Алланы жаратылыстарға ұқсатқан ағымдар (мүшәббиһә)
Алланы жаратылыстарға ұқсатқан ағымдар (мүшәббиһә)
3 ай бұрын 3855
Саид Абдулләтыйф Фуда

Тәшбиһ – Алланы жаратылыстарға ұқсату. Бұндай топты «Мүшәббиһа» деп атайды. Тәжсим – Алланың денесі бар деу. Бұларды «Мүжәссима» дейді.
Әһли суннет сенім негізі бойынша, Алла Тағала ешбір жаратылысқа ұқсамайды. Құранда: «Ешнәрсе Ол сияқты емес» делінген. Алланы жаратылыстарға ұқсату немесе Алланың денесі бар деп, оған түрлі ағзалар тағу - үлкен адасушылық болып саналады. Бұндай көзқарас иелері "мүшәббиһа" және "мүжәссима" деп аталады.

Кәләм (теология) тарихында Тәшбиһ және Тәжсим түсінігі (яғни, антропоморфизм) ең алғаш рет Шиизм (шиіт) бағытының Рафизия тармағында[1] бой көрсеткен. Ол жайында толығырақ автордың төмендегі жазбасынан оқылық:

Біліп қойғын, Алланы жаратылыстарға ең көп ұқсататындар – Яһуди дініндегілер. Ал Ислам тарихындағы тәшбиһ (Алланы жаратылысқа ұқсату) түсінігі Рафизилерден (шиіттерден) бастау алады. Бәннән ибн Сәмъан, Һишәм ибн Хәкәм, Һишәм ибн Сәлим әл-Жәуәлиқи, Юнус ибн Абдуррахман әл-Қуми және Шайтануль-Тоқ деген лақаппен танымал Әбу Жаъфар әл-Әхуал (шиіттер «Мүминуль Тоқ» дейді) – бұлар (шиізм ағымының) Рафизи тармағынан шыққан белді ғұламалары. Кейіннен, бұл көзқарасқа ақли ілімдерден нәсібі жоқ кейбір хадисші мамандар да әуестене бастады...

Тәшбиһ және тәжсим көзқарасын насихаттаған Рафизи (шиіт) топтары (және олардың сорақы көзқарастары):

1. Әл-Хәкәмия. Бұл сектаның Һишәм ибн әл-Хәкәмның атына тікелей қатысы бар. Һишәм ибн әл-Хәкәм Алла Тағаланы «дене» деп адасты. Ол өзінің ұстанымын бір жылда бернеше рет өзгертті. Соңында Оның жеті қарыс екендігіне тоқтам жасайды. Өйткені, бұл мөлшер – өзге мөлшерлерден қарағанда орта мөлшерге жақынырақ екен.

2. Жәуалиқа. Һишәм ибн Сәлим әл-Жәуалиқи есімімен тікелей байланысы бар бұл ағымның ойынша, Алла Тағала дене емес, бірақ Оның бейнесі - адамның бейнесі тәрізді. Ол да қол-аяқтан, көзден тұрады. Тек айырмашылығы Оның ағзалары ет және қаннан емес. 

3. Юнисия. Юнус әл-Қумидің ізін қуушылар. Олардың пайымынша Алланың денесінің жоғарғы бөлігі қуыс, астыңғы бөлігі тығыз.

4. Шайтания. Шайтанут Тоқ деген адамның ізбасарлары. Бұлардың түсінігінше, Алла тағала Аршта орналасқан. Періштелер аршты көтеріп жүреді. Періштелер Аллаға қарағанда әлсіз, бірақ әлсіздің өзі ауырды көтеруі мүмкін. Құдды әтештің сирағы іспетті. Әтештің сирағы жіңішке болса да ол әтештің денесін көтереді.

5. Әл-Жәуариба. Дәуід әл-Жәуариби есімді адамның жолындағылар. Бұлар ағза, қимыл, қимылсыздық, жүгіріс т.б. осы сияқты жаратылыстарға тән сипатарды Аллаға да тән еткен. Бұл тармақтың басшысы Дәуід әл-Жәуәрибидің мынадай сөзі бар: "Менен Алла Тағаланың сақалы мен мүшесіне қатысты түсініктеме беруімді сұрамаңдар, одан өзге барлық ағзалары жайында сұрай беріңдер» дейтін болған екен. Сүбханаллаһ - Алла Тағала оның бұл сандырағынан құлан таза!

