САХИХ МҮСЛІМДЕГІ «КҮҢ» ХАДИСІНЕ ТАЛДАУ
САХИХ МҮСЛІМДЕГІ «КҮҢ» ХАДИСІНЕ ТАЛДАУ
3 жыл бұрын 2380
Қайрат Жолдыбайұлы, "Дін мен діл"

Әуелі аталмыш хадистің мәтініне көз жүгіртіп көрейік. Муслимнің жинағында Мұғауия ибн әл-Хакам әс-Сулламиден риуаят етілген ұзақ хадистің соңғы жағында талқыланып отырған тақырыпқа қатысты былай делінеді: 

«Менің бір күңім бар еді. Қойларымды Ұхұд пен әл-Жаууаания таулары жақта жаятын. Бір күні жайып жүрген қойларының біреуін қасқырдың сүйреп бара жатқанын байқадым. Адам баласымын ғой, ел секілді мен де ашуланып, қайғырамын. Әлгі күңімді бір қойдым. Сосын Пайғамбарымыздың жанына келдім. (Болған жайды айтып бердім). Ол маған бұл істің үлкен күнә екенін айтты. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! (күнәма кәффарат ретінде) Күңіме азаттығын берейін бе?», – дедім. Ол маған: «Күңіңді алып келші», – деді. Сөйтіп мен күңімді Пайғамбарымызға алып келдім. Пайғамбарымыз оған: «Алла қайда?», – деп еді, ол: «Аспанда», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Мен кіммін?», – деді. Ол: «Сен Алланың Елшісісің» деп жауап қайырды. Содан кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.) маған: «Басына азаттық бер, күңің мұсылман екен», –  деді».

Біріншіден, қазіргі қолымыздағы Мүслім жинағындағы бұл хадистің соңғы жағындағы «күң оқиғасы», яғни, Алла Елшісінің күңге «Алла қайда?» деп сұрағыны әрі оның «Алла аспанда» деп жауап берген жері Мүслім жинағының Бәйһақидағы нұсқасында жоқ. Бұл жайлы Хафиз әл-Бәйһақи «Әл-асма уас-сифат» кітабында былай дейді: 

«Мүслім бұл сахих хадисті  әл-Аузағидың және Хажжаж әс-Сауаффтың Иахия ибн Әби Касирден жеткізген  хадисінен «күң оқиғасын» қиып тастап риуаят еткен. Күң оқиғасын жинағына алмау себебі «күңге» қатысты мәтіннің хадисті жеткізуші рауилер тарапынан әртүрлі сөздермен келгендігі болса керек...»[1]

Имам әл-Кәусари Бәйһақидың осы сөзіне байланысты былай дейді: 

«Қазіргі қолымыздағы Мүслім жинағына «күң оқиғасы» хадисті толықтыру үшін кейіннен қосылған болуы мүмкін. Немесе Бәйһақидың қолындағы нұсқа нұқсан болған. Бәйһақидың өзі: «Мен сұнанның «зиһар» тарауында Мұғауия ибнул-Хакамның (осы хадисті жеткізген адам) риуаятына хадис сөзінде қайшы келетін басқа  риуаяттарды да келтірдім» – деп «күң оқиғасына қатысты) жоғарыдағы хадистің «Мұдтараб» хадис екендігін ишарат еткен».

Байқағанымыздай Бәйһақи қолындағы Мүслім нұсқасында «күң оқиғасының» жоқ екендігін айтады. Сондай-ақ хадистегі күң оқиғасына қатысты мәтіннің басқа риуаяттарда өзгеше сөздермен жеткізгендігін айту арқылы хадистің «мұдтараб хадис» екендігін меңзеген.

Ал енді «мұдтараб хадис» дегеніміз не?

Хадис ілімінде «жеткізу тізбегінің қуаты деңгейлес болған хадистің мәтіні әртүрлі сөздермен риуаят етілсе, ондай хадиске – «мұдтараб хадис» делінеді.

Ибн Хажар Асқалани да «талхисул-хабир» кітабының «кәффарат» бөлімінде күң оқиғасының әртүрлі сөздермен жеткен риуаяттарын келтіргеннен кейін: «Жалпы бұл хадис сөздерінің бір-біріне қайшылығы көп»[2]– деген. Сондай-ақ, Имам Хафиз әл-Баззар өзінің мұснадында бұл хадис жайлы: «Бұл хадиске ұқсас хидистер басқа сөздермен де риуаят етілген»[3] деп хадистің мұдтараб хадиске жататындығын меңзеген.

