Контробандалық жолмен тауар алып келіп сатудың Исламда үкімі қалай?
Контробандалық жолмен тауар алып келіп сатудың Исламда үкімі қалай?
2 сағат бұрын 115

Контробандалық жолмен тауар алып келіп сатудың Исламда үкімі қалай?

Бүгінгі дін мамандары контрабандалық жолмен тауар сатуды дінге қайшы, харам іс деп санайды. Себебі, мұндай әдіс ең алдымен елдің экономикасына кері әсері бар, атап айтқанда:

  • Мемлекет қазынасының ортаюы. (Тауарлар шекарадан жасырын өткендіктен, мемлекетке тиісті салықтар мен алымдар төленбейді. Нәтижесінде бюджетке түсуі керек миллиардтаған ақша далада қалады).

  • Әділетсіз бәсекелестіктің тууы (Адал кәсіпкерлердің зардап шегуі). (Салық төлемей келген заңсыз тауарлар арзан болады. Сәйкесінше, салығын төлеп, жұмысшыларына айлық беріп отырған жергілікті легалды өндірушілерді нарықтан ығыстырып тастайды).

  • «Көлеңкелі» бизнестің өршуі. (Контрабанда ақшаның елден заңсыз шығып кетуіне және құжаттарды қолдан жасап, тауар бағасын өтірік көрсетуге жол ашады).

  • Экономиканың тежелуі. (Легалды өндіріс шығынға батып, нарықтағы үлесін жоғалтады, артынан адамдарды жұмыстан шығаруға мәжбүр болады. Бұл жаңа жобалардың тоқтап қалуына және ел экономикасының өсуіне кедергі келтіреді).

Екіншіден, контрабандалық жолмен тауар сату – өтірік құжат жасау, сапасыз затты сапалы қылып көрсету сынды түрлі айла мен жалғандықтарды тудырады. Хадисте: «Кім бізді алдаса, ол бізден емес» деген.

Үшіншіден – Дінге қайшылығы жоқ және қоғамға пайдасы бар, ел игілігі көзделген дүниелерде басшыға бағыну міндет. Салық төлеу, контрабандалық жолмен тауар тасымалдаудың алдын алу сынды амалдар қоғам игілігі үшін әрі ел экономикасының мүддесін күзету болып табылады. Сол себепті, мұндай игі шарада мемлекет басшысына және оның қойған заңына бағыну мұсылманға міндет.

Осы тұрғыда ел тізгінін ұстап отырған өкімет басшыларының өз кезегінде халықтың жаппай салықтан қашпауы үшін бар мүмкіндікті жасап, елде легалды сауда жасауға жан-жақты жағдай жасағаны жөн. Өкімет орынсыз салықтардан халықты, соның ішінде шағын бизнес иелерін құтқарғаны дұрыс болады. Дінімізде салық төлеу міндет, бірақ орынсыз салық түрлеріне де қарсы екендігін айта кетпеуге болмайды.

Алла Тағала еліміздің әл-ауқатын көтеріп, экономикамыз шарықтай берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым