«Әһлі сунна уәл-жамаға» деп кімдерді айтамыз?
«Әһлі сунна уәл-жамаға» деп кімдерді айтамыз?
6 жыл бұрын 11363
Әділ Жәненұлы

«Әһлі сунна уәл-жамаға» – пайғамбар сүннетін ұстанатын көпшілік. Мұсылмандықтың негізгі әрі дұрыс бағытын білдіретін ұғым десек болады. Тарихта да әрі қазіргі таңда да әртүрлі діни бағыттар, ағымдар болған, әлі де бар. Алайда Құран қолымызда, сүннет алдымызда тұрғанда таза Исламның тұнығы лайланбайды, әрдайым туралықтың шамшырағы болып тұра бермек. 

Әдетте жақсылыққа, жақсы атқа әркімнің таласы бар екені белгілі. Бүгінгі таңда кез келген діни ағым өкілдерінің өздерін әһлі сүннет бағытында етіп көрсетуге тырысатынын байқаймыз. Тіпті ең сорақысы әһлі сүннет бағытындағы негізгі екі бағыт болып есептелетін Матуриди мен Әшғари ақида мектептерін әһлі сүннеттің тысына шығаруға тырысып бағады. Соның нәтижесінде халық арасында да «Әшғари мен Матуриди әһлі сүннетке жатпайды», «бұлар философиямен көп айналысып, Құран мен сүннеттен ауытқыған» деген пікірлер өріп жүр. Мұндай сөзді айтқан адамдар Ислам тарихынан, Ислам ғалымдарының еңбектерінен бейхабар, не болмаса ақиқатты біле тұра аталмыш екі ғалымға қасақана жала жабады. 

Осы бір түйіннің шетін тарқатып, оқырманға мәселенің ақиқатын ақтаруға тырысып жүрген ғалымдар аз емес. Ол үшін Ислам тарихының әр кезеңінде, әртүрлі жағрапияда ғұмыр кешкен мүйізі қарағайдай ғалымдардың Әшғари мен Матуриди жайында айтқан пікірлеріне назар аудару қажет.

Араб әлемі сенімде негізінен Әшғари бағытын ұстанатындықтан ол жақта уағыз жүргізетін теріс ағым өкілдері көбіне Әшғариді айыптайды. Имам Әшғаридің адасқандығын дәлелдеп әлек болып кітап жазып, видео дәріс түсіріп, барынша күйе жағуға тырысады. Сол араб елдерінен оқып, біздің жастардың санасын интернет арқылы улап жүрген жекелеген уағызшылар жалған мәліметтермен сусындап алып, тек Әшғариді ғана емес, оның жанына Матуридидің есімін қосып, бұл екі ғалымды адасқанға балап жүр. Себебі жалпы Орта Азия мұсылмандары негізінен Матуриди бағытын ұстанады. Еліміз де осы санатта.

Алайда осы уақытқа дейін теріс ағымдағы уағызшылардың ешқайсы тағып жүрген айыптарын нақты дәлелдеп берген емес. Мәселен, «имам Әшғари немесе имам Матуриди пәлен еңбегінде бүй деп жазған. Бірақ оның бұл сөзі әһлі сүннет ұстанымына мына тұрғыдан қайшы» деп нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдесе, көкірек көзі ояу халық ойланар еді. Бірақ әдістері өзге. Исі мұсылман бірауыздан мойындаған Әшғаридай, Матуридидей белді ғалымдардың атына ешқандай ғылыми негізсіз жаптым жала, жақтым күйе деп, уағыздарында сапыра беру.

Осыған орай Әһлі сунна уәл-жамаға туралы әйгілі ғалымдар мен имамдардың сөздерін қысқа да болсын шолып шығу ауадай қажет.

