Тәмим әд-Дәридің Дәжжалды көрген оқиғасы
Тәмим әд-Дәридің Дәжжалды көрген оқиғасы
5 ай бұрын 11727
А. Қасым

Имам Мүслімнің хадистер жинағында сахаба Тәмим әд-Дәридың әңгімесі орын алған. Ол бір теңіз саяхатында басынан өткен оқиғасын Алла елшісіне (с.а.у.) баяндап береді. Одан соң, Алла елшісі мұсылмандарды мешітке жинап, олардың да ол әңгімені естулерін қалайды. Ол әңгіме – Тәмим әд-Дәридың Дәжжәлды көруі жайында еді.

Даххак ибн Қайстың қарындасы Фатима бинт Қайстан жеткен бұл хадисте, ол (Фатима) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаршысының «Жамағат намазы!» деп айғайлағанын естіп, мешітке барады. Әрі қарай Фатиманың өз аузынан естиік:

«Пайғамбарымызбен бірге намаз оқыдым. Мен жамағаттың артқы жағындағы әйелдер сабында едім. Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды оқып болғаннан кейін, мінберге отырды да жымип:

- Әркім өзінің намаз оқыған жерінде қалсын, - деді. 

Кейін Ол (с.а.у.) жамағатқа:

- Мен сендерді не үшін жинағанымды білесіңдер ме? – деп сұрады.

- Алла және Оның расулі жақсырақ біледі, - деді жиналғандар.

- Уаллаһи, мен сендерді бір тілек үшін немесе бір қауіп-қатер себепті жинаған жоқпын. Сендерді жинауымның себебі, Тәми әд-Дәри деген кісі – бұрын христиан болған. Енді келіп, бият етіп, мұсылман болып отыр. Ол маған бір әңгімені айтып берді. Оның айтқандары – менің сендерге (дәжжалды көрмесем де) Дажжал жайында айтқандарыммен бірдей. Оның айтысына қарағанда, ол, «Ләхм» мен «Жүзәм» тайпасынан болған отыз шақты адаммен бірге теңіз кемесіне отырған. Теңіз дауылы тұрып, бір ай бойы толқын олармен ойнаған. Кейін күн батыс жақтағы бір аралға кемені жақындатып, кемеден түсіп, қайыққа отырған, сөйтіп аралға кірген. Аралға аяқ басқандарында алдарынан үсті-басы жүн-жүн, арты қайсы, алды қайсы белгісіз бір мақұлық кездескен. Олар одан:

- Сен кім боласың? – деп сұраған. Ол:

- Тыңшымын, - деп жауап берген. (Дәжжалдың тыңшысы).

- Қайдағы тыңшы? – деген бұлар. Ол болса:

- Ей, жамағат, монастырьдегі кісіге барыңдар. Ол сендердегі жаңалықты қатты естігісі келеді, - деген...».

(Әрі қарай әңгімеге Тәмим әд-Дәри қосылып, былай деп жалғастырады):

«Бізге монастырьдегі адам жайында айтқан кезде, біз одан шайтан болып жүрмесін деп қорықтық. Шапшаң жүріп, монастырьге кірдік. Кірсек, жаратылысы жөнінен (дене-бітімі жөнінен) бұрын-соңды көрген адамдардың ең үлкені және кісен (мен шынжырға) матап тасталу жөнінен бұрын-соңды көрген адамдардың ішінен ең қатты байланған әлдекімді көрдік. Оның екі қолы біріктіріліп мойнына байланған еді және тізесі мен өкшесінің арасында темірлер бар еді. Біз оған:

- Бақытсыз жан, сен кімсің? – деп сұрадық.

- Мен жайында (сәлден соң) білетін боласыңдар. Сендер кімсіңдер, соны маған айтыңдар? – деді.

- Біз Араб ұлтынан боламыз. Теңіз кемесіне міндік. Теңіздің толқынды болар мезгіліне кезігіптік. Толқындар бізбен бір ай бойы ойнады. Одан кейін сенің аралыңа кемемізді жақындаттық. Қайыққа мініп, аралға келдік. Алдымыздан жүн-жүн, түгінің көптігі себепті алды қайсы, арты қайсы белгісіз бір мақұлықты кездестірдік. Біз одан: «Кімсің?» деп сұрағанымызда, ол: «Мен жассаспын (тыңшымын)» - деді. Біз оған: «Тыңшысы несі?» - дегенімізде, ол: «монастырьдағы әлгі адамға барыңдар, ол сендердегі жаңалықты асыға күтуде» деді. Осылайша саған асығыс келдік. Одан қорықтық. Ұрғашы шайтан емес екендігіне сенімді болмадық» - деп айтып бердік.

