Жатыр түтігін байлату: шариғат бұған не дейді?
Жатыр түтігін байлату: шариғат бұған не дейді?
8 сағаттан соң 53

Ассаламуғалейкум! Менің қазіргі жағдайым қатты алаңдатып жүргендіктен, сіздерден кеңес сұрағым келеді. Қазір үшінші баламызға аяғым ауыр. Алдыңғы екі перзентімді кесар тілігі арқылы босанғанмын, бұл жолы да ота жасалады. Дәрігерлердің айтуынша, негізінен 4 рет кесар тілігіне рұқсат берілгенімен, менің жағдайымда жатырдың жұқаруына байланысты қауіп басым. Мамандар үшінші баладан кейін тоқтаған дұрыс деген кеңес беріп отыр. Сұрағым: осы үшінші ота кезінде денсаулыққа төнген қауіпті ескеріп, жатыр түтіктерін (трубаны) байлатуға шариғат бойынша рұқсат па? Бұл күнә болып саналмай ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатта қолдап бедеу етуді немесе стерилизация жасауды қатаң тыйым салады. Фиқһ ғалымдары ұрпақ өрбіту мүмкіндігін түп-тамырымен жоятын әдістерді қолданудың харам екенін ашық айтқан. Тек келесідей зәру жағдайларда ондай әдіске рұқсат етіледі:

  • Егер ұрпаққа тұқым қуалайтын өте қауіпті аурудың таралу қаупі болса,

  • Жүктілік ананың өміріне қауіп төндіретін болса,

  • Жүктілік себебінен ана төзе алмайтын ауруларға, қиындықтар мен ауырсынуларға тап болса,

  • Сондай-ақ, әйел қатерлі ісік секілді ауруға шалдықса,

  • және контрацепцияның (жүктіліктен сақтанудың) басқа ешбір түрі оған сәйкес келмей, тек бедеу ету (стерилизация) отасы ғана жалғыз жол болып тұрса -

Мұндай жағдайларда жатыр түтігін байлату, яғни, «стерилизация» жасату сынды медициналық ұрпақ өрбіту мүмкіндігін түп-тамырымен жоятын әдістерге амалсыздан жүгінуге болады.

Өйткені, мұндай кезде:

  • «Жамандықты алыстату - жақсылықты жақындатудан артық (немесе ең әуелі орындалады)» деген қағида негізге алынады(1).

Ендеше, өзіңіз айтып отырғандай, өміріңізге қауіп туындаса немесе денсаулығыңызға айтарлықтай қауіп төнсе, бала көтермеу жолдарын қарастыруға құқылысыз. Алайда, бала көтерудің алдын алатын жеңіл жолдары бар болса, алдымен соны амалдап көрген жөн, ал стерилизация сияқты ауыр тәсілді соңғы тәсіл ретінде қарастырған абзал.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1) Проффессор Доктор Уаһбәту әз-Зуһәйли: "әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу". 

Абдусамат Қасым