Имам Әбу Қасым әл-Қушайри (376-465һ) [1]

Хорасан аумағында халық арасынан имам Әбу Қасым әл-Қушайриден имам Әшғари турасында пәтуа сұрайды. Имам Әбу Қасым әл-Қушайри оларға былай деп жауап береді: «Хадис майталмандары Әбу Хасан Әли ибн Исмайл әл-Әшғаридің хадис ғалымы болғанын және ақида саласының ұлы білгірі екенін бірауыздан мойындаған. Оның өз заманындағы бидғатшылар мен әһлі сунна уәл-жамаға ақидасына кереғар түсініктерді үгіттеуші Муғтазила, Рауафид және Харижилер секілді топтарға өткір қылыш іспетті әсері болған. Кімде-кім имам әл-Әшғариге тіл тигізсе немесе оны сөксе бүкіл «әһлі сунна уәл-жамағаға» тіл тигізген болады»[2].

Имам Әбу Исхақ әш-Ширази (393-476 һ) [3]

Имам Әбу Исхақ әш-Ширази: «Әшғарилер жолын ұстанушылар – әһлі сунна ғалымдарының басым бөлігін құрайды, олар шариғаттың жанашырлары, бидғатшылардың қас жауы. Кім оларға тіл тигізсе, тұтас «әһлі суннаға» тіл тигізгендей болады. Егер аталмыш ғалымға тіл тигізіп, шектен шығушылар болса, жергілікті басшы өзгелерге сабақ болуы үшін оларды жазалауы керек деп есептеймін», – деген. Басқа бір сөзінде: «Әбу Хасан әл-Әшғари әһлі суннаның имамы, Шафиғи мәзһабының басым көпшілігі Әшғари мектебін ұстанады», – деген[4].

Қадый әл-Қуда имам Әбу Абдулла әд-Дәмәғани әл-Ханафи(398-478 һ) [5]

Бағдат қаласында имам Әбу Абдулла әд-Дәмәғаниден мынадай пәтуа сұралады: «Әшғари бағытын лағнеттеушілер мен күпірлікке шығарушылар бар. Бұған ғалымдардың көзқарасы қандай?». Сондағы әд-Дәмәғанидің жауабы: «Мұндай сөзді халық арасына таратып жүргендер нағыз бидғатшылар, бұл үлкен зұлымдық. Жергілікті әміршілер оларды өзгелерге сабақ болардай етіп тәртіпке келтірулері керек»[6], – деген.

Имам Әбул-Муғин ән-Насафи (418-508 һ) [7]

Имам Әбул-Муғин ән-Насафи өзінің «Табсирату әл-әдиллә» атты еңбегінде мына сөздерді келтірген: «Имам Матуруди тек ақида саласын емес, көптеген пәндерді жан-жақты меңгерген кісі болатын. Сондай-ақ, ұстазы Әбу Наср Иади ол келмейінше сабағын бастамайтын. Оны көргендер таңқалғанынан мына аятты еріксіз оқитын[8]: «Раббың қалағанын жаратады және (құлдары үшін қалаған жолды) таңдайды», –деген.

Имам ибн Рушд әл-Мәлики (-520 һ) [9]

Имам ибн Рушд әл-Мәлики әл-Жәдд Мәлики мәзһабының ғалымы деген лақап атқа ие болған. Бір күні бұл кісіден: «Имам Әшғаридің соңынан ергендер кімдер және оларды кемсітетіндерге көзқарасыңыз қалай?» – деп сұрайды. Сондағы ибн Рушдтің жауабы: «Олар (Әшғарилер) тура жолда жүрген жандар. Шариғатымызды әртүрлі күмәннан, адасушылықтан және бидғатшылардан қорғап, ақида саласында орасан зор еңбек жасаған жандар. Олар Алланы дұрыс танып өзгелерге дұрыс түсіндіру жолында ерен еңбек еткен. Сондықтан олардың қайырлы істерін әділ бағалап, мойындай білу – әрбір мұсылманның борышы. Ал олар адасты деп айып таққандарды ақымақ надандардың немесе айыптары әшкерелеген бидғатшылардың санатына жатқызам». Құран аятында бұл турасында былай делінеді: «Мүмин ерлерді және мүмин әйелдерді (орынсыз сөздер әрі іс-әрекеттермен) нақақтан-нақақ ренжіткендер қып-қызыл жала жапқан һәм анық күнә арқалаған болады»[10].

