Бұл матн – Имам әл-Ғазалидің «Әл-Мақсад әл-асна» еңбегінен алынған Алла Тағаланың көркем есімдерінің түсіндірмесі.
1. Алланың Әл-Ғафу есімінің мағынасы (Кешірімді, Күнәларды жоюшы)
«Әл-Ғафу» – жамандықтарды өшіріп, күнә-қателіктерді кешіруші деген мағынада. Бұл «Әл-Ғафур» есіміне жақын болғанымен, мағынасы одан да тереңірек. Өйткені «Ғуфран» (жабу) – күнәні жасыруды білдірсе, «Ғафу» (кешірім) – күнәні түп-тамырымен өшіруді білдіреді. Ал өшіріп тастау – жай ғана жасыра салудан әлдеқайда жоғары.
Адамның бұл есімнен алар ғибраты:
Бұл өте анық: пенде өзіне зулымдық қылған жанның бәрін кешіруі керек, тіпті кешіріп қана қоймай, оған жақсылық жасауы тиіс. Көрмейміз бе, Алла Тағала бұл дүниеде Өзіне қарсы шыққан күнәһарлар мен кафирлерге де жақсылық жасап, жазалауға асықпайды. Тіпті кейде оларға тәубе етуге мүмкіндік беріп, өшіріп кешіреді. Адам тәубеге келгенде, Ол оның күнәларын мүлдем өшіріп тастайды. Өйткені «Күнәсіна тәубе етуші – мүлдем күнә жасамаған сияқты». Бұл – жасалған қылмыстың ізін де қалдырмай өшірудің ең шарықтау шыңы.
2. Әр-Раууф (Аса Мейірімді, Жұмсақ)
«Әр-Раууф» – шексіз мейірім мен шексіз аяушылық Иесі. «Раафа» – мейірімділіктің ең жоғары, ең күшті деңгейі. Сондықтан бұл есім «Әр-Рахим» есімімен мағыналас, бірақ мейірімі одан да асып түседі..
3. Маликул-Мульк (Билік пен Иеліктің Аабсолютті Иесі)
«Маликул-Мульк» – Өз иелігіндегі (патшалығындағы) барлық нәрсеге Өз қалауын жүргізетін Жаратушы. Не нәрсені болсын жоқтан бар етуде, жоқ қылуда, сақтап қалуда немесе жоюда – қалай қаласа және не қаласа, соны істейді.
Мұндағы «Мульк» сөзі – «патшалық, иелік» дегенді, ал «Малик» – «толық әрі кәміл құдірет Иесі» дегенді білдіреді.
Барлық бар болған жаратылыс – жалғыз бір патшалық, ал Алла – сол патшалықтың Жалғыз Иесі әрі Біртұтас Құдіреті. Жаратылыстың бәрі соншалықты көп болса да, неге «бір патшалық» делінеді? Өйткені олардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
Адам денесімен салыстыру:
Бұны түсіну үшін адам денесін мысалға алайық:
-
Адам денесі – оның рухы мен болмысына бағынышты бір патшалық.
-
Онда бір-біріне ұқсамайтын көптеген ағзалар бар, бірақ олардың бәрі бір ғана басқарушының мақсатына қызмет етеді.
-
Дәл солай, күллі ғалам да – бір бүтін тұлға сияқты. Ал ғаламның бөлшектері – соның дене мүшелері тәрізді. Олардың бәрі Жаратқанның жомарттығымен белгіленген ең жоғарғы қайырлы мақсатқа бірге қызмет етеді. Бұл жүйе бір-бірімен үйлесіп, бір жіпке тізілгендіктен, ол – бір ғана патшалық, ал Алла Тағала – соның жалғыз Иесі.
Адамның бұл есімнен алар ғибраты:
Ал адам баласының «патшалығы» – тек өзінің тән-денесі. Егер ол өзінің жүрек қасиеттеріне, іс-әрекеттері мен дене мүшелеріне өзі иелік етіп, тура жолға бағыттай алса, онда ол – өзіне берілген шама-шарқынша өзінің кішігірім патшалығының иесі (қожайыны) болғаны.