Рас, Муслимнің жинағындағы «күң оқиғасы» яғни, Алла Елшісінің (с.а.у.) күңнен: «Алла қайда?» деген сауалы мен күңнің: «Алла аспанда?» деп жауап беру оқиғасы басқа сахих хадистерде мүлдем бөлек мазмұнда, өзге сөздермен жеткізілген.

Мысалы, Хафиз Абдур-Раззақтың «мұсаннафында» келген сахих хадисте күң оқиғасы былай өрбиді: 

«Алла елшісі күңнен: «Алланың бір екендігіне куәлік етесің бе?-деп сұрады. Күң: «иә»-деп жауап қайырды. Алла Елшісі: «Мұхаммедтің Алланың құлы әрі елшісі екендігіне ше?», – деді. Күң: «Иә», – деді. Алла Елшісі: «Өлімнің және қайта тірілудің ақиқат екеніне ше?», – деп сұрады. Күң: «Иә», – деп жауап берді. Алла Елшісі: «Жұмақ пен тозақ отының ақиқаттығына ше?», – деді. Күң: «Иә», – деп жауап қатты. Біткеннен кейін Алла Елшісі: «Қаласаң бұл күңіңнің басына азаттық бер яки өзіңде ұста», – деді».[4]

Оқырманға ұғынықты болу үшін мына жайтты айта кетейін. Исламда белгілі бір күнәлардың кәффараты ретінде құлды азат ету талап етіледі. Ал азат етілетін құлдың иман келтірген мұсылман болуы шарт. Міне, сондықтан жоғарыдағы хадисте азат етілетін күңнің мұсылман екендігіне көз жеткізу үшін Алла Елшісі жоғарыдағы сауалдарды сұраған.

Жоғарыдағы хадиске қосымша, Ибн Хиббан «сахихында» және Ахмадтың мұснадында, Әбу Дәуідте, ән-Насаийде Шарид ибн Суайд әс-Сақафиден күңді азату етуге қатысты мынандай хадис риуаят етілген. Ол былай дейді: 

«Мен Алла Елшісіне уа Алланың Елшісі (с.а.у.)! Шешем өз атынан маған бір құлды азат етуімді өсиет еткен еді. Менде бір қара күң бар», – дедім. Алла Елшісі маған: «Шақыр оны», – деді. Ол келгеннен кейін оған Алла Елшісі: «Раббың кім?», – деді. Күң: «Алла», – деді. Алла Елшісі: «Мен кіммін», – деп сауалын жалғастырды. Күң: «Сен Алланың Елшісісің», – деп жауап берді. Алла Елшісі маған қарата: «Оған азаттығын бер. Өйткені, ол мұсылман»[11], – деді[5]. Дәл осы хадис әд-Даримида Алла Елшісінің күңге қарата: «Алланың бір екендігіне куәлік етесің бе?» деген сөзімен де «хасан» дәрежеде риуаят етілген.[6]

Байқағанымыздай «күң оқиғасы» Бәйһақи айтқандай Муслимнің әу бастағы нұсқасында жоқ болсын, не бар болсын, жалпы алғанда бұл хадистің «мұдтараб» хадис екендігінде дау жоқ. Себебі, хадистегі Алла Елшісінің (с.а.у.) күңге қарата қойған «Алла қайда?» деген сауалы Абдур-Раззақтың мұсаннафындағы  сахих хадисте «Алланың бір екендігіне куәлік етесің бе?» деген сөзбен жеткізілген. Ал Хиббанныңсахихында күңге қатысты сауал «Раббың кім?» деген сөзбен риуаят етілген. Сондай-ақ, күң оқиғасы Ата ибн Иасардан жеткен риуаятта Алла Елшісінің күңнен «Алла қайда?» деп емес, «Аспанда кім» деп сұрағандығы айтылған.[13][7]

Жоғарыда келтіргеніміздей дәрежесі деңгейлес хадистердің әртүрлі сөзбен риуаят етілуіне «мұдтараб» хадис делінеді. Ал мұдтараб хадисті жеткізушілердің тізбегі толық болса да, мазмұнындағы аталмыш «мін» оның сахих болуына кедергі келтіреді. Сондықтан, «мұдтараб хадистің» ақида мәселесінде, оның ішіндегі ислам ғұламаларының бір ауыздан «Алла мекенсіз» деген берік ұстанымдарына қайшы көзқарасқа дәйек болуы былай тұрсын, жалпы мәселелерге де дәлел ретінде жарамайды. Ендеше, осындай бір ғана «мұдтараб» хадиске сүйеніп, мекенсіз Аллаға «мекен таңу» әсте дұрыс емес.

