйдия мәзхабына тиесілі етілетін ақидаға қатысты кейбір көзқарастарды бере кетелік: 

1) Үлкен күнә жасаған мұсылманның жағдайы. Өздеріңізге белгілі болғандай Мұғтәзилия ағымындағылар үлкен күнә жасаған мұсылманды иманнан шығарады, бірақ түбегейлі кәпір деп есептемейді. Ол – иман мен күпірдің ортасындағы бір орында болады дейді олар. Және де, мұғтәзилиттердің пікірінше үлке күнә істеген мұсылман егер тәубе етпей өліп кетсе, мәңгі тозақта жанады. Имам Зәйд та үлкен күнә істеген мұсылманды «иман мен күпірдің» ортасындағы бір орынға қойған (мәнзиләтун бәйнә мәнзиләтәйн). Бірақ, бір айырмашылығы Имам Зәйд бойынша тәубе етпей өлген күнәһар мұсылман мәңгі тозақта қалмайды, жасаған күнәсінің мөлшеріндей тозақта жазаланып, кейін шығарылады.

2) Амал мен иман бірдей мәлесі. Имам Зәйд бойынша, иман ақиқат және иман бар болса, ол міндетті түрде амалды да керек етеді. Егер иманы болғанымен амалы болмаса, бұл иманның жоқтығын білдірмек. Бірақ мұсылман ретінде санала береді. Мәңгі азап – Алла Тағаланың кәпір деп үкім еткен кәпір пендесіне болады.

3) Имам Зәйдтің сенімінше, Алла Тағала барлық нәрсені әзәлден, о бастан біледі. Алланың білгіштігі – әзәли, қадим. Барлық нәрсе Алла Тағаланың тағдыры бойынша болады. Оның білгені өзгермейді. Қалауы өзгермейді. Өйткені білуінің өзгеруі - кемшілік. Алла Тағала барлық кемшіліктен пәк. Алла Тағала пенденің барлық істейтін істерін «лаухул махфузға» жазып қойған[4].

4) Аллланың іліміндегі өзгеріс (бәдә аляллаһ). Шиялардың кейбір тармақтары Алланың білуінде өзгеріс туындайтындығын айтады. Яғни, Алла Тағала білмеген кейбір жаңа нәрселер туындауы мүмкін-мыс. Зәйдия мәзхабында мұндай сенімді қабыл етпейді. Зәйдия мәзхабында «Алланың ілімі (білуі) өзгермейді». Алланың ілімі өзгереді деу – Алла бұрын білмеген нәрсесін, енді білді деген түсінік қалыптастырады, бұл - кемшілік. Алла кемшіліктен пәк.

5) Кейбір мархұмдардың дүниеге қайта қайтарылуы. Шиизмдегі Имамия тармағының сенімдерінше Алла Тағала кейбір адамдарды қиямет қайымнан алдын, бұрынғы бейнелерінде дүниеге қайтарады-мыс. Зәйдия мәзхабы шиизмнің бұл сенімін жоққа шығарады.

6)  Қаза мен қадарға иман ету міндет. Тағдырға сену міндет, бірақ пенде өз ісінде ерікті, өз таңдауымен күнәлі не сауапты іс істейді.

7) Имамдардың «маъсумдық» мәселесі. Зәйдия мәзхабында, жоғарыда айтып өткеніміздей, төрт кісіден өзге имамдарға «маъсумдық» сипат бермейді. Имамдар қатесіз емес. Имам Зәйд бойынша, пайғамбарлар ғана күнәсіз.