  әл-Қади Әбу Бәкр ибн әл-Араби (467-543һ) [11]

  Әбу Бәкр ибн әл-Араби өзінің «әл-Ауасим мин әл-Қауасим» кітабында: «Алла Тағала дініне қызмет етуді екінің біріне нәсіп етпейді. Сол тұлғалардың ең алғашқысы Әбу Хасан әл-Әшғари...».

  әл-Қади Ияд ибн Муса әл-Яхсиби (476-544һ) [12]

  Ияд ибн Муса әл-Яхсиби: «Ол (әл-Әшғари) Құран және хадистерге негізделе отырып әһлі сунна жолы бойынша көптеген еңбектер жазды. Бұл еңбектерінде Алла Тағаланың сипаттарына кемшілік таққандарға тұшымды жауап беріп, тура жолдан ауытқығандарға өте жақсы дәлелдер келтірген. Кейін келген буын әһлі сунна жолын қорғау үшін имам әл-Әшғаридің еңбектерін көптеп қолданды. Осылайша имам әл-Әшғаридің тәсілін негізге алып жат ағымдармен күресушілерге Әшғарилер немесе Әшғари мектебінің өкілдері деліне бастады[13].

Әбу Аббас ибн Ариф (481-526 һ)

Әбу Аббас ибн Ариф «Мифтаху сағада» атты еңбегінде: «Әһлі сунна уал-жамағаның ақида саласындағы имамдары екеу. Біріншісі: Ханафи мәзһабын ұстанған ӘбуМансур әл-Матуриди. Екіншісі: Шафиғи мәзһабын ұстанған Әбу Хасан әл-Әшғари әл-Басри»[14], – делінген. 

  Имам Хафиз Әбу Қасим ибн Асакир (499-571 һ)

Имам ибн Асакир өте сенімді хадис ғалымы болған. Ол бір сөзінде имам әл-Әшғари жайлы: «Ханафилер, Мәликилер және Шафиғилердің барлығы дерлік оның жолымен жүрген. Сондай-ақ, оның ұлы тұлға екенін және діндегі қызметін мақтаған. Алайда ешкімге елеусіз, «тәшбиһ» мәселесінде қателікке ұрынғандар мен бидғатшы топ оны жамандаумен болды. Бұл олардың надандықтарының көрінісі ғана»[15], – деген.

Султанул-ғұлама Изз ибн Әбдус-Саләм (577-660 һ)

Шейхул-ислам Изз ибн Әбдус-Саләм: «Тарих бойынша Әбу Хасан әл-Әшғаридің ақидасын Ханафи, Мәлики, Шафиғи және бір топ Ханбали ғалымдары қолдап, құптаған».

Имам Изз ибн Әбдус-Саләмға өзінің замандастары Мәлики мәзхабының ұлы ұстазы ӘбуАмр ибн Хажиб[16]және Ханафи ғалымы Жәмәлуд-дин әл-Хусайри [17] толықтай келіседі».

Имам Тақиуд-дин Субки (әкесі) (683-756 һ) [18]

Имам Тақиуд-дин Субки: «Алла Тағаланы тану тұрғысында әһлі сунна уал-жамаға бір ақидада біріккен. Тек түсіндіру тәсілдері ғана өзгеше болған. Олар: Әшғарилер және Ханафи-Матрудилер. Әшғарилердің ұстазы Әбу Хасан әл-Әшғари, ал Ханафилердің ұстазы Әбу Мансур әл-Матруди[19]. Бұлардың ішінде кең таралғаны Әшғарилер. Шафиғилер, Мәликилер, Ханафилар және Ханбали мәзһабының ең хайырлылары осы бағыттан болған»[20], – деген. 

