Алтын және күмістен жасалған әшекей бұйымдарды бөліп төлеуге (рассрочка) сатуға бола ма?
Алтын және күмістен жасалған әшекей бұйымдарды бөліп төлеуге (рассрочка) сатуға бола ма?
2 жыл бұрын 3486

Алтын және күмістен жасалған әшекей бұйымдарды бөліп төлеуге (рассрочка) сатуға бола ма?

"Алтын және күмістен жасалған әшекей бұйымдарды бөліп төлеуге (рассрочкаға) сатуға болмайды". Бұл - Ислам ғұламаларының көпшілігінің тоқтамы. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алтын және күмістерді қолма-қол - нақты ақшаға сатуды бұйырған. Алла елшісі (с.а.у.) хадистерінің бірінде былай дейді:

«Алтынды алтынмен сатарда тек қана бір-бірімен теңдей қылып сатыңдар. Бірін екіншісінен артық (не кем) бермеңдер. Күмісті күміспен сатарда тек қана бір-бірімен теңдей сатыңдар (айырбастаңдар). Бірін екіншісінен артық (не кем) бермеңдер. Және оның нақты қолда барымен, нақты емесін (яғни, дәл сол сәтте қолда жоқ алтын не күмісті) бересіге сатпаңдар»[1].   

Басқа бір хадисінде:

«Бірақ түрлері бөлек болғандарды, қолма-қол болу шартымен, қалай сатсаңдар да бола береді (яғни, бірін екіншісінен қымбатқа сатсаңдар болады)» - деп түсіндірген[2].

Ендеше, алтын мен алтынды, күміс пен күмісті, теңге мен теңгені, доллар мен долларды айырбас жасайтын кезде екі талапқа мән берілу керек:

  1. Екеуі де теңдей мөлшерде болулары керек. Бірі екіншісінен артық (не кем) болмауы тиіс.
  2. «Мә саған, мә маған» қағидасына сай, қолма-қол, араға уақыт салмай айырбас жасалуы керек.

Бұл - түрі бір валюталарды бір-бірімен айырбас жасайтын кезге қатысты. Ал түрлері бөлек валюталарды бір-бірімен айырбас жасайтын кезде, яғни сататын кезде (мысалы, алтынды күміске, долларды теңгеге, алтынды ақшаға т.б.), бір шарты бар:

  • Араға уақыт салынбай, екеуі де қолма-қол берілуі керек. "Мә саған, мә маған" деп, қолма-қол берілетін болса, бірін екіншісінен қымбатқа сатуға болады.

Алайда мысалы, ақшасын қазір беріп қойып, алтынды бір айдан соң алатын болып келіссе, немесе алтынды қазір беріп қойып, ақшасын бір айдан кейін беретін болса, бұл - «араға уақыт салғандық» болмақ, яғни, «қолма-қол» емес. Шариғатқа теріс сауда.

Сондықтан да, жоғарыда айтқанымыздай, Ислам ғалымдарының көпшілігі "алтын және күмістен жасалған әшекей бұйымдарды бөліп төлеуге (рассрочкаға) сатуға немесе сатып алуға болмайды" деген байламға келген. Өйткені, алтынды бөліп төлеуге сату - сарф саудасындағы араға уақыт салмай, қолма-қол берілу керек деген қағидатына қайшы. Бұл - "нәсиә рибасын" тудырады. Ханафи және өзге үш мәзхаб ғалымдарының тұжырымы осы.

Дейтұрғанмен, Ибн Тәймия және оның шәкірті Ибн Қаюм әл-Жәузия, және де солармен пікірлес кейбір Ханбали мәзхабының ғалымдары мәселеге басқа қырынан қарауға тырысқан. Олар: «саф алтынды бересіге сатуға болмайтындығы рас, ал бірақ алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды бересіге (бөліп төлеуге) сатуға болады» - деген. Олардың пікірінше алтынды зергерлеп, әшекей бұйымға айналдыру ісі – оны «валюта» болу сипатынан шығарып, бейнебір «тауарға» айналдырып отыр, сондықтан да, қалайша тауарды бересіге сатуға болатын болса, алтыннан жасалған әшекей бұйымдарды да бересіге сатуға болады деп, тұжырым білдірген.

Әйтсе де, бүгінде дін мамандарының басым көпшілігі, бұл мәселеде «көпшіліктің» тоқтамын дұрыс көріп, екінші топ ғалымдардың тұжырымын «шазз» деп тапқан[3].

Қорыта айтқанда: бүгінде көпшілік Ислам ғұламаларының тоқтамы бойынша, алтыннан және күмістен жасалған зергерлік бұйымдарды бөліп төлеуге (рассрочкаға) сатуға да, сатып алуға да болмайды. Алтын не күмістен жасалған зергерлік бұйымдарды сататын кісі қолма-қол ақшаға сатуы керек, сондай-ақ, сатып алатын кісі де қолма-қол ақшаға сатып алуы тиіс.

Алайда, Ханафи мәзхабы бойынша, соның ішінде Имам Мұхаммедтің (рахимаһуллаһ) түзген ережесін негізге алған бірен-саран Ислам ғалымдары: "әшекей бұйымдарын бөліп төлеуге (рассрочкаға) сатуға да, алуға да болады" деген уәжді алға тартады.  

Осы тұрғыда, "карта арқылы төлем жасау «қолма-қол» төлеу болып санала ма? - деген де сауал ойға келеді. Бұған айтарымыз, картамен төлем жасаған кезде ақша сол сәтте сатушының шотына түсетіндіктен, ол да қолма-қол нақты ақшамен төлеген болып есептеледі. Сондықтан, дебеттік картамен төлем жасап, алтынды сатып алуға болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №2177 хадис.
[2] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №1587 хадис.
[3] Уаһбату Зуһайли: «Фәтәуә Муъасыйра». 106 бет.

Абдусамат Қасым