«Кіші байын талақ» жайында айтып өтсеңіздер!»
«Кіші байын талақ» жайында айтып өтсеңіздер!»
23 күн бұрын 1138 islam.kz

Әссәләму аләйкум! Рижғи талақ беріп ғиддет бітсе кіші байын талақ болады. Егер күйеуі бірден кіші байын талақ берсе, ғиддет біткеннен кейін үкімі қалай болады?

Бисмилләһир рахманир рахим, уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта «Рижғи талақ», «Кіші байын талақ» және «Үлкен байын талақ» деген талақ түрлері бар.

  • Рижғи талақта ерлі-зайыптылар "үш хайыз" иддет уақыты ішінде неке жаңартпастан татуласып, ерлі-зайыптылық өмірлерін жалғастыра береді.

  • Кіші байын талақта ерлі-зайыптылар неке жаңартып қана қосыла алады, ол үшін (неке жаңарту үшін) әйелдің разылығы керек және қайта мәһр беріледі.

  • Үлкен байын талақта неке мүлдем бұзылып, қайта неке жаңарту мүмкіндігі жойылады. Тек әйелі өзгеге тұрмысқа шығып, бір жағдайлармен екінші ерінен ажырасып жатса ғана қайта ұсыныс білдіруіне болады.

Бүгінгі әңгімеміз «Кіші байын талақ» үкімдері жайында болмақ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кіші байын талақ үкімі туған жағдайда ерлі-зайыптылар қайта қосылғылары келсе:

  • неке жаңартулары тиіс (өйткені неке бұзылады),
  • әйелінің келісімі керек,
  • мәһр тағайындалу керек.
  • некені «иддет» күту мерзімі ішінде жаңарта берсе болады.

Кіші байын талақты тудыратын жағдайлар

Кіші байын талағы келесі жағдайларда туындайды:

  • Рижғи талақ бергеннен соң үш хайыз иддет уақыты ішінде күйеуі ажырасу райынан қайтпаса,

  • Некелеген әйелін төсек қатынасына түспей талақ етсе,

  • Хүлғ, белгілі ақыға әйеліне талағын сатқан болса,

  • Үдемелі, асырмалы түрде талақ сөзін қолданған болса, мысалы: «ең үлкен талақпен талақ еттім», «таудай талақпен талақ еттім», «байын талақпен талақ еттім» деген сияқты,

  • Әйелінің арыз-талабы бойынша сот некелерін бұзған болса (мысалы, күйеуі зардап шектіргені үшін, үшті-күйлі жоқ боп кеткені үшін, ұзақ мерзімге қамалған жағдайда т.б.).

Осы сайып өткен жағдайларда «Кіші байын талағы» туындап:

  • неке бұзылады.

  • Әйелі үш хайыз иддет уақытын күтеді (бірақ некелескен әйелімен қосылмай талақ еткеннен кейін әйелі иддет күтпейді).

  • Қайта қосылғылары келсе, некелерін жаңартады. (Неке үшін әйелінің келісімі және жаңадан мәһр тағайындау керек).

Алла Тағала баршаңыздың отбасыларыңызға баяндылық нәсіп қылсын!

Абдусамат Қасым