Имам Тафтазани (722-792 һ) [21]

Имам Тафтазани: «Әһлі сунна ғалымдарының ақида да ұстанатын екі жолы бар. Ирак, Шам (Дамаск) және Хорасан аймағында; Имам Абу Хасан әл-Әшғари жолымен жүретін Әшғария мектебі. Ал Мауараннаһр төңірегінде «имамул-Һуда» деген лақап атпен танылған Әбу Мансур әл-Матуридидің жолымен жүретін Матуридия мектебі» [22], – деген. 

Имам Тажуд-дин Субки (баласы) (727-771 һ)

Имам Тажуд-дин Субки имам Әбу Хасан әл-Әшғари жайлы былай дейді: «Әһлі сунна имамы, Расуллананың сүннетін қорғаушы, мұсылмандардың ақидасын сақтап қалуға бар күшін салған ғалым. Тақуалығымен, ілімімен танылған ұлы ғалым. Дінді ойдан тоқылған хадистерден қорғап барша мұсылманшылыққа қызмет еткен» [23].

Имам Мухаммад ибнАхмад, «Маййара» лақабымен танылған (999-1072 һ)

Имам Мухаммад ибн Ахмад: «Имам Әбу Хасан әл-Әшғари ақида ілімінің негізін қалаушы. Әһлі сунна жолындағылар Әшғари мектебіне негізделген. Әшғарилер бұрын «мусбита» тобы деп танылған. Себебі Муғтазилалардың теріске шығарған сипаттарын «исбәт» (қуаттағаны) еткендері үшін»[24], – деген.

Имам Мухаммад ибн Ахмад әс-Саффарини әл-Ханбали (1114-1188 һ)

Имам Мухаммад ибн Ахмад әс-Саффарини әл-Ханбали: «Әһлі сунна уал-жамаға үш топтан тұрады. Олар:

  1. әл-Әсария: имамдары Ахмад ибн Ханбал.
  2. Әшғария: имамдары Әбу Хасан әл-Әшғари.
  3. Матрудия: имамдары ӘбуМансул әл-Матруди»[25], – деген.
Имам раббани Ахмад ибн Мухаммад Дардир (1127-1201 һ)

Имам раббани Ахмад ибн Мухаммад Дардир «Харидату баһия» атты кітабының түсіндірмесінде: «Имам Әбу Хасан әл-Әшғари Муғтазила бағытын тастап, соларға қарсы шықты. Олардың (Муғтазила) теріске шығарған сифаттарын исбәт жасап әһлі сунна жолына қызмет етті. Имамның соңынан ерушілер Әшғарилер деп аталып кетті»[26], – деген.

ИмамӘбуФайдМуртадаәз-Забиди (1145-1205 һ)[27]

Имам Әбу Файд Муртада әз-Забиди «Итхафу сәда әл-муттақин би-шарх ихяу лумәд-дин» атты еңбегінде: «Әһлі сунна уал-жамаға дегенде Әшғарилер мен Матрудилер айтылады»[28], – деген.

Имам Кафауи (-1094 һ)

Имам Кафауи бір сөзінде: «Имам әл-Матуриди Кәләм ілімінің белді имамы, мұсылмандардың ақидасына түскен қателерді түзетуші тұлға. Оған Алла Тағала тура жолда қызмет етуді нәсіп еткен, құнды еңбектердің авторы. Сондай-ақ, адасқан ағымдардың керітартпа пікірлерін жоққа шығарушы ғалым»[29], – дейді.

Имам Забиди (1145-1205 һ)

Имам Забиди «Ихья улүмуд-динге» жазған түсіндірмесінде имам Матуриди турасында мына сөздерді айтқан: «Бұл кісінің дінде үлкен орны бар. Сондай-ақ, ақида саласындағы еңбегі ерекше. Муғтазила және сол сияқты адасқан ағымдардың бүкпелеген жаман пиғылдарын әшкере еткен ғалым»[30].

