Тозақтықтардың татар азабы жайында
Тозақтықтардың татар азабы жайында
2 жыл бұрын 6149

Тозақтықтар жан төзгісіз ауыр азапқа түседі. Алла тағала Құранда:

«Әрбір қасарысқан зорлықшы зиян шекті. Оның артынан тозақ бар. Оған ірің суы ішкізіледі. Ол жұтуға тырысқанмен, оны тамағынан өткізе алмайды. Сондай-ақ оған әр тараптан өлім келеді. Ол өле алмайды. Тағы оның артынан ауыр азап келеді»1, – деген.

Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.):

«Қиямет күні тозақтықтар арасынан дүние халқындағы ең бір рақатта болғанын әкеліп, тозаққа бір салып алып:

«Ей, Адам баласы! Сен (дүниеде) бір қайыр көрдің бе?» – деп (сұралғанда), ол: «Жоқ, уа, Раббым!» – деп айтады екен», – дейді2.

Басқа бір хадисте Пайғамбар (с.а.с.) тозақтықтарды сипаттап: «Тозақтағы кәпірдің екі иығының арасы – жылдам жүрген аттылыға үш күндік жол», – деген3.

Бұл хадистен біздің ұғарымыз, тозақтықтардың азабы арта түсу үшін Алла тағаланың құдіретімен олардың денесі үлкейіп кетеді. Жаһаннамда кәпірлердің басына адам ойына сыйғысыз ауыр азаптар түседі. Рас, Алланың мейірімі өте кең, сонымен қатар Оның жазасы да қатты.

Келесі бір хадисте азабы ең жеңіл болатын тозақтағы пенденің жағдайы туралы Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді:

«Тозақтықтардың азабының ең жеңілі – Қиямет күні табанының астына шоқ қойылған бір кісі, одан оның миы қайнайды»4.

Тозақтықтар түрлі тәсілде, тағамдары мен сусындары арқылы азапталады. Алла тағала: «Олардың ащы, сасық тікеннен басқа ешбір тамағы болмайды. Ол семіртпейді де, аштықты да баспайды»5; «Шынында, заққұм ағашы – күнәкарлардың тамағы. Ол қарындарында балқыған кен сияқты, ыстық судың қайнағанындай қайнайды», – дейді6.

Пайғамбар (с.а.с.) тозақтағы сол бір ағашты сипаттап: «Егер заққұм ағашынан дүние мекеніне бір тамшы тамса, жер бетіндегілердің тұрмыс-тіршілігін бүлдірер еді», – деген7.

Тозақ тұрғындары аштыққа шыдай алмай, аталмыш заққұм ағашынан жеуге мәжбүр болады. Жеуін жегенмен, іштерін күйдіріп бара жатқан соң, оның зәрін басу үшін ішер су іздеп әуреге түседі. Сол кезде оларға қайнап тұрған су беріледі. Бұл жайлы Құранда:

«Сосын оларға қайнап тұрған судан сусын беріледі»8;

«Оның үстіне, қайнап тұрған судан ішесіңдер және шөлдеген түйеше сіміресіңдер. Міне, олардың Қиямет күнгі сыйлықтары»9;

«Қайнап тұрған су беріліп, ішектері туралғандар»10;

«Егер олар (су сұрап) жалбарынса, еріген кен тәрізді беттерді қуыратын бір су беріледі. Ол нендей жаман сусын және (тозақ) нендей жаман орын»11, – деп айтылған.

Сондай-ақ олардың тағамдарының бірі – ғислин және ғассақ. Ғислинді тәпсіршілер тозақтықтардың денелерінен аққан қанды ірің десе, ғассақты заһарлы, улы су деп түсіндіреді. Алла тағала:

«Ғислиннен басқа ешбір тамағы жоқ. Оны күнәкарлар ғана жейді»12;

«Міне, осы! Енді олар қайнап тұрған су мен ғассақ татсын! Тағы да басқа осы сияқтылардың неше түрлісі бар»13, – дейді.

Тозақтағылар алуан түрлі өлімші жағдайларды бастан кешіп, жан азапқа түсіп жатқанымен, олар өлмейді. Отқа қақталып, күйіп жанады. Алла тағала:

«Олардың терілері жанған сайын азапты тата түсулері үшін оны басқа терілерге ауыстырамыз»14, – деген.

Адамның ең сезімтал мүшесі – терісі. Терілері күйіп, жанып кеткен соң, азапты барынша татулары үшін Алла тағала олардың денесін қайтадан терімен қаптайды.