Бұған қоса күң оқиғасына қатысты хадистердің ішінде Абдур-Раззақтың мұсаннафындағы «Алланың бір екендігіне куәлік етесің бе?» деген сөзбен жеткізілген хадисті қуаттайтын басқа да қисындық факторлар бар. Себебі, кісінің иман келтіріп, келтірмегендігін анықтау үшін оның Алланың – бір, Мұхаммедтің – елші, өлім мен қайта тірілудің хақтығы һәм жұмақ пен тозақтың ақиқат екендігіне сеніп, сенбегендігін сұрап білу қажет. Міне, бұл қисынға келеді. Себебі, мұсылмандықты алғаш қабылдаған адамға айтқызатын алғашқы имани куәлік «Алладан басқа тәңірдің жоқтығына һәм Мұхаммед оның елші екендігіне куәлік етемін» деген сөз емес пе? Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз елшілерін түрлі тайпалар мен қауымдарды дінге шақыру үшін жібергенде, оларға «Алланың бір және Мұхаммедтің елші екендігіне кәуелік келтіруге шақырыңдар» дегені көптеген сахих хадистерде айтылған. Оның ешбірінде Алланың аспанда екендігіне куәлік етуге шақырып әрі оны иманның белгісі ретінде қабылдауды айтпаған. 

Ал енді хадисті «мұдтараб» деп танымай-ақ, сахих хадис ретінде қабылдағанның өзінде ешбір ислам ғұламасы бұл хадис арқылы «Алла аспанды мекен тұтады» деген шешімге бармаған.

Имам ән-Нәуауидің жоғарыдағы Муслимдегі хадиске қатысты түсіндірмесін келтірейік. Ол былай дейді:

Бұл хадис «ахадисус-сифатқа» (Алланың сипатына қатысты хадистер) жатады. Мұндай мәселеге қатысты екі көзқарас бар. Бұл екі көзқарас жайлы «иман» тарауында  талай рет айтылды. Біріншісі, Алла Тағалаға еш нәрсенің ұқсамайтынын әрі Оның жаратылғандарға тән ерекшеліктерден пәк екеніне сене отырып, айтылған сипаттың мағынасына кірместен жалпылай иман келтіру. Ал екіншісі, Аллаға лайық келетін кейіпте жорамалдау. Бұл көзқарастағылар былай дейді: 

«Пайғамбарымыз «Алла қайда?» деуі арқылы оның бір Аллаға сеніп, сенбейтінін анықтағысы келді. Яғни, барлық жаратылысты басқарып әрі барлық істі істеп тұрған жаратушының жалғыз Алла екендігіне, намаз оқығанда кісінің қағбаға бет бұратыны секілді, дұға жасаушының тілек тілегенде қолын аспанға көтеру арқылы мінәжат жасалатын бір Аллаға сеніп, сенбейтіндігін білгісі келді. Жүзді қағбаға бұрған уақытта Алланың қағбаның ішінде болмайтыны секілді,  қолды аспанға жайған кезде де Ол аспанның ішінде болмайды. Керісінше қағба намаз оқушылардың құбыласы болғаны тәрізді, аспан да дұға етушілердің құбыласы. Немесе пайғамбарымыз оның жердегі пұттарға табынушылардан болып, болмағанын білгісі келді. Ол: «Аспанда» деп жауап бергеннен кейін оның пұтқа табынушы емес, бір Аллаға сенетіндігін айқындады».

