Акция сатып алуға бола ма?
Акция сатып алуға бола ма?
4 жыл бұрын 27151

Ассаләмуғалейкум! Акцияларды (азық түліктен басқа) сатып алып, кейін қымбаттаған кезде оны сатса бола ма? Абдуллаһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Акция дегеніміз, акционерлік қоғамның бір бөлігін иемдену құқығын беретін құнды қағаз. Ол акция иеленушісінің компанияда үлесі бар екендігін растайды. Акционерлерлік қоғамның пайдасы жыл сайын акционерлер арасында, акциялар санына пропорционал болып бөлініп тұрады. Бұны «дивиденд» деп атайды[1]. 

Бір компанияның акциясын сатып алып, компания табысының бір бөлігіне иелену -  фиқһ ғылымында «Шәрикатуль Ъинан» серіктестігіне саяды. Ъинан серіктестігі деп, екі кісінің бірігіп сауда құруы және түскен табысқа ортақ иеленуін айтамыз[3].  

Бүгінде Ислам ғалымдары акция сатып алудың немесе оны сатудың мубах екендігіне байлам жасаған. Бірақ, акцияны сату ісі – компанияның (АҚ) белсендігінен кейін (активность компании) рұқсат болмақ. Оған дейін, сатуға болмайды. Себебі, ол кезде акцияны сату - «қарызды қарызға сатумен» тең. Бұл - Пайғамбарымыздың (ғалейһиссаләту уә сәлләм) хадисына қайшы дейді олар[4].

Акцияның түрлері

Акциялар өз арасында бірнеше түрлерге бөлінеді. Оның негізгі екі түрін атап өтер болсақ, акциялар – «қарапайым акция» және «артықшылықты акция» болып бөлінеді. 

Қарапайым акция:

  1.  Акция иесіне дивидент (пайда) алу мүмкіндігі беріледі,
  2.  Компания өз ісін тоқтатқан жағдайда, компания меншігінен белгілі пай алу құқы бар,
  3.  Жиналыстарда дауыс беру құқы танылады.
  4.  Акцияның бұл түрінде дивиденттің төленетіндігіне кепілдік жоқ,
  5.  Берілетін төлемнің нақты мөлшері бекітілмейді.  
  6.  Бұндай акция иелеріне дивидент - «артықшылықты акция» иелеріне тиесілі "пайызды үлестері" таратылып болғаннан кейін, қалған пайдадан беріледі.
  7. Қарапайым акциялардың саудасы қор биржасында жүргізіледі.

Қарапайым акция түрі шариғатқа қайшы емес. Бұндай акция түрін сатып алуға және сатуға болады. 

Артықшылықты акция.

Артықшылықты акциялар – пайдасы нақты бекітілген акция түрі. Акцияның бұл түрінде алынатын «дивиденттер» компанияның пайдасына тәуелді емес. Бұнда, мейлі компания пайда тапсын, мейлі таппасын, акция иесіне бекітілген пайызды үлесі берілу керек.

Артықшылықты акциялар шариғатқа сай емес. Себебі, акцияның бұл түрінде:

  1. Негізсіз артық пайда алу құқығы танылған. Бұл - серіктестер арасындағы теңдік принципіне теріс.
  2. Компания пайда тапсын, мейлі шығынға ұшырасын, жылдық бекітілген пайыздық үлесін алып отырады. Бұл серіктестік саудасындағы «пайда мен шығын ортақтығы» қағидасына қайшы.
  3. Түскен пайдадан ең алдымен «артықшылықты акция» иелеріне бекітілген пайы беріліп болғаннан кейінгі қалғаны өзге акционерлерге үлестіріледі[5]. 
  4. Жылдық бекітілген пайыздық үлесін алу құқы танылғандықтан белгілі дәрежеде «өсім жеушілік» үкімі туындайды[6].

Сол себепті, акцияның бұл түрін алуға да, оны саудаға салуға да діни тұрғыда рұқсат жоқ.

Қандай компаниялардың акциясын алуға болады? 

Ендігі жерде, қарапайым акция түрін сатып алудың шариғи тұрғыда ағаттығы жоқ дедік. Бірақ, мұнда да шариғатқа қайшы келмейтін іспен айналысатын компанияның акциясы болуы маңызды.

Сондықтан да, шариғатта халал саналатын дүниелермен айналысатын компанияның акциясы болуы керек. Мысалы, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, мұнай өндірісі, электроника, ауыл-шаруашылық өндірісі, көлік өндірісі, телекоммуникация т.б. Ал, харам дүниелермен айналысатын компаниялардың акциясын алуға болмайды. Мысалы, арақ-шарап өндірісі, өсіммен айналысатын банктер т.б.   

Бұған қатысты Халықаралық Ислам фиқһ кеңесінің 1992 жылы қабылдаған қаулысында былай деп өткен: 

"Негізгі айналысатын саласы харам дүниелер болып табылатын компаниялардың акцияларын сатып алудың харам екендігі даусыз. Мысалы, өсіммен айналысатын мекемелер, дінде харам саналатын заттарды өндірумен айналысатын өндіріс орындары, харам заттарды сатумен айналысатын сауда орындары сияқты.

Сондай-ақ, негізгі айналысатын саласы шариғатқа сай дүниелер болғанымен, кейде «өсім» секілді харам істерге де араласатын кәсіпорындардың акцияларында да негізгі үкім – харам болуы"[7].

Қорытынды:

Қорыта айтқанда, акцияның "қарапайым" (обычная акция) түрлерін сатып алудың жалпы алғанда күнәсі жоқ. Одан түсіп отыратын "дивидент" деп аталатын пайдалар да адал саналады. Бастысы, алатын акцияңыз халал іспен айналысатын компаниялардың акциясы болуы ләзім. Ал, харам дүниелермен айналысатын компаниялардың акцияларын алуға болмайды. Мысалы, өсіммен айналысатын Ислами емес банктердің акциясы, түрлі құмар ойындарын жүргізетін мекемелердің акциялары, түрлі арақ-шарап өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың акциялары т.б. 

Осы тұрғыда, акцияның "артықшылықты акция" түрін (привилегированная акция) алуға діни тұрғыда рұқсат жоқ.


[1]  economica.kz
[2]  www.alnusyatirim.com/
[3] Проф.Доктор У.Зухайли, әл-Уәжиз: «Шарикатуль Әмуәл» - 2/139 бет.
[4] Профессор, доктор У.Зухайли: «әл-Муъамәләтуль Мәлиятуль Муъасыйра». 370 бет. 
[5] Ахмед ибн Мұхаммед әл-Халил: «әл-Әсһәм уәс-Сәнәдат». 177-181 бет.
[6] Профессор, доктор У.Зухайли: «әл-Муъамәләтуль Мәлиятуль Муъасыйра». 370 бет. 
[7] Профессор, доктор У.Зухайли: «әл-Муъамәләтуль Мәлиятуль Муъасыйра». 380 бет.

Абдусамат Қасым