Сондай-ақ тозақ азаптарының бірі – саһр (іру). Алла тағала:

«Кәпір болғандарға киім оттан пішілген, төбелерінен қайнап тұрған су құйылады. Онымен олардың ішіндегілері және терілері іріп түседі», – дейді15.

Алла елшісі (с.а.с.) осы адам айтқысыз азапты хадисінде:

«Олардың төбелерінен қайнап тұрған ыстық су құйылады. Ол іш қуыстарына дейін өтіп, ішкі құрылыстарын ірітеді. Тіпті (іріген ішкі құрылыстары) екі табанынан ағады. «Саһр» (іру) – осы. Сосын (іріген іш қуысы) қайта қалпына келеді», – деп сипаттаған16.

Сондай-ақ тозақтағы зардабы ащы азаптардың бірі – «сахб» (сүйрету). Алла тағала Құранда: «Ол күні олар тозақта етпетінен сүйреледі. «Тозақтың азабын татыңдар» (делінеді)»17;

«Сол уақытта олардың мойындарына ажырғылар, бұғаулар салынып сүйреледі. Қайнап тұрған суда болып, сосын отқа жағылады»18, – дейді.

Жан шыдатпас азаптан тозақ тұтқындарының жүздері қарауытып кетеді. Алла тағала: «Олардың беттері түннің қараңғылығынан бір бөлік қаптағандай. Солар – тозақтық. Олар онда мәңгі қалады»19, – деген.

Сонымен қатар Алла тағала тозақта дайындаған азаптары туралы: «Олар үшін темірден жуантықтар болады. Қашан олар тозақтың бейнетінен шығуды қаласа, оған қайта итеріледі де, (оларға): «Жандырушы азаптың дәмін татыңдар!» (делінеді)»20;

«Олар тозақтың тар бір жеріне қолдары мойындарына байлаулы тасталғанда, сол жерде жоқ болуды қалайды»21, – деген.

Тозақ азабын сипаттайтын басқа да көптеген аяттар мен хадистер бар.

Ақырында тозақтықтар одан құтылудың лажын таба алмаған соң, тозақтың күзетшілерін сөзге тартқысы келеді. Бұл жайлы Алла тағала Құранда:

«Оттағылар тозақтың сақшысына: «Раббыларыңнан тілеңдер. Азабымыздан бір күн жеңілдетсін», – дейді. (Тозақ сақшылары): «Сендерге елшілерің мұғжизалармен келмеді ме?» – дейді. Олар: «Әрине!» – дейді. (Сақшылар): «Ендеше, жалбарыныңдар, кәпірлердің тілегі мүлде зая кетеді», – дейді»22, – деп баяндайды.

Сосын олар тозақтың бас күзетшісі – Мәликті шақыра бастайды.

«Тозақтықтар: «Ей, Мәлик! Раббың ісімізді бітірсін», – дейді. (Сақшы): «Расында, сендер тұрасыңдар», – дейді. (Алла оларға): «Шынында, сендерге шындықты келтірдік. Бірақ көбің шындықты жек көрдіңдер», – дейді»23.

«Ақырет өткелдері»,
Арабшадан аударып, құрастырғандар:
А.Кадыров, Қ.Спатай, З.Аман

1«Ибраһим» сүресі, 15-17 аяттар.
2 Муслим.
3 Муслим.
4 Әл-Бұхари.
5 «Ғашия» сүресі, 6-7 аяттар.
6«Дұхан» сүресі, 43-46 аяттар.
7 Муслим. 244.
8 «Саффат» сүресі, 67-аят.
9 «Уақиға» сүресі, 54-56 аяттар.
10«Мұхаммед» сүресі, 15-аят.
11«Кәһф» сүресі, 29-аят.
12«Хаққа» сүресі, 36-37 аяттар.
13 «Сад» сүресі, 57-58 аяттар.
14 «Ниса» сүресі, 56-аят. 245.
15 «Хаж» сүресі, 19-20 аяттар.
16Әт-Тирмизи.
17Қамар» сүресі, 48-аят.
18«Ғафыр» сүресі, 71-72 аяттар.
19«Юнус» сүресі, 27-аят.
20 «Хаж» сүресі, 21-22 аяттар.
21«Фурқан» сүресі, 13-аят.
22«Ғафыр» сүресі, 49-50 аяттар.
23«Зухруф» сүресі, 77-78 аяттар.

0 пікір