Имам ән-Нәуауий бұл мәселеге қатысты сөзін мәшһүр ғалым әл-Қади Ъиадтың былай деген сөзімен жалғастырды: «Мұсылмандардың фақиһтері мейлі хадис ғалымдары һәм  кәлам саласының мамандары болсын, тіпті діни үкімді басқалардан алатын қарапайым мұқаллидтері болсын бәрі «Аспандағының сендердің үстеріңе жерді төңкере салуынан қорықпайсыңдар ма?» деген аяттар секілді мұндай «Алла аспанда» делінген сөздердің тура мағанасының мұрат еместігін бірауыздан айтқан. Мұндай сөздердің тура мағынасы мұрат болмағандықтан, барлық ғалымдар бойынша жорамалданған...»[8].

Мүслімнің хадис жинағына түсіндірме жасаған ғалым әл-Мазири де жоғарыдағы хадис жайлы былай дейді:

«Пайғамбарымыз күңнің мұсылман болып, болмағандығын білдіретін қандай да бір белгісін білгісі келді. Өйткені кәпірлердің табынатын құдайлары саналатын от пен пұт жерде орналасқан. Әрқайсысы қажетін өз құдайынан сұрайды. Ал аспан болса, жалғыз Аллаға сенетіндердің дұға, тілектерінің құбыласы. Міне, сондықтан оның неге иман келтіретінін анықтағысы келді. Сөйтіп, оның түсінетін тілімен сөйлесті. Сосын ол жалғыз Аллаға иман келтірушілердің дұға жасаған уақытта қолдарын жаятын аспанды ишарат етті. Құбылаға бет бұру – Алла Тағаланың қағбамен шектеулі екенін көрсетпейтіні секілді, Аллаға иман келтірушілердің дұға жасаған уақытта қолдарын жаятын аспанды меңзеу де Оның белгілі бір жақта әрі аспанмен шектеулі екенін де білдірмейді»[9].

Түйін

Байқағанымыздай кейбір көрнекті ислам ғұламалары Муслимдегі «Алла аспанда»  деген хадисті «мұдтараб» хадис қатарына жатқызған. «Мұдтараб» хадиске сүйеніп, үкім шығарылмайтындығы белгілі. Ал хадиске «мұдтараб» таңбасын баспаған басқа барша ғұламалар «Алла аспанда» деген сөзді жоғарыда имам ән-Нәуауидің түсіндірмесінде көрсетілгендей Алланың мекенсіздігін негізге ала отырып, ол сөзден нендей мағына мақсат етілгенін Аллаға тапсырып, үнсіз қалу жолын таңдаған яки Алланың ұлықтығына лайық басқа мағынада жорамал жасаған. Ендеше, ғұламалар салған сара жолдан адасып, хадистегі бір ғана сөзді негізге алып үмбет арасына іріткі салып жүрген бауырларымызға Алладан көкіректеріне ақиқат нұрын құюды тілейміз.


[1] Абдул-Қадир ибн Тааһирит-тамиими әл-Бағдади, Ал-фарқ байнал-фирақ, 1-том, 345-бет. Дарул-афақил-жадида» баспасы, 2-басылым, Бәйрут, 1977 ж.
[2] Ибн Хажар әл-Асқалани, Талхисул-хабир, 448-бет. «Құртуба» және «Дарул-Мишкат» баспасы, 1995 ж.
[3]
[4] Әбу Бәкір Абдур-Раззақ ибн Һүмам әс-Санъани, Мусаннафу Абдир-Раззақ, 9-том, 175-бет. «Әл-Мәктабул-ислами» баспасы, Бәйрут, Һижри 1403 ж.
[5] Мұхаммед ибн Хиббан ибн Мұхаммед, Сахих ибн Хиббан, 1-том, 418 - бет. «Мүуссатур-рисала» баспасы, Бәйрут, 1992 ж.
[6] Хасан ибн Али ас-Саққаф, Мажмуъ Расайлис-саққаф, 1-том, 353-бет. «Дарур-Рази» баспасы.
[7] Ибн Хажар әл-Асқалани, Талхисул-хабир, 448-бет. «Құртуба» және «Дарул-Мишкат» баспасы, 1995 ж.
[8] Мұхиддин ән-Нәуауий, әл-Минһәәж Шарх сахих Муслим ибнил-Хажжаж, 5-6 том, 26-27 бет.  «Дарул-мағрифа» баспасы, 2007 ж.
[9] Мұхаммед Наъим Мұхамед, әл-Қанун фи ъақайдил-фирақи уәл-мәзаһибил-исламия, 403-бет. «Дәрус-салам» баспасы, Египет, 2007 ж.

0 пікір