"Уа, Балам! Амалда шығынға ұшырап қалма...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (2 бөлім)
"Уа, Балам! Амалда шығынға ұшырап қалма...": Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (2 бөлім)
2 жыл бұрын 2902
Абдусамат Қасым

 УА, БАЛАМ!

(Ілімді оқып қана қойып, оны іске асырмай) амалда шығынға ұшырап қалма[1]. Хал (жүрек) ілімінен де бос болма (яғни, көкірек көзіңді ашар ілімнен де бос болма)[2]. 

(Сөзіме) илан! Құр (теория жүзіндегі) білім - пендеге көмектеспейді. (Мұны бір мысалмен түсіндіріп өтелік). Мысалы, шөл далада беліне он шақты үндіс қылышын асынған, бес қаруы түгел, бір батыр жігіт келе жатыр делік. Егер оның алдынан айбатты бір арыстан шығып атылса, қалай ойлайсың, асынған қару-жарағын қолданбай, арыстаннан төнген қауіпті бейтарап ете ала ма? Әлбетте, әрекет етпей, қаруын сермемей, арыстанның жаманшылығынан құтыла алмайтыны мәлім. Сол секілді, әлдекім жүз мың ғылыми мәселені оқып білсе де, онысын іс жүзінде амалға асырмайтын болса, оған оның еш пайдасы жоқ. Пайдасы, тек білімін іс жүзінде амалға асырғанда ғана болмақ. Тағы бір мысал: мәселен, бір кісі ыстығы көтеріліп, сары безгек ауруына шалдықса және оның емі «секенжеп» пен «кешкап» атты дәрілерін (ортағасырда ем ретінде қолданатын дәрі түрі) қолдану болса, ол екеуін қолданбай жазылмасы анық (ендеше, оқығанын көкейге тоқып, оны іс жүзінде көрсетпесе, оқыған білімінің пайдасы болмайды екен).  Мына өлең жолында айтылғандай:

«Екі мың литр шарап өндірсең де,
Ішпейінше мас болмайсың».

Сол айтқандай, жүз жыл ілім оқысаң да және мыңдаған кітап жинасаң да, Алла Тағаланың рахымына, тек амал етумен ғана әзір боласың және лайық боласың. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Адам баласына тек жүгірісіне қарай беріледі...» - деген[3]. 

Мүмкін біреу Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Адам баласы қайтыс болғаннан кейін... оның үш нәрседен басқа барлық амалдары тоқтатылады...» деген сөзіне сүйеніп, аталмыш аяттың үкімі мансұқ болды деп айтатын шығар. Олай деушінің өзі мансұқ.

Мейлі, мансұқ бола қойсын. Алла Тағаланың мына аяттарына не дейсің[4]:  

«...Кім Раббысымен жолығуды қаласа, ізгі іс істесін..."[5]

«...Жасаған істерінің қарымтасы ретінде...»[6]

«...Тапқан табыстарының қарымтасы ретінде...»[7]

«Шынында, иман етіп, ізгі амалдар істегендердің тұрақтайтын орындары Фирдаус жәннәті болады»[8].

«... Тәубе етіп, иманға келген және ізгі іс істегендер басқа...»[9]. (т.б. аяттар).

Және де мына хадиске не дейсің:

«Ислам діні бес негізге қаланған: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед (с.а.у.) Алланың жіберген елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазанда ораза ұстау және шамасы келген адамға қажылыққа бару»[10].  

Иман деген, тілмен (кәлиманы) айту, жүрекпен (Алланың хақтығын) растау және дене мүшелерімен амал жасау (немесе исламның бес парызын орындау).

Амал қылудың (яғни, оқыған ілімін іс жүзіне асырудың) маңыздылығына дәлел болар айғақтар өте көп. Пенде пейішке Алланың мейірімі мен кеңшілігінің арқасында кіретіндігі сөзсіз, бірақ ол үшін (Алланың кеңшілігіне қол жеткізуі үшін) пенде әуелі бойсұнып, мінәжат және құлшылықтарымен дайындық жасауы ләзім. Өйткені, Алланың рахымы – ізгі сүйерлерге жақын.

