Жақсы түс көрсе не істеу керек?
Жақсы түс көрсе не істеу керек?
4 ай бұрын 3404
islam.kz

Мүмин-мұсылман адам көңіліне хоштық ұялатар немесе таңқалдырар, мәнді-мағыналы көркем түс көрсе, не істеу керектігіне байланысты ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) біршама кеңестер берген. Олар төмендегідей:

Жақсы әрі мәнді мағыналы түс көрген кісі:

1) «Әлхамдулилләһ» деп, Аллаға шүкір айтуы тиіс. Бұған қатысты Алла елшісі (с.а.у.) бір сөзінде былай деген: «Сендерден әлдекім өзіне ұнаған түс көрсе, ол - Алладан. Сондықтан, артынша Аллаға мақтау айтсын және ол жайында айтсын. Ал одан басқа ұнамаған түс көрсе, оны - шайтаннан деп білсін. Артынша шайтанның жамандығынан Аллаға сыйынсын (әғузуді айтсын), әрідесе, оны ешкімге айтпасын. Оның оған еш зияны жоқ». («сахих бұхари»).

2) Жақсы түсті айтып, сүйіншілеу. Оған қатысты Алла елшісі (с.а.у.): «Кім көркем түс көрсе, оны сүйіншілесін (айтсын), алайда, оны жақсы көретін адамына ғана айтсын». («Сахих Мүслім). (*Сүйіншілеу - жақсылық хабарды, қуанышты жеткізу). Басқа хадисте салиқалы түстерді «сүйіншілеуші түстер» деп атаған, яғни, жақсы түстер адам баласына жақсы нәрседен хабардар етіп, жақсылықты сүйіншілейтіндіктен, Алла елшісі ондай түсті «сүйіншілеуші түс» деп сипаттаған.

3) Көрген көркем түсін жақсы, тілеулес адамына айту, ал тілеулес емес адамына айтпау. Ол жайында Алла елшісі (с.а.у.) былай деп кеңес еткен: «Мүміннің түсі - пайғамбарлықтың қырықтан бірі. Ол түс - ол жайында айтпайынша (яғни, жорытпайынша) құстың аяғында болады (жүзеге аспайды). Қашан түсін (жорушыға) айтып берсе, ол (құстың аяғынан) түседі (яғни, жүзеге асады). Сондықтан да, жақсы түсті тек ақылды дана адамға және жақсы көретін (тілеулес) адамыңа айт»!» («Әбу Дәуід, сүнән». Сахих). Тілеулес адамы жақсы түсін жақсыға жорып, оның жүзеге асуын тілейді. Тілеулес емес адамына айтса, ол жақсы түс болса да, жамандыққа жорып, іштарлықпен оның жақсылық болуын тілемеуі мүмкін. Сондықтан да, Юсуф пайғамбар түс көргенде, оның әкесі Жақып пайғамбар оған түсін ағаларына айтпа деп ескерткен еді. («Юсуф» сүресі, 5 аят).

4) Көрген көркем түсін жорытқысы келсе, білетін ақылды дана адамға жорытқаны абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған байланысты былай деп кеңес берген: "Түсті тек ғалым адамға немесе насихатшы (немесе тілеулес) адамға ғана айтып беріңдер!". (Тирмизи, "Сүнән"). Өйткені, білетін дана адам естіген түсін егер жақсылыққа жорып тұрса, онысын сүйіншілеп айтады, ал жамандыққа жорып тұрса, онысын айтпайды.

5) Көрген түсі қорқынышты немесе жаман түс болса, оны ешкімге айтпағаны жақсы. Алла елшісі бұған қатысты: «... егер түсінде ұнамаған түс көрсе, ешкімге айтпай, орнынан тұрып, намаз оқысын» деген. (Имам Ахмед, «мүснәд»). Басқа бір хадисінде қорқынышты түс көрген кісі сол иығына үш рет түкіріп, әғузуді айтсын деген1.

А. Қасым 


1  Сәһл ибн Руфаъ әл-Ъутәби: «Китабурру’я ъинда әһли сунна».

0 пікір