Руми: Аузына жылан кіріп кеткен адам
Руми: Аузына жылан кіріп кеткен адам
3 сағат бұрын 208
islam.kz

Ел таныған бір акылды жолаушы атына мініп келе жатады. Жол бойында ұйықтап жатқан бір байғұстың аузына енді ғана жылан кіріп бара жатқан екен. Мұны көрген атты кісі әлгі бейшараны құтқарып қалу үшін, жыланды үркітіп қууға ұмтылады, бірақ үлгермейді. Сонда дана жолаушы ұйықтап жатқан адамды сойылмен осып-осып жібереді. Таяқтың ащы соққысынан шошып оянған сорлы жақын маңдағы ағаштың түбіне қарай қаша жөнеледі. Ал ағаш түбінде шіріп түскен алмалар толып жатыр екен. Атты кісі оған:

— Ей, байғұс, мыналарды тез арада же! — деп бұйырады. Ал таяқ жеп жаны қысылған адам болса:

— Ей, мырзам! Мен саған не жаздым, не істедім? Маған неге өшігіп қалдың? Тіпті өлтіргің келсе, қылышыңды суыр да, бір-ақ шап! Саған кез болған сәтіме лағнет болсын! Сенің жүзіңді көрмеген адам қандай бақытты! Жазықсыз жанға еш себепсіз бұлайша зорлық көрсету капірдің де қолынан келмес еді! — деп зарын төгеді.

Сөйлеген сайын аузынан қан саулап, «Алла тағалам, өзің жазасын бер!» деп айғайлап, қарғысын жаудырып жатады. Ал атты кісі болса:

— Тез, мына далада жүгір! — деп сойылды төпелей береді.

Сойылдың азабы мен аттыдан қорыққан байғұс далада желдей еседі. Жүгіріп бара жатып етпетінен де түседі. Қарны тоқ, ұйқысы қанбаған, әлсіз еді. Аяқ-қолы, бет-аузы тілініп, жараланып бүлінген.

Атты кісі оны кеш батқанша әбден қуып, сүйрелеп, қажытады. Соңында әлгі байғұстың жүрегі айнып, құса бастайды. Асқазанындағы барлық ішкен-жегені сыртқа ақтарылады. Солай құсып жатқанда, ішіндегі жылан да атылып сыртқа шығады.

Жерде жатқан қап-қара, сұсты да сұмдық жыланды көргенде, әлгі адам өзіне жақсылық жасаған аттының алдында бас ұрып, жылап жібереді. Жанына батқан барлық азап пен дертін сол сәтте-ақ ұмытып кетеді де, былай дейді:

Сен мен үшін Жабрейіл періштеде екенсің. Сенің мына басқа түскен жағдайды көріп қалуың қандай бақытты сәт еді! деген екен. 

«Сендер жаман деп ойлаған нәрседе қайыр болуы мүмкін, ал жақсы деп ойлаған нәрседе кесір болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216-аят).

0 пікір