Имам Фәһруддин ар-Рази былай деген:

«Біліп қойғын! Мұғтәзилия ағымындағылардан бір топ адам «тәшбиһ» түсінігін Имам Ахмед ибн Ханбалға тән етеді (Имам Ахмед те тәшбиһ жасайтын, яғни, Алланы жаратылыстарға ұқсататын деп айтады). Сондай-ақ, Исхақ ибн Раһауайһқа және Яхя ибн Муъинға да тән етеді. Бұл – өрескел қате. Шын мәнісінде, олар өз сенімдерінде «тәшбиһ» жасаудан да, «тәътыйл» жасаудан да (Алланың сипаттарын жоққа шығарудан да) таза. Олар «мүтәшәбиһат» жайында сөз қозғамайтын (Алланың жүзі, қолы т.б. осы сияқты аяттар жөнінде сөз қозғамайтын, оларға анықтама бермейтін). Оның орнына: «Біз сендік, растадық» дейтін де қоятын. Алайда, олар «Алла Тағаланың ұқсасы жоқ екендігін және еш нәрсе оған ұқсамайтындығын кесіп айтқан болатын. Ал бұндай сенімнің «тәшбиһ» ұстанымынан ауылы алыс екендігі айдан анық»[2].

Бұл айтылғандар Имам Фаһруддин ар-Разидің мәлімдемесі.

Шиіттер өздерінің пікір-көзқарастарын тарих бойынша бірнеше мәрте өзгертті. Олар о баста Фаһруддин ар-Рази айтқандай «тәжсим» сеніміне жақын еді. (Тәжсим – Алланың денесі бар деу). Кейіннен өздерінің Имамия сенім-негіздерін Мұғтәзилиттердің сенім-негіздеріне негіздеуге тырысты. (Мұғтазилит - ақылды нақылдан бұрын қоятын діни-философиялық ағым. Мұғтазилия.). Тіпті, шиизм бағытындағы кейбір белді ғалымдары Мұғтазилиттерге шәкірт болған... Уақыт өте келе Мұғтәзилия бағытының әлсіз тұсы көп екендігін байқаған шиіттер (шиғалар) өздерінің сенім-негіздерін философтардың бекіткен ереже-қағидаттары мен дүниетанымына (әсіресе, Ибн Синаның) негіздеуге көшеді. Бірақ, ол ұстанымдары да көпке созылмады...  

Осылай (ана жолдан, мына жолға секірулері) Садруддин әш-Ширази есімді дін философы шыққанға дейін жалғасты. Молла Садра дейтін лақап атпен танымал ол, кәләм (теология) мен философия мектептерін жете меңгеріп, осы жолда үлкен дәрежеге жетеді. Тіпті, ол Ибн Сина мен Сәһрурдидің көзқарастарынан бастау алатын, солардың дүниетанымымен біте қайнасқан өз алдына философиялық жаңа жол ойлап табады. Оның ұстанған жолының өзегі – Ибн Арабидің «уахдатуль ужуд» пәлсапасы. Ол пәлсапаға өзінен де жаңа тұжырымдамалар қосады. Осылайша, ол және оның соңынан ілесушілер өздерінің сенімдегі ұстанымдарының іргесін соған (Молла Садраның мәзхабына) негіздейді. Олардың (шиізм ақида мектептерінің) қазіргі күйі осы. 


[1] (Рафизия – шиізм сеніміндегі он екі имамды қасиетті тұтатын, Әбу Бәкір, Омар және Османның халифалығын мойындамай, Әбу Бәкір мен Омарға тіл тігізіп, Әзіреті Айша анамызға ауыр сөздер айтатын ағымның аты. Шиіттер дегенде бірінші Рафизия тармағы ойға келеді – ауд.).
[2] Имам Фәһруддин әр-Рази: «Иътиқадат фирақиль Муслимина уәл Мүшрикина». 99 бет. (Мәктубәтуль Куллиятиль Әзһария). 

Ықшамдап аударған: Абдусамат Қасым

 

0 пікір