8) Мәһди мунтазыр мәселесі. Имам Зәйд имамның (басшының) жасырын болуын құп көрмеген. Сол себепті, «Мәһди мунтазыр», яғни, «күтілген Мәһди» деген ұстанымды қабылдамайды. Шиизмнің негізгі сенімдерінің бірі - «мәһди мунтазыр» сенімі. Олардың әрбір тармағының өзінің жеке мәһдиі - жасырын ғайп имамы бар. Мысалы, Кәйсания тармағының күтілген Мәһдиі – Мұхаммед ибн Ханафия. Он екі имам сенімі өкілдерінше күтілген мәһди – Мұхаммед ибн хасан әл-Аскәри т.б. Ал Имам Зәйд мұндай «күтілген мәһди» деген сенімді жоққа шығарған.

9) Дұға тағдырды өзгертпейді.

10)   Т.б.

Зәйдия фиқһ мектебі.

Зәйдия мәзхабының фиқһи көзқарастары төрт мәзһабтың фиқһи көзқарастарынмен көп мәселеде ұштасады дейді мамандар.

Зәйдия фиқһы екі жолмен тараған:

1.) Имам Зәйдтің кітаптары арқылы. Деректерге қарағанда Имам Зәйд бірнеше кітап жазған екен. Оның бір бөлігін өзі жазса, бір бөлігін «имлә» тәсілімен шәкірттері Имамның сөздерін қағаз бетіне түсіріп отырған. Имам Зәйдтің бізге дейін жеткен кітабы «әл-Мәжмуъ» деп аталады. Бұл кітап фиқһи мәселелермен қоса хадистерді де қамтыған. 

2.) Шәкірттері арқылы. Имам Зәйд көптеген шәкірт тәрбиелеген. Бұл өз кезегінде оның фиқһи көзқарасының кеңінен таралуын туғызары сөзсіз.

Зәйдия мәзхабының атақты фиқһшылары

1) Хасан бин Али (Насыруль Кәбир, қайтыс болған жылы 304 һижри.).

2) Қасым ибн Ибраһим (қ.б.ж. 242 һижри).

3) Әл-Һади ибн Яхя ибн Хусейн ибн Қасим (қ.б.ж. 298 һижри). Бұл кісі Йемен жерінде Зәйдия мемлекетін құрып, сол мемлекеттің имамы әрі патшасы болып қызмет атқарды. Үлкен мүжтәһид ғұлама болған деседі. Имам Зәйдтің пікіріне теріс келер өзіндік кейбір фиқһи тұжырымдамалары бар. Оның жеке көптеген ізбасарлары болды. Қазірдің өзінде оның мәзхабын ұстанатын Зәйдия мәзхабының өкілдері баршылық. Оларды «Зәйдия Һәдәуия» деп атайды.

Зәйдия мәзхабының фиқһ әдістемесі (фиқһ усулі)

Имам Зәйд фиқһ әдістемесіне байланысты кітап жазбаған. Бірақ кейінгі Зәйдия фиқһ мамандары Имам Зәйд пен одан кейін бой көрсеткен Зәйдия мүжтәһид ғұламаларының шығарған пәтуаларынан әрекет ете отырып, «Зәйдия фиқһ әдістемесінің қағидаттарын» түзген. Соның негізінде «Зәйдия фиқһ усулінің» дәлелдерін былайша қатарымен айтып өтуге болады: 1)Құран Кәрім. 2) Сүннет шәриф. 3) Ижмә. 4) Қияс. 5) Истихсан. 6). Масләхатуль Мурсәлә. 7) Ақылдың үкімі.

Қазіргі таңда Зәйдия мәзхабының ең көп таралған жері - Йемен мемлекеті[5].


[1] Проф, доктор, Бекір Топалоғлу: «Кәләм іліміне кірспе».
[2] Доктор Абдулькәрим Зайдан: «Мәдхал». 145 бет.
[3] Әбу Заһра: «Мәзхабтар тәрихи»  (араб тілінде). 626 бет.
[4] Әбу Заһра: «Мәзхабтар тәрихи». 626 бет.
[5] Доктор Абдулькәрим Зәйдан: «әл-Мәдхәл лидиросатиш шариъатиль Исләмия». 146.

0 пікір