Имам ибн Абидин (1197-1252 һ)

Имам ибн Абидин «Радду мухтар ала дурр әл-мухтар» атты еңбегінде: «...фарғи мәселелердің тысында яғни, ақида мәселесіне келсек; әрбір мукаллаф (балиғат жасқа толған адам) ешкімге тақлид жасамай сенуі міндет. Ол әһлі сунна уал-жамаға жолы. Олар: Әшғарилер және Матрудилер болып екі мектепке бөлінеді. Ол екеуі кейбір мәселелерде түрлі көзқарастар білдіргенімен жалпы алғанда түп негіздері бір. Кейбір ғалымдар араларындағы түрлі көзқарастарды тілдік тұрғыдағы ихтилафтар деп те айтқан»[31].

Міне, Ислам тарихындағы арғы-бергі ғалымдардың Әшғари мен Матуриди секілді ақида ғалымдарына берген бағасы осындай. Ғалымдардың бәрі мойындаған, қарсы уәж айтпаған адам қалай адасқан саналады? Бүкіл үмбетке еңбегі сіңген осындай үлкен ғалымдарға қатардағы пенделердің оп-оңай тіл тигізуі қаншалықты орынды? 

Ғалымға ғалымның деңгейінде сын айтуға болады. Ал келсін-келмесін жала жауып, «адасқан, бидғатшы» деп жеке басқа шауып, айып тағу мұсылманға жарасар іс емес. Әрбірден соң бұл күнә. Әдетте кісінің артынан ғайбат айтқан адам өлген бауырынң етін жегенмен тең болатыны белгілі. Ал ғалымдардың арына тіл тигізу, оларды ғайбаттау улы ет жегенмен тең екенін ескеру қажет. 

Ақыретіне алаңдайтын мұсылман мұндай қадамға бармасы анық. Хафиз ибн Асакир «Тәбин кәзб муфтари фима нусиба ила имам Әби Хасан Әшғари» атты кітабында: «Есіңде болсын расында ғалымдардың еті өте улы. Ал олардың арына тіл тигізгендердің соңы жақсы болған емес. Алла Тағала олардың тәнін өлтірместен бұрын жүрегін өлтіреді»[32], – деген. Адасты деп айыптау былай тұрсын, аталмыш ғалымдарды күпірлікке шығаратындарға келсек, олар мына хадиске ой жүгіртсін: «Қандайда бір кісі бауырына:«Ей, кәпір» деп айтса, екеуінің бірі кәпір болады»,-делінген.(Бухари, Муслим).

 

Сілтемелер:


