Өлі жүректің белгілері
Өлі жүректің белгілері
11 ай бұрын 4529

«Жүректің өлгенінің белгісі - итағат қалып қойғанда мұңаймауың және аяғың тайғанда өкінбеуің». Ибн Атаия өсиеті 


Түсіндірме:

Жүректі өлтіретін себеп үшеу:

1) Дүниені жақсы көру.

2) Алланың зікірінен қапы қалу.

3) Дене мүшелерін күнәға қолдану.

Жүректі тірілтетін себеп болса үшеу:

1) Дүниеден уаз кешу (зүһд, дүниеге берілмеу).

2) Алланы жиі зікір ету.

3) Алланың достарымен сұхбаттас болу. 

Жүректің өлгендігінің белгісі үшеу:

1) Алланың бұйрықтарын орындамағанға мұңаймау.

2) Күнә істеген болса, өкінбеу.

3) Ғапыл және жүректері өлген адамдармен достық құру. 

Адамның Құдайдың бұйрықтарына берік болуы - оның бақытты екендігінің белгісі, ал күнә істерге жақын болуы - бақытсыздығының белгісі. Егер жүрек Алланы танумен (мағрифат) және иманмен тірі болса, бақытсыздығын тудырар күнәлар жүрегін ауыртар еді, ал бойсұнушылығы оны қуантар еді. 

Мұны былай да айтуға болады: пенденің Алланың бұйрықтарын орындап жүруі - Жаратушысының одан разы екендігінің нышаны. Ал күнәға жақын жүруі - құдайының оған наразы екендігінің нышаны.

Тірі жүрек Жаратушысының разы болғанын сезеді, сондықтан қуанады. Сондай-ақ, Алланың ашуын тудырғандығын да сезеді, сондықтан қайғырады. Ал, өлі жүрек еш нәрсені сезбейді. Аллаға бойсұнып жүр ме, әлде оған қарсы келіп жүр ме? - өлі жүрекке бәрібір. Ол (өлі жүрек) Алланың бұйрығын орындағанда қуанбайды және күнәға барғанда қайғырмайды, нақ ештеңені сезбейтін өлі дене іспетті.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде былай деген: 

«Кімді жасаған игі ісі қуантып, ал жамандығы қайғыртса, ол - шынайы мүмін».

Сахаба Абдулла ибн Мәсъуд та (р.а.) бір сөзінде:

«Мүмін адам істеген күнәсін ойлағанда, өзін үлкен таудың түбінде тұрып, тау үстіне құлап кететіндей сезімде болады. Ал пасық адам істеген күнәсін ойлағанда, онысын мұрнына қонған маса құрлы көрмейді» - деген болатын.

Дейтұрғанмен, пенде істеген күнәсіна қарап, Құдайдан үмітін үзбеуі тиіс және Жаратушы Иесіне деген болымсыз пікірде болмауы керек. Осыны меңзеп Ибн Атаия келесі өсиетінде былай дейді:

«Күнәң сенің назарыңда тым үлкен көрініп, сені Аллаға деген жақсы ойдан уаз кештірмесін (яғни, Құдайдың рахымынан үмітіңді үзбесін)».

Ариф билләһ Ахмед ибн Мұхаммед әл-Хусни,
«Атаия шархы» кітабынан.

Қазақшалаған А. Қасым.

0 пікір