Сонда (әлгі кісендеулі адам бізге):

- Маған «Бәйсан» құрмалары жайында айтып беріңдер, - деді. (Байсан - Йордания жақтағы бір жер).

Біз:

- Оның несін білгің келеді? – дедік.

Ол:

- Мен сендерден оның құрмаларынан сұрап тұрмын, жеміс берді ме? - деді.

Біз:

- Иә, - дедік.

Ол:

- Жеміс беруі тоқтайтын шақ жақын, - деді. Сосын:

- Маған (Сириядағы) Табария көлі жайында айтыңдар! – деді.

Біз:

- Оның несін білгің келеді? – дедік.

Ол:

- Көлде су бар ма? – деді.

Біз:

- Иә. Суы мол деп айтып жатады, - дедік.

Ол:

- Суының тартылып кетуі жақын, - деді. Артынан:

- Маған «Зуғар» бұлағы жайында айтыңдар, - деді. (Зуғар - Сирияның солтүстігіндегі бір өлке).

Біз:

- Оның несін білгің келеді? – дедік.

Ол:

-Бұлақта су бар ма? Халқы оның суымен егістерін суғара ма? – деді.

Біз:

-Иә. Ол бұлақтың суы мол. Халқы оның суымен егістерін егеді, - дедік.

Ол:

-Маған Үмми болған пайғамбар жайында айтып беріңдер. Ол не істеді? – деді.

Біз:

-Меккеден шығып, Ясрибте (Мединеде) тұрақтады деп айтады (жұрт) – дедік.

Ол:

-Арабтар оған соғыс ашты ма? – деді.

Біз:

-Иә.

Ол:

-Олармен ол не істеді? – деді.

Біз оған арабтардан кім қарсы келсе де оның жеңгенін және өзіне бағындырғанын айтып бердік.

Ол:

-Солай болды ма? – деп сұрады.

Біз:

-Иә, - дедік.

Ол:

-Олардың оған бойұсынғандары абзал болады, - деді де артынан:

-Ал, енді, өзім жайында сендерге айтайын. Мен – Мәсіх Дәжжалмын. Шығуым үшін рұқсат берілер күн жақын. Шығып, жер бетін кеземін. Қырық түн бойы ешбір елді-мекенді қалдырмай бәріне кіремін. Мекке мен Тайыбадан басқа (Тайыба – Медине қаласы). Ол екі қала маған харам болады (тыйым салынады). Қайсы біріне кіргім келсе, қолында қылышын қынабынан суырған бір періште қарсы алдыма шығып, қалаға кіруге кедергі жасайтын болады. Ондағы әрбір тесігінде қаланы күзетіп тұрар періштелер болады, - деді ол», (- деп Тәмим әд-Дәри әңгімесін аяқтаған екен).

(Хадисті риуаят етуші Фатима әрі қарай былай әңгімелейді:)  

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) мінберін аса таяғымен түртіп қалып: 

-Тайыба дегені осы. Тайыба дегені осы. Тайыба дегені осы (яғни, Медине қаласы). Мен сендерге ол жайында айтпап па едім? - деп сұрады (отырғандардан).

Адамдар:

-Иә, - деді.

Пайғамбарымыз:

-Қараңдар! Тәмимнің айтқандарының – менің Дәжжал туралы және Мекке мен Медине туралы сендерге айтқандарыма сайкес келуі маған ұнады. Қараңдар! Дәжжал Шам теңізінде немесе Йемен теңізінде. Жоқ. Керісінше, ол – шығыс тарапында. Шығыс тарапында. Шығыс тарапында! – деп мүбәрак қолын шығыс жаққа созды. Мен осыны Алла елшісінен жадымда сақтап қалдым» деп аяқтайды Фатима бинт Қайс (радияллаһу анһа).  

"Сахих Мүслім", №2942 хадис.

0 пікір