[1]Толық аты-жөні: Абдул-карим ибн Һауазан ибн Абдумалик ибн Талха Әбу Қасим әл-Қушайри. Зейнул-ислам деген лақап атпен танылған. Фиқһ,тәпсір, хадис, усул, әдеп және шиғр салаларын жақсы меңгерген ғалым. Кең танылған кітабы: «Рисалату-қушайрия».
 [2]Тәжуд-динСубки, ТабақатуШәфиғия әл-кубра. «Һәжр» баспасы. 10 томдық кітап. 3-том, 374-бет.  
[3]Толық аты-жөні: Әбу Исхақ Ибраһим ибн Әли әш-Ширази. Өз заманындағы Шафиғи мәзхабының ең атақты ғалымы. Бағдан қаласының әкімі Низаму мәлік әш-Ширазиге арнап «Низамия» медресесін тұрғызған. Сол медреседе өмірінің соңына дейін дәріс берген. Танымал еңбектері: әл-ишара ила мәзхаб әһли хақ,  танбиһ фи фиқһ шафиғия, табақату фуқаһа т.б.  
[4]ТәжуддинСубки, ТабақатуШәфиғия әл-кубра. 3-том, 375-376-беттер.  
[5]Имам әд-Дәмәғани: Қазылардың қазысы, Ирактың мүфтісі. Толық аты: Әбу Абдулла Мухаммад ибн Әли ибн Мухаммад әд-Дәмәғани әл-Ханафи. Һижри жыл санағы бойынша 398-478 жалдар аралығында өмір сүрген. Толығырақ қараңыз: “Сияр ағлам ән-нубала”, 18-том.485-бет.   
[6]ТәжуддинСубки, ТабақатуШәфиғия әл-кубра. 3-том, 375-бет.  
[7]Толық аты-жөні: Маймун ибн Мухаммад ибн Мухаммад ибн Муғтамад ибн Мухаммад ибн Мухаммад ибн Макхул ибн Фадл. Матрудия мектебінің атақты ғалымы. Имам Матрудидан кейінгі екінші тұлға деп те айтуға болады. Ол (имам Насафи) Әшғария мектебінің атақты өкілдері Бақилләни, Ғаззали және Фахру Рази сияқты Матрудия мектебінің атақты ғалымы. Еңбектері: Табсирату әдилла, тамһид ли қауағид таухид, бахрул кәләм фи илм таухид т.б.  
[8]Имам Насафи, Табсирату әдилла фи усул әд-дин. Каир: «Мактабә әзһария ли-турас» баспасы 2011.1306-бет.  
[9]Толық аты-жөні: Әбу Уалид Мухаммад ибн Ахмад ибн Ахмад ибн Рушд әл-Қуртуби әл-Мәлики. Мәлики мәзхабының атақты ғалымы. Ең атақты еңбектері: «Муқаддимат ли-әуәил кутуб мудаууана», «әл-Баян уа тахсиллима фи мустахража мин әт-тәужиһ уа тағлил». Һижри жыл санағы бойынша 520 ж. дүниеден озған. Өмірбаянын толығырақ қараңыз: «Сияр ағлам нубала», 19-том. 501 бет. және ибн Фархунның «Дибәж әл-музхаб», 363 бет.  
[10]Әхзаб, 58-аят.  
[11]Толық аты: Әбу Бәкір Мухаммад ибн Абдулла ибн Мухамад әл-Ишбили. Хадистанушы ғалым. Әбу Хамаид Ғаззалидың шәкірті. Ишбилия қаласында қазы болған сосын орнынан өз еркімен түсіп кітап жазумен және шәкірт тәрбиелеумен айналысқан. Бір топ замандас ғалымдар оны ижтиһад дәрежесіне жеткен ғалым деп баға берген. Хадис, фиқһ, усул, Құран ілімдері, араб тілі граматикасы және тарих салаларында еңбектер қалдырған. Фас қаласында Һижри жыл санағы бойынша 543 жылы қайтыс болған. Өмірбаянын толығырақ қараңыз: «Табақату хуффаз», 468 бет. және «Сияр ағлам нубала», 19-том. 130 бет.   
[12]Толық аты-жөні: Қади Ияд ибн Муса ибн Ияд Әбу Фадл әл-Яхсиби. Марокка ғалымы, өз заманының атақты хадистанушысы. Танымал еңбектері: «Тәртибул-мәдәрик», «Икмәлу муғаллим шарх сахих муслим», «Бағияту раид фима фи хадис умму зарғ мин фауаид», «Илмағ фи усул риуая уа тақид самағ».  Маракеш қаласында Һижри жыл санағы бойынша 544 жылы қайтыс болған.Өмірбаянын толығырақ қараңыз: «Табақату хуффаз», 470 бет. және «Сияр ағлам нубала», 20-том. 212 бет.  
