Құдай Тағала жақсы көретін 10 ерекшелік
Құдай Тағала жақсы көретін 10 ерекшелік
2 жыл бұрын 10832

Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөлену мен оның ризалығына қол жеткізуден ұлық нәрсе жоқ. Мүмін-мұсылман кісі Алла Тағаланың махаббатына жету жолында ыждыхаттылық танытуы ләзім. Алла Тағала Құран Кәрімде өзінің сүйікті пайғамбарына: «(Мүміндерге) айт: Егер Алла Тағаланы жақсы көретін болсаңдар, маған ілесіңдер. Сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Алла Тағала – өте кешірімді, рахымды», - деген. (Құран, «Әли Имран», 31 аят).

Ендеше мұсылман адам Алла Тағала ұнататын сипаттарды бойына сіңдіруге талпынуы керек. Сонда оның - Алла Тағаланың сүйген пенделерінің қатарынан орын алып қалуы ғажап емес.  

Бүгінгі жазбамызда Алла Тағала Құран Кәрімде жақсы көретіндігін айтқан ерекшеліктердің және хадистерде білдірілген ерекшеліктердің біршамасын оқырманға ұсынуды жөн санап отырмыз.

1). Игілік«Игілік жасаңдар. Шынында Алла Тағала игі сүйерлерді жақсы көреді». (Құран Кәрім, «Бақара» сүресі, 197 аят).

2). Сабырлылық: «Алла сабырлыларды жақсы көреді». («Әли Имран» сүресі, 146 аят).

3). Тақуалық: «Шынында Алла тақуаларды жақсы көреді». («Әли Имран» сүресі, 76 аят).

4). Әділдік: «Әділ болыңдар! Шынында, Алла Тағала әділ пенделерін жақсы көреді». («Хужурат» сүресі, 9 аят). «Әлдебір қауымға деген өшпенділіктерің сендерді әділетсіздікке жетелемесін. Әділ болыңдар. Ол нәрсе – тақуалыққа ең жақыны». («Мәида» сүресі, 2 аят).

5). Тәубе (күнәсіна өкіну, тәубеге келу): «Шынында Алла Тағала күнәсіна тәубе етушілерді және өте таза адамдарды жақсы көреді». («Бақара», 222 аят).

6). Тазалық: «Шынында Алла ... (тазаланып жүретін) таза адамдарды жақсы көреді». («Бақара», 222 аят).

7). Тәуекелші (Аллаға тәуекел): «Шынында Алла тәукелшілерді жақсы көреді». («Әли Имран» сүресі, 159 аят).

8). Мұхаммед пайғамбардың ізімен жүру, Оның айтқандарын орындау: «(Мүміндерге) айт: Егер Алла Тағаланы жақсы көретін болсаңдар, маған ілесіңдер. Сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Алла Тағала – өте кешірімді, рахымды». (Құран, «Әли Имран», 31 аят).

9). Жұмсақтық: «Уа, Айша! Алла Тағала барлық істе жұмсақтықты жақсы көреді» - Хадис шәриф. («Сахих Мүслім»).

10) Ақылдылық мен байсалдылық: «Сенде Алла Тағала жақсы көретін екі ерекшелік бар: Ақылдылық пен байсалдылық» - Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мүнзир есімді сахабаға (Әшәжж ибн Абдульқайс) айтқаны.

 

0 пікір