"Ей, жарандар, дүниеде ешкім мәңгі тұрмайды...": Ы.Алтынсарин ақырет, тәубе және мінез-құлық жайында
"Ей, жарандар, дүниеде ешкім мәңгі тұрмайды...":  Ы.Алтынсарин ақырет, тәубе және мінез-құлық жайында
1 жыл бұрын 4311

Ей, жарандар, дүниеде ешкім мәңгі тұрмайды. Аз уақыт дүниеде қонақ хисабында тұрып, жаман пиғылды жаман құлықты болып, ахиретіңізге не жанға, не денеге пайдасы жоқ нәжіс ұстап қайтпаңыз (қонақ хисабында – қонақ есебінде, ретінде). Адам баласы бұл дүниеге ахирет деген түпкілікті орнында қорек ету үшін азық жия шығарылған Құдай тағаланың махлұғы болса керек. Дүниеде таза мінез бен қайырлы істер істеп ахиретке кайтсаңыз, сол өзіңіздің жиып қайтқан жақсылықтарыңыз – ахиретке бірге баратын дәулеттеріңіз. Ол дәулетіңізбен мәңгі дүниеде пайдаланып, ұжмақ ішінде рахметте қаласыз.

Егер дүниеде бұзық пиғылдарда болып, куфрлерден, бидғаттардан, риялардан, сараңдардан, күншілдерден, тәкаппарлардан, исрафтардан һәм мұнан ғайри ұры, өтірікші, ғайбатшылардан болып, ахиретке осындай амалдарды қолға ұстап қайтсаңыз, мұның кесапатын, залалын һәм мәңгі дүниеде, ахиретте көресіз. Оның үшін жамандық іс – жылан мен бүйіге мысал. (Мұнан ғайри – «бұдан өзге»).

Ол бүйі мен жыланды қанша асырап күтсең де, күткеніңе ісініп, қолыңа тұтына беруді қоймасаң ақырында бір шағып өзіңе зақым келтірмей қалмас. Тікенек еккен жерден бидай орып алып ұн ішермін деп үміт ету, әлбетте, ақымақтық болса керек. әркім не ексе, соны орып алса керек. Адамның да дүниедегі амалы осы қалыпты. Дүниедегі амал – егінің жақсылық болса һәм ол жақсылық егініңнің шашқан тұқымы рия, хасад, кибрдан болмаса, үміт бар ол егініңнен жамандық орып алмассың деген. (Хасад – ішітарлық, көреалмаушылық. Кибр – тәкәппарлық, менмендік).

Егер істегенің жамандық болса, жақсылық тауып алу да күмән болса керек, тікен орнына бидай шықпаған рәуішті. Бірақ Құдай тағала пенделеріне қанша күнәһар болса да қаһар етуден әрдайым рахым етуге жақынырақ. Оның үшін қанша зор күнәһар болса да пенде, Құдай тағалаға шын жалбарынып, ихласпен тәубе қылса, кешірермін деді.Ләкин риясыз істеген жақсылық бір мысқалдай болса да «мизан таразы» күнінде есепке кірмей қалмайды.

Мұнан көрінеді, өзіміз түзелмейтін бұзық болмасақ, Құдай тағала әрқашан бізге рахым етуі шын екендігі, һәм түзелерге тырысуға еш уақыт кеш еместігі. Ләкин әрбір іс бастан түзу бола келмесе, түбінде түзелуі де қиын болады. Ағашты жас күнінде қисығын түзей келсең түзу болып өседі һәм бір түзу болып өскен соң жаңадан қисаймайды. Ағаш ұлғайып, қатып кеткен соң түзеуге де көнбейді, сынып кетеді.

Сол рәуішті жақсы, көркем мінезді жасыңнан әдет етсең, ол әдет тура жолдан соңғы уақыттарда қандай қиыншылық көрсеңіз де жаздырмас. Ұлғайғанша жамандықты қалып еткен кісінің бұл қалпын өзгертуі де қиын болса керек, бәлки, мүмкін болмастығы да ғажап емес.

Ойлап қараңызшы, Құдай тағала біздің амалымызға мұқтаж емес қой. Не жақсылық-жамандық етсек те ақырында пайда-залалын өзіміз көреміз. Мәселен, ұрлық, залымдық, парақорлық, өтірік, ғайбаттан кім залал көреді? Әрине, адам баласы өзді-өзі залал көреді. Туралық, әдепшілік, ғылым-білімін кім пайдаланады? Әлбетте, адам баласы өзі пайдаланады. Егер бұл дүниеде бұзық пиғылда болғандағы талабымыз мал табу болса , Құдай тағаланың лұқсат еткен кәсіптері аз ба? (Яғни, бұзық болудағы мақсат мал табу болса, онда бұзық болмай-ақ адал табыс табудың жолы көп қой). Мәселен, оқу оқып, ғылым һәм өнерлер үйрену, егін егу, сауда ету, мал бағу, кірегестік ету, патшаларға қызмет ету я болмаса бөтен орындарға өнер-күшіңді адал ниетпен жұмсап мал табу. Мұның бәрі де халал. Бірақ бұзық адамдар бұған қанағат етпейді һәм өн бойы дүние көбейтуге алданамын деп, Құдайына қызмет етуді ұмытады.

Ей, сүйікті туғандарым, әрбір бұзық жамандық істер, асылында, құлықтың жамандығынан табылады (құлықтың - «мінез-құлықтың»). Соның үшін де Құдай тәбарак уә тағала Кәләм (қудси) шәрифінде бұйырды:

«Ахсину ахляқакум», яғни «түзетіңіз құлқыңызды» деп. Сол мінезіңізге әрқашан назар салып, өзіңізді жақсы мінезге үйретсеңіз, яғни жоғарыда айтылған жеті түрлі жақсы қылықты берік ұстап, жеті түрлі жаман құлықтан сақтансаңыз, әлбетте, Құдай тағаланың уағдасы екі емес, мәңгі рахатта боласыз. Жақсы құлық құр ахиретте пайдалы болып, дүниеде де залал емес. Дүниеде де ізгі құлықты адам һәм сүйкімді, һәм қадірлі, һәм ахиретте де Құдайдың сүйген құлдарынан болсалар керек, инша Аллаһу тағала.


Ыбырай Алтынсарин, "Мұсылманшылықтың тұтқасы". 

 

0 пікір