Пайғамбарды түсінде көрген адамдар да «сахаба» болып есептеле ме?
Пайғамбарды түсінде көрген адамдар да «сахаба» болып есептеле ме?
1 сағат бұрын 118

Әссәләмуғалейкум! Пайғамбарымызды с.а.у. түсінде көрген адамдар да «Сахаба» болып есептеледі ме?

Бисмилләһир-рахманир-рахим. Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әлдебір мұсылманның «сахаба» болып саналуы үшін, ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) көзі тірісінде Оны көзімен көрген болуы керек. Ал түсінде көрген адам «сахаба» болып есептелмейді. Тіпті Пайғамбарымызбен (с.а.у.) замандас болып тұрып, Оны көзімен көрмеген мұсылманның өзін сахаба дей алмаймыз.

Хадисші ғұлама Ибн Хажар әл-Асқалани (рахимаһуллаһ) «сахаба» сөзіне анықтама бере келе былай дейді:

«Сахаба деп, мүмін болған күйі Пайғамбармен жүздесіп, өмірінің соңына дейін мұсылман болып өткен кісіні айтады. Бұл анықтамаға: Алла елшісінің қасында ұзақ уақыт жүргендер де, қысқа уақыт бірге болғандар да; Одан хадис риуаят еткендер де, етпегендер де; Онымен жорыққа аттанғандар да, жорыққа қатыспағандар да; Қасында отырып сұхбаттаспаса да, Оны бір мәрте болса да көргендер, тіпті көзіндегі зағиптық себепті Оны көре алмай, бірақ қасында болғандар да кіреді».

Анықтаманың түсіндірмесі:

  • «Мүмін болған күйі...» – Пайғамбарды көрген кәпір адамдар сахаба саналмайды.
  • «Мұсылман болып дүниеден өткен...» – Пайғамбарды мүмін күйінде көріп, кейін діннен шыққан адам «сахаба» мәртебесінен айырылады.
  • «Одан хадис риуаят еткендер де, етпегендер де...» – Алла елшісінен хадис риуаят ету шарт емес. Мүлдем хадис жеткізбесе де, сахаба болып санала береді.
  • «Онымен жорыққа аттанғандар да, аттанбағандар да...» – Жорықтарға қатыспаса да, сахаба атана береді.
  • «Қасында отырып сұхбаттаспаса да, Оны бір мәрте көргендер...» – Алла елшісін (с.а.у.) бір рет көрген мүмін-мұсылман да сахаба саналады, тіпті Онымен сұхбаттасып, мәжілістес болмаса да.
  • «Тіпті көзіндегі зағиптық себепті Оны көре алмай, бірақ қасында болғандар да...» – Пайғамбарды (с.а.у.) көзімен көре алмағанымен, Онымен сұхбаттасып, насихатын тыңдаған зағип жандар да сахаба анықтамасына кіреді. Мысалы, сахаба Абдулла ибн Үмму Мактум (радияллаһу анһ) зағип болса да, Пайғамбарымыздың жанынан табылып, Оның ізбасарларының бірі болған.

Осы тұрғыдан алғанда, Алла елшісімен (с.а.у.) замандас болғанымен, Онымен жүздесе алмаған мұсылмандарға «сахаба» атауы берілмейді. Мысалы, Эфиопия патшасы Нәжаши (р.а.) – Алла елшісінің (с.а.у.) заманында өмір сүріп, мұсылман болғанымен, Пайғамбарымызбен жүздесе алмаған. Сол себепті, ол «сахаба» деп аталмайды.

Қысқаша айтқанда, сахаба дегеніміз – Пайғамбарды (с.а.у.) көзі тірісінде көрген мұсылман. Ал Оны тек түсінде көрген адам «сахаба» болып есептелмейді.

Әлхамдулилләһи Раббиль ъаләмин!

Абдусамат Қасым