Тақуалықтың төрт деңгейі бар
Тақуалықтың төрт деңгейі бар
7 ай бұрын 2288
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Ислам шариғатында «тақуалық», «әл-Уараъ» ( الوَرَع) және «зүһд» деген терминдер бар. Қарапайым тілмен айтқанда, тақуалық - харамнан қашу. Әл-Уараъ - күмәннан қашу. Зүһд - дүниеқоңыздықтан қашу. Дейтұрғанмен, бұлар бір-бірлерінің мағынасын қамтитыны сөзсіз. Сол себептен де, әл-Уараъ сөзін «тақуалық» деп алып отырмыз.

Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) әл-Уараътың, яғни, түсінікті тілмен айтқанда «тақуалықтың» төрт деңгейін атап өткен. Олар келесідегідей: 

1) Біріншісі - немқұрайлық танытқан кісіге күнә жазылатын, ол бойында табылмаған кезде «әділ» сипаты жойылатын, бір сөзбен айтқанда: фақиһ ғалымдардың «харам» деп үкім берген істерден тыйылуды керек еттірер тақуалық.

2) Екіншісі, салиқалы жандардың тақуалығы. Бұл - харамға жол ашуы ықтимал нәрселерден тыйылу. Тіпті пәтуа беруші ғалым «халал» деген болса да, ол нәрсені істеген жағдайда харамға түсіп қалу ықтималдығы болса, одан сақтану, осыны - салиқалы (салих) кісілердің тақуалығы дейміз.

3) Үшіншісі, муттақилардың (тақуа жандардың) тақуалығы. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Пенде зияны болмаса да, бірақ өзге зияны бар нәрселерге түсіп қалуым мүмкін деп ол зияны жоқ нәрселерден сақтанбайынша, муттақилардың деңгейіне жетпейді» деген1. Әзіреті Омар да бір сөзінде: «Біз харамға түсіп қалудан қауіптеніп, халалдың тоғызда бірін тәрк еттік» деген болатын. Осы негізден әрекет ете отырып, кейбір тақуа жандар жүз дирхам алу керек болып тұрса да, тоқсан тоғыз дирхам алатын, осылайша өзі мен тозақтың арасына тосқауыл болсын деп бір дирхамды тәрк етуші еді. Сондай-ақ, харам болған құмарларға деген қызуғышылық нәпсісінде тумас үшін, дүниелік  зейнет заттардан және дәмді заттарды жеуден тартынуды да тақуалықтың осы деңгейіне жатқызсақ болады. Мысалы, мал-дүние иелерінің зейнеттеріне (зәулім үй, қымбат көлік т.б.) қараудан сақтану осыған мысал, өйткені оларға қарау - жүрегінде дүниеге деген құмарлықты оятуы мүмкін...

4) Төртіншісі, сыддықтардың (шыншылдардың) тақуалығы. Бұл - Алла Тағалаға құлшылық ете алатындай ғана денеге қуат берер ас ішіп, қалған нәрселерден тыйылу. (Басқаша айтқанда, құлшылық қыла алуға жарар көлемдегі дүниелік нәрселермен ғана шектеліп, өзгесіне қызықпау). Осыған байланысты мынадай бір оқиға айтылады. Зунун Мысри деген ұлы бір зат қамауға алыныпты. Қамауда аш қалады. Біраз күннен кейін бір салиқалы әйел кісі өзінің адал табысынан ас әзірлеп, түрменің күзетшісі арқылы беріп жібереді. Алайда, Зунун Мысры: «бұл ас залымның қолымен берілді» деп ол асты жемей қойған екен. Залым деп түрме күзетшісін айтып отыр. (Сонда ас адал болса да, залым адамның қолымен табысталғандықтан, аш бола тұра ол асты жемеген). 

(Имам Ғазалидің "Китаб әл-Арбиъин фи усулуддин" атты кітабынан).


1  Имам Тирмизи: «Сүнән»; Ибн Мәжә: «Сүнән».

 А. Қасым.

 

0 пікір