[13]әл-Қади Ияд ибн Муса әл-Яхсиби,Тартибул-мадарик. 5-том. 24-бет.  
[14]Хафиз әд-Дин Әбу Баракат Абдулла ибн Ахмад Насафи, Шарх  Хафиз әд-Дин ән-Насафи ли китаб  әл-мунтахаб фи усул әл-мәзхаб. Мекке: «Уммул-қура» баспасы 1988. 450-бет.  
[15]Фахруд-дин ибн Асакир, Табину кәзиб әл-Муфтара. «Мактабату азһария ли-турас» баспасы. 301-бет.  
[16]Толық аты-жөні: Әбу Амр Осман ибн Омар ибн Әбу Бәкр әл-Курди әл-Иснаи әл-Мәлики. Ибн Хажиб деген атпен танымал. Усул ғалымы және араб тілін жетік білген. Диспуттарға қабілетті болғаны айтылады. Һижри жыл санағы бойынша 571 жылы қайтыс болған. Өмірбаянын толығырақ қараңыз: «Дибәж әл-музхаб», 289 бет. және «Сияр ағлам нубала», 23-том. 264 бет.    
[17]Толық аты-жөні: Жәмәлуд-дин Әбу Махамид Махмуд ибн Ахмад әл-Бухари әл-Хусайри әл-Ханафи. Ханафи мәзхабының заманындағы атақты ғалымы. Һижри жыл санағы бойынша 636 жылы қайтыс болған. Өмірбаянын толығырақ қараңыз:«Сияр ағлам нубала», 23-том. 53 бет. «Жауаһир мудия», 155 бет. «Табақату шафиғия әл-кубра», 3-том. 365 бет.    
[18]Толық аты-жөні: Тақиуд-дин Әбу Хасан Әли ибн Әбдул-Кәфи ибн Әли Субки. Фақиһ, заманының хадис танушысы. Шейхул-ислам. Мысыр елінде Һижри жыл санағы бойынша 756 жылы қайтыс болған. Өмірбаянын толығырақ қараңыз: «Табақату хуффаз», 525 бет. Ибн Өади Шубһаның «Табақату шафиғия», 3-том. 37 бет.  
[19]Хамад Синан, Фаузи Анжари, Әһлу сунна Әшағира. «Басаир» баспасы. 81-бет. 
[20]Тақиуд-дин Субки, Сайфсақил фи радд ала ибн Зафил. 22-бет.  
[21]Толық аты-жөні: Әбу Сағид Масғуд ибн Омар ибн Мухаммад ибн Әбу Бәкр ибн Мухаммад ибн Ғази Тафтазани Самарқанди әл-Ханафи. Фақиһ, усул және ақида саласының майталманы болған.Танымал еңбектері: Мақасид т.б.  
[22]Ибн Яхия, Шарх жумәл усул әд-дин. Ыстанбул: Сулеймания кітапханасы, Шәһид Әли Паша бөл.,иманускрипт но 1648., 169 п.  
[23]Тақиуд-дин Субки, Табақатшафиғия кубра. 3-том. 347-бет.  
[24]Мухаммад ибн Ахмад Маййара әл-Мәлики, Дуррусамин уа маулидул-муғин. «Дару хадис» баспасы. 1-том. 52-бет.  
[25]Шамсуд-дин Әбу Аун Мухаммад, Лауамиғануар әл-баһия. Дамаск 1982. 1-том. 73-бет.  
[26]Әбу Баракат Ахмад ибн Мухаммад Дардир, Харидату баһия. Каир 2010. «Басаир» баспасы. 21-бет.  
[27]Толық аты-жөні: Мухаммад ибн Мухаммад ибн Мухаммад ибн Абдур-раззақ. Заманының атақты хадистанушысы. Шамамен 107 еңбек қалдырған.   
[28]Әбу Файд Муртада әз-Забиди,Итхафусәдаәл-муттақинбишархихяулумәд-дин. 2-том. 6-бет.  
[29]әл-Кәшши, Ахмад ибн Муса. Мажмуғу әл-хауадис уән-нузул.  Ыстанбул. 319-бет.  
[30]Саид Мухаммад Муртада Зәбиди, Итхафу сәдә әл-муттақин би шарх ихя улум әд-дин. Бейрут: «Муассат тарих әл-араби» баспасы. 1994. 2-том. 469-бет.  
[31]Мухаммад Әмин ибн Омар ибн Абдул-азиз Абидин, Радду мухтар ала дурр әл-мухтар.1-том. 147-бет. 
[32]Хафиз ибн Асакир, Тәбин кәзб муфтари фима нусиба ила имам Әби  Хасан Әшғари. 36 және 311-беттер.
1 пікір