Осы орайда, әлдекім былай десе: «Құр иманның өзімен де пейішке жетуге болады ғой» деп айтса, оған берер жауабымыз келесідегідей: «Рас, иманның өзімен де пейішке жетуге болады, бірақ, қашан жетеді? Пейішке жетем дегенше, оған қаншама қиын кедергілер кезігеді! Сондай кедергілердің алғашқысы – иман кедергісі. Ол іліміне амал етпей (соңғы деміне шейін) иманын сақтай ала ма, жоқ па? Кедергілерден асып, пейішке жеткен күннің өзінде, ол - пейіштің «шығынға ұшыраған тұрғыны» ретінде саналмай ма? (Яғни, дін бұйрықтарын орындамай құр иманына ғана сеніп келген кісі, пейішке кірген күннің өзінде «пейіштің дымы жоқ кедей тұрғыны атанбақ»). Хасан әл-Басри (рахимаһуллаһ) айтады:

«Қиямет күні Алла Тағала пенделеріне: «Пейішке менің рахымымен кіріңдер. Ал пейіштегі дәрежені амалдарыңа қарай бөлісіңдер» дейтін болады» - дейді Имам Хасан әл-Басри[11]. (Егер жасаған амалы болмаса, пейіштегі нығметті несімен бөліспек?)...

 (Жалғасы бар...). 

Имам Ғазалидің «Әйюһәл Уәләд» («Уа, балам»)
атты кітабынан. (
Араб тілінде).  


[1] Сахих Мүслімде келтірілген бір хадисте, Алла елшісі сахабаларына:  «Мүфлис (шығынға ұшыраған адам) деген кім екенін білесіңдер ме? Сахабалар: «Мүфлис деп, ақшасы жоқ, тауары жоқ адамды айтамыз», - деп жауап береді. "Менің үмметімнің ішіндегі мүфлис адам – қиямет күні оқыған намазын, тұтқан оразасын, берген зекетін ала келгенімен, осы дүниеде пәленшеге тіл тигізіп, түгеншеге жала жапса, тағы біреудің дүниесіне қол сұғып, пәленшенің қанын төккен адам. Оның сауабынан алынып анаған беріледі, мынаған беріледі. Мойнындағы өзгенің ақысын толық өтеп бітпей сауабы таусылып қалса, әлгілердің күнәларын алады, олардың күнәлары оған жүктеледі.Содан кейін, ол адам тозаққа тасталады (осы дүниеде жасаған құлшылықтарының пайдасы болмай қалады)», дейді.
[2] Сыртқы ғылым мен ішкі хал ғылымын бірге алып жүруге тырысуды кеңес етуде, яғни, рухани тәрбиеге маңыз аудартуда. Аллаһу аъләм.
[3] («Нәжм» сүресі, 39 аят).
[4] Осы екі сөйлем кітаптың басқа нұсқаларында жоқ.
[5] «Кәһф» сүресі, 110 аят.
[6] «Ахқаф» сүресі, 14 аят.
[7] "Тәубе" сүресі, 84 аят.
[8] «Кәһф» сүресі, 107 аят.
[9] «Мәриям» сүресі, 60 аят.
[10] «Сахих Бұхари». «Сахих Мүслім». Сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен.
[11] Имам Құртуби: «Тәзкироһ»; Хафиз Ибн Кәсир: «әл-Фитән уәлМуләхим», (әл-Бидаяту уән-Ниһәяту): Әбу Дүняның сәнәдімен, сахаба Әнәстан (радияллаһу анһ) риуаят еткен нұсқасында Алла елшісінің былай дегендігі риуаят етіледі: «Алла Тағала қиямет күні иманы бар мүміндерге: «Менің кешіріміммен тозақтан (кірмей) өтіп кетіңдер. Және менің рахымымен пейішке кіріңдер, әрі пейіштегі (дәрежені) жасаған амалдарыңның деңгейінше бөлісіңдер!» дейді».

0 пікір