Дропшиппинг (dropshipping) интернет саудасы мен онлайн саудасының үкімі
Дропшиппинг (dropshipping) интернет саудасы мен онлайн саудасының үкімі
24 күн бұрын 1746

Ассаламуғалейкум! Дропшиппингпен табыс табу халал ма харам ба? Қанағат.

Бисмилләһир рахманир рахим

Дропшиппинг – интернет арқылы өзінде болмаған затты сату жолы. Бұл сауда түрінде сатушының қолында тауардың өзі болмайды. Ол тек тапсырысты қабылдайды. Ал тауарды сатып алған адамға тікелей зауыттан немесе көтерме қоймадан яки ресми сатушыдан жіберіп отырады.

Әдетте, мұндай сатушылар табысын — баға айырмашылығынан табады немесе көтерме сатушыдан арнайы төлем (комиссия) алып отыруы да мүмкін. Бұл сауда әдісінің басты ерекшелігі — сатып алынған тауар клиентке басқа біреудің қоймасынан жіберіледі1.

Шариғатағы үкімі

Дропшиппинг сауда түрін және жалпы интернет онлайн сауда түрін келесі әдістерге бөліп, шариғи тұрғыда талдауға болады:

Бірінші әдіс:
Сайттың немесе электронды дүкеннің иесі (дропшоппингпен айналысатын адам) тауар иесімен (өнім өндіруші зауытпен немесе жеткізуші саудагермен) белгілі бір тауарды сату үшін алдын ала келісім жасасып, яғни, уәкілдік алады да, одан соң ол тауарды өзінің интернет дүкенінде, басқаша айтқанда «интернет платформасында» жарнамалап сатады және әр сатылымнан белгілі бір үлесін алып отырады. Бірақ сатылған тауарды клиент тауар иесінің қоймасынан барып алады немесе тауар иесі оны онлайн алған клиентке жеткізіп береді. Мұндай сауда әдісі – шариғатқа қайшы емес, бұл «уәкілдік түріне» жатады. Мысалы: сіз бір зауытпен келісіп, олардан рұқсат алып, олардың өнімін сайтқа қоясыз, затты онлайн сатқаннан соң сатып алған клиентке тауарды зауыттың өзі жеткізеді. Сіз тек делдалсыз — бұл адал.

Екінші әдіс:
Сайт иесі немесе интернет дүкеннің иесі өзінің платформасына саудагердің тауарының сілтемесін орналастырады да, одан соң сол сілтемеге өтіп жасалған әрбір сатылып үшін өзінің келісілген үлесін алып отырады. Бұған да шариғатта рұқсат етіледі.

Үшінші әдіс (шариғатқа қайшы):
Интернет дүкеннің иесі өзінің интернет платформасына тауар иесінің келісімінсіз және одан уәкілдік алмай, затты сайтқа орналастырып, клиентке онлайн сатады да, алайда ақшасын алмайды. Ол өзі тауардың иесіне барып, онлайн сатқан тауарды өз ақшасына сатып алып, оны клиенттің адресіне жеткізуді айтады. Бұл әдіс - Исламға қайшы. Неге десеңіз, бұл - Исламдағы «меншігінде жоқ тауарды сату» тыйымына жатады.

Өйткені, 

  • біріншіден - сатқан тауары меншігінде жоқ, 
  • екіншіден – клиенттен сатқан тауарының ақысын алмаған, осы жөнінен алғанда да мұндай сауда әдісі Исламдағы «қарызды қарызға сату» тыйымына да жатады. Егер клиенттен сатқан тауарының ақысын алдын ала алған болса, мұны Исламдағы «сәләм» саудасына жатқызуға болар еді. 

Төртінші әдіс:
Интернет дүкеннің иесі өзінің интернет платформасына нарықта оңай табылатын қол жетімді тауардың нақты сипаттамасын және жеткізу мерзімін жазып орналастырады да, оны жарнамалап саудаға салады. Және мұнда тауардың ақысы алдын ала төлену талабы қойылу керек. Кейін клиент ол тауарды онлайн сатып алғаннан соң, интернет дүкеннің иесі төлем түсісімен өзге саудагерден (өндіруші орын, зауыттан) әлгі затты сатып алып, тауар иесінен тауарды өзінен онлайн сатып алған клиенттің адресіне жолдауын сұрайды. Бұндай сауда түрі Исламдағы «Сәләм» саудасына ұқсас. Бұған рұқсат.

Ескерту:
төртінші әдістің үшіншіден айырмашылығы – мұнда онлайн сатқан тауарының ақысын алдын ала қолына алып отыр, бұл «сәләм» саудасына ұқсас, сәләм саудасы – Исламда адал сауда. Мысалы: сіз белгілі бір үлгідегі кілемді бір аптада тауып бере алатыныңызды айттыңыз, клиент сізге ақшасын төледі, ал сіз сол кілемді бір аптада тауып жеткізіп бердіңіз. Бұл адал сауда2.

Аллаһу аъләм. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым


1ru wikipedia org/wiki/Прямая_поставка
2 Aliftaa jo: 3754 фәтуә: حكم التجارة الإلكترونية بالدروب شيبينغ