Бүгінде Дажжалды смартфон дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
Бүгінде Дажжалды смартфон дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
5 жыл бұрын 4803

Ассаламуғалейкум! Бір сұрақ бар еді. Бір танысым бар. Түркияда оқыған. Сол жігіт даджалды смартфон дейді. Ал заманның ақырында күннің батыстан шығуын - діннің Түркиядан қайта тарайтындығын білдіреді дейді. Бұл қандай жамағат екенін білгім келеді. Имам Матуриди ақидасындамын дейді өзін. Не айтасыз? Жауап күтемін. Сәбит.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дажжалға қатысты салыстырмалы түрде әркім әрқалай жорамалдауы мүмкін. Дегенмен, ондай жорамалдаулардың ешқайшысы нақтылықты білдірмейді. Мысалы, салыстырмалы түрде интернетті де «дажжал» дер едім. Бірақ, Дажжал дегеніміз, адам болады. Ол - жер бетінде алапат зұлымдық жаяды. Оны смартфонмен, не интернетпен салыстырып, жеңіл қарамаған жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол туралы айтқанда сахабаларды үрей билейтін. Алла елшісі (с.а.у.) бір хадисінде: «Адамның жаратылысынан бастап, қиямет қайымға шейінгі аралықта Дажжалдың бүлігінен асқан алапат бүлік жоқ», - деген.  

Кезінде теледидарды да тажал дегендер болды. Әлі де көп нәрсеге ұқсататындар шығатыны сөзсіз. Алайда біздер хадистерді негізге аламыз. Хадистерде оның адам болатындығы ашық айтылған. Сондай хадистердегі мәлімет бойынша, Дажжалдың (тажал) кейбір сипаттамасы төмендегідей:

  1. Қысқа бойлы
  2. Толық
  3. Қисық аяқты
  4. Бұйра шашты
  5. Оң көзі соқыр (кей риуаятта сол көзі өшіріліп, сүртіп тасталған сияқты делінген)
  6. Екі көзінің ортасында «кәпір» деген жазу бар. Ол жазуды мүминдердің хат танитыны да, хат танымайтыны да оқи алатын болады.
  7. Жас жігіт.
  8. Шығыс жақтардан шығады (кей риуятта Хорасаннан шығады делінген).
  9. Иса пайғамбардың қолынан өледі.

Сондай-ақ, Дажжалдың жер бетін шарлап, кірмеген елді-мекені қалмайды екен. Тек, Мекке мен Медине қаласына кіре алмайды. Аталмыш екі қаладағы әрбір кіретін тесікті періштелер күзетіп, Дажжалдың кіруіне тосқауыл жасайтындығы сахих хадистерде баян етілген[1]. Ал смартфондар аталмыш екі қалада кеңінен таралғандығы айтпасақ та мәлім.

Ал, енді екінші мәселеге келсек. Өзіңіз айтқандай, Ислам діні Түркия жерінде өркендеп, бүкіл әлемге жайылып жатса, оған қуанбасақ, қайғырмайтындығымыз анық. Бірақ, хадистердегі күннің батыстан шығуын, Исламның Түркия елінде шарықтайтындығына жорамалдау - негізсіз деп білемін. Оның үстіне, мұндай жорамалдаулардың астарында ақыр заман күні күннің шынайы тұрғыда батыстан шығатындығын жоққа шығарушылық жатыр. Бұл - Әһли сүнна ғалымдардың ұстанымынан гөрі, Мұғтәзилия ағымындағылардың мәселеге жақындау тәсіліне көбірек ұқсас.           

Күннің батыстан шығуы – қиямет қайымның басталатын сәтін білдіреді. Қияметтің ең үлкен белгілерінің бірі. Және ол – шынайы түрде болатын құбылыс. Бұрын Исламды өтіріксініп жүргендер, сол сәтте иман келтіре бастайды екен. Алайда, ол кезде бәрі кеш болады. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыз сахих хадисте былай деген:

عن أَبي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : ( لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى تَطْلُعَ الشَّمْسُ مِنْ مَغْرِبِهَا ، فَإِذَا رَآهَا النَّاسُ ، آمَنَ مَنْ عَلَيْهَا ، فَذَاكَ حِينَ لَا يَنْفَعُ نَفْسًا إِيمَانُهَا لَمْ تَكُنْ آمَنَتْ مِنْ قَبْلُ

«Күн батыстан шықпайынша ақыр заман болмайды. Оны адамдар көрген кезде, жер бетіндегілердің бәрі иман келтіреді. Бірақ, ол сәт - бұрын иман етпегендердің (иман етсе де) иманы пайда бермейтін сәт»[2]. 


[1] Бұхари мен Муслим.
[2] Сахих Муслим.

Абдусамат Қасым