"Жәрдемге мұқтаж адам: Уа, Алланың құлдары маған көмектесіңдер» деп айтсын" деген хадисті қалай түсінеміз?
"Жәрдемге мұқтаж адам: Уа, Алланың құлдары маған көмектесіңдер» деп айтсын" деген хадисті қалай түсінеміз?
4 жыл бұрын 13280

Ассәләмуғалейкум! Мына хадисті қалай түсінеміз:

عن عتبة بن غزوان رضي الله عنه، عن نبي الله صلى الله عليه وآله وسلم قال: «إِذَا أَضَلَّ أَحَدُكُمْ شَيْئًا، أَوْ أَرَادَ أَحَدُكُمْ عَوْنًا وَهُوَ بِأَرْضٍ لَيْسَ بِهَا أَنِيسٌ، فَلْيَقُلْ: يَا عِبَادَ اللهِ أَغِيثُونِي، يَا عِبَادَ اللهِ أَغِيثُونِي، فَإِنَّ للهِ عِبَادًا لَا نَرَاهُمْ». قال الطبراني: وَقَدْ جُرِّبَ ذَلِكَ

«Егер сіздердің біреулеріңіз шөл далада бірдеңені жоғалтып алса және жанында көмекшісі болмай, көмекке мұқтаж болса, онда ол: «Уа, Алланың құлдары, маған көмектесіңдер! Уа, Алланың құлдары, маған көмектесіңдер!» - деп айтсын. Өйткені Алла Тағаланың біз көре алмайтын құлдары бар». (Имам Табарани хадисі. Табарани айтты: біз бұл хадиске амал еттік).

Аталмыш хадистегі «Алланың құлдары» деп періштелерді айтып тұр ма?

Қанат Тама.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Имам Табаранидің «әл-Муъжәмуль Кәбир» атты кітабында келтірілген аталмыш хадистегі «Уа, Алланың құлдары!» деген сөз періштелерді білдіреді. Алла Тағаланың жер бетінде желеп-жебеп жүретін қорғаушы періштелері бар. Олар Алланың қалауымен қажет кезде жәрдем етеді делінген.

Ондай қорғаушы періштелердің бары Құранның қасиетті аятында да айтылып өтеді. «Раъд» сүресінің 11 аятында Жаратушы Иеміз Алла Тағала былай деген:

«Оның алды-артында Алланың әмірі бойынша бақылап, бірінен соң бірі (кезектесіп) қорғап жүретін (періштелер) бар...».

Ендігі жерде, сұрақта келтірілген хадистегі «Уа, Алланың құлдары» деген сөзде «періштелердің» айтылып тұрғандығын нақты көрсетер риуаяттар бар. Мәселен, сахаба Абдулла ибн Аббастан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мынадай бір сөзі жеткен:

«إِنَّ للهِ مَلائِكَةً فِي الأَرْضِ سِوَى الْحَفَظَةِ يَكْتُبُونَ مَا سَقَطَ مِنْ وَرَقِ الشَّجَرِ، فَإِذَا أَصَابَ أَحَدَكُمْ عَرْجَةٌ بِأَرْضٍ فَلاةٍ فَلْيُنَادِ: أَعِينُوا عِبَادَ اللهِ»

«Жер бетінде «хафаза» періштелерінен өзге періштелер де бар. Олар ағаштан түскен жапырақты да жазады. Егер, сендерден біреу айдалада адасып кетсе: «Ей, Алланың құлдары! Жәрдем етіңдер!» - деп дауыстасын»[1].

(Хадисші Һәйсәми (р.а.): «Бұл хадисті әл-Бәззәз өзінің «мүснәдінда» келтірген. Риуаят етушілер сенімді»).

Ибн Әбу Шәйбәның «әл-Мусаннаф» атты хадистер жинағында келтірген бұл риуаяттың басқа бір нұсқасында былай делінеді:  

إِنَّ للهِ مَلَائِكَةً فِي الْأَرْضِ يُسَمَّونَ الْحَفَظَةَ، يَكْتُبُونَ مَا يَقَعُ فِي الْأَرْضِ مِنْ وَرَقِ الشَّجَرِ، فَمَا أَصَابَ أَحَدًا مِنْكُمْ عَرْجَةٌ أَوِ احْتَاجَ إِلَى عَوْنٍ بِفَلَاةٍ مِنَ الْأَرْضِ فَلْيَقُلْ: أَعِينُونَا عِبَادَ اللهِ، رَحِمَكُمُ اللهُ، فَإِنَّهُ يُعَانُ إِنْ شَاءَ اللهُ»، ورواه ابن شيبة في "المصنف".

«Жер бетінде Алланың «хафаза» деп аталатын періштелері бар. Олар жердегі түскен ағаш жабырағына дейін жазады. Сендерден кімде-кім ешкім жоқ бір айдалада адасып кетсе немесе айдалада жәрдемге мұқтаж болса: «Ей, Алланың құлдары! Бізге жәрдем етіңдер. Алла сендерді рахымына бөлесін!» - десін. Алланың қалауымен оған жәрдем беріледі».

Имам ән-Нәуәуи де өзінің «әл-Әзкәр» атты кітабында сахаба Абдулла ибн Аббастың жеткізген хадисін келтірген:

 وذكره النووي في "الأذكار" عن ابن السني من حديث عبد الله بن مسعود رضي الله عنهما قال: قال رسول الله صلى الله عليه وآله وسلم: «إِذَا انْفَلَتَتْ دَابَّةُ أَحَدِكُمْ بِأَرْضِ فَلَاةٍ فَلْيُنَادِ: يَا عِبَادَ اللهِ احْبِسُوا عَلَيَّ، يَا عِبَادَ اللهِ احْبِسُوا عَلَيَّ؛ فَإِنَّ للهِ فِي الْأَرْضِ حَاضِرًا سَيَحْبِسُهُ عَلَيْكُمْ».

«Алла елшісі былай деген: «Айдалада біреулеріңнің хайуандарың босанып кетсе: «Ей, Алланың құлдары, оны тоқтатыңдар! Ей,  Алланың құлдары, оны тоқтатыңдар!» - деп дауыстасын. Шынында, жер жүзінде әзір тұрған Алланың құлдары бар. Олар оны сендерге тоқтатады».

Ғұлама ибн Аллан ас-Садиқи, Имам ән-Нәуәуидің «әл-Әзкәр» кітабына жазған түсіндірмесінде, аталмыш хадиске қатысты былай деп өтеді: «әл-Хафиз ибн Хажар: «Бұл хадис – иснады хасан болған хадис, бірақ өте ғариб хадис. Оны әл-Бәззәз риуаят еткен. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) оның осы сөзбен жеткен нұсқасын, осы иснадпен жеткеннен басқасын кездестірмедік» - деді». Әл-Хафиз әс-Сәхәуи де бұл хадиске «хасан» деп баға берген. Ал, Хадисші әл-Һәйсәми болса, өзінің «мәжмәъуз зәуәид» кітабында: «Риуаят етуші кісілер сенімді» деген.

Осы тұрғыда, Имам Ахмедтің ұлы Абдулланың айтысы бойынша, әкесі Имам Ахмед қажылыққа жаяу бара жатқан жолда адасып кеткен екен. Сол арада хадