Әбу Насыр әл-Фарабидің Дамаск әміршісі Сәйфуддаулә ибн Хамданмен кездесуі
Әбу Насыр әл-Фарабидің Дамаск әміршісі Сәйфуддаулә ибн Хамданмен кездесуі
2 жыл бұрын 4679
Аударып дайындаған Абдусамат Қасым

Әбу Насыр әл-Фараби жайында көптеген аңыз әңгімелер келтірілгендігі айтылады. Көпшілігінің растығы күмәнді деседі. Дегенмен, аңыз да болса әр аңыздың бір шындығы бары сөзсіз. Әр аңыз - бір шындықтың хабаршысы.

Мәліметтерге қарағанда, Әбу Насыр әл-Фараби Дамаск қаласында (Сирия) сұлтан Сайфуддәуләмен[1] кездесуге келгенде, әміршінің айналасында әртүрлі ғылым саласының мамандары мен ғалымдары отыр екен. Үстіне Орта Азия түркі халықтарының киімін киген Әбу Насыр әл-Фараби мәжіліске кірген бойда, қайда отырарын білмеген адам ұқсап тұрып қалады (Әбу Насыр үнемі өзінің ұлттық түркі киімін киіп жүретін болған). Сонда сұлтан Сайфуддәулә оған:

- Отыр! – дейді.

Әбу Насыр:

-  Мен тұрған жерге отырайын ба, әлде сен тұрған жерге отырайын ба? – деп сұрайды.

- «Сен тұрған жерге отыр» - деп жауап береді сұлтан.

Сонда Әбу Насыр жиналған жұртты аттап-пұттап, Сайфуддәуләның қасына барып, әміршіні ығыстырып, өзі оның жұмсақ креслосына жайғасады. Өйткені әміршінің «сен тұрған жерге отыр» деген сөзін: «келіп менің орныма отыр» деп жорамалдауға да болады.

Әбу Насырдың әй-шәй жоқ келіп сығылысып отырып алғаны сұлтанға жақпай қалады. Ол қасында тұрған мәмлүктеріне қарап, өздері ғана түсінетін және көп адам біле бермейтін бөгде бір тілде:

- Мына шейх (ғалым, қария) тәрбиесіздік жасады. Қазір мен оған біраз мәсәлелер жайында сауал қоям. Егер қанағаттанарлық жауап бере алмаса, сыртқа қуып шығыңдар, - деп өздері түсінісетін тілмен тапсырады.

Алайда, бәрін түсініп тұрған Әбу Насыр әлгі бейтаныс тілде тіл қатып, әміршіге былай дейді: 

- Уа, әмірші! Сабыр қылыңыз. Шынында әрбір нәрсе – нәтижесіне қарай бағаланады!

Әбу Насырдың көп адамға бейтаныс тілде сөйлеп тұрғанына таңырқаған сұлтан:

- Бұл тілді жақсы білесің бе? – деп сұрайды.

- Иә. Жақсы білемін. Оған қоса, тағы жетпістен астам тіл жақсы білемін, - дейді Әбу Насыр. Білгіштігіне таң қалған сұлтан оған ризашылығын білдіріп, оған төрден орын береді.

әл-Фараби өзімен мәжілістес ғалымдармен әртүрлі ғылым саласы төңірегінде әңгімелесіп, пікір алмасып отырды. Кімнің саласы қандай болса, Әбу Насыр сол салада жетік еді. Мәжілісте Әбу Насырдың сөзі барған сайын жарқын шығып, ал қалған ғалымдардың сөздері бәсендей берді. Ақыры бәрі үнсіз қалып, түгел Әбу Насырды тыңдауға көшті. Бірер сәттен соң, мәжілістегі ғалымдар тыңдап қана қоймай, Әбу Насырдың айтқандарын жаза бастады. 

Соңында әмірші Сайфуддәулә мәжілісте отырған ғылым адамдарын шығарып салып, Әбу Насырмен оңаша қалады.

Сұлтан одан:

- Бір нәрсе жегің келе ме? – деп сұрайды.

- Жоқ. Рақмет, - деп жауап береді Әбу Насыр.

- Сусын ішесің бе?

- Жоқ.

- Ән-күй тыңдағың келе ме?

- Иә. Тыңдағым келеді.

Сұлтан әншілерді шақыртады. Музыка саласының майталмандары әртүрлі музыка аспаптарымен келіп, түрлі күйлер орындай бастайды. Бірақ, кім не тартса да, қандай аспапта ойнаса да Әбу Насыр оның кемшіліктерін айтып беріп отырды.

Сонда сұлтан Сайфуддәулә Әбу Насырға:

- Музыка саласынан да хабарың бар ма еді? – деп сұрайды.

- Иә, бар, - деп қайыс қабын ашып жіберіп, ішінен бірнеше таяқтарды шығарып, олардан аспап құрайды да, ойнай бастайды. Ол аспапта ойнай бастағанда, сондағы отырғандар тегіс арқа-жарқа күлісіп, мәз-мейрам болысты.

Содан кейін, қолындағы аспапты бұзып, оны басқаша құрастырады да, құралған аспапты басқалай ұра бастайды. Сонда айналадағы бәрі түгел ұйқыға кетеді, тіпті есіктегі күзетшілерге дейін ұйықтап қалады. Әбу Насыр болса, саймандарын жинап, ол жерден шығып кетіп қалған екен[2].


[1] Сұлтан Сайфуддаула әл-Хамдәни, толық аты-жөні: Али ибн Әбульһәйжә ибн Хамдан ибн Харис әт-Тәғләби. Сириянің солтүстік аймағын түгелдей ішіне қамтыған «Халеб» (Алеппо) әмірлігінің құрушысы. Сәйфуддәуләның кезінде Алеппо қаласы ғылым мен өнердің және араб әдебиетінің орталығына айналды. Сәйфуддәула ғылым мен ғұламаларға үлкен қолдау көрсетті. Оның сарайы әртүрлі ғылым саласының ғалымдары мен ойшыл ғұламалардың және шайырлар мен ділмар шешендердің жиналатын орнына айналды. Сұлтан ғұламаларға өзінің есігін айқара ашып, қазынасынан да көп ақша бөлгізді. Дейтұрғанмен, сұлтанның ерекше көңілі ауған адамы – Әбу Насыр әл-Фараби еді. Сұлтан Әбу Насыр әл-Фарабиді айрықша қадір тұтқан. Оған қазынадан ақша бөлгізген. Алайда Әбу Насыр әл-Фараби қарапайым өмір кешкенді жақсы көргендіктен, көп ақша алмайды екен. Сайфуддәулә миләди жыл санауы бойынша 967 жылы Алеппо қаласында қайтыс болады.
[2] Әбу Насыр әл-Фараби: «Ароо-и Әһлиль Мәдинәтиль Фаадыйлә». Кіріспе бөлімінен. Араб тілінде. Байрут, 1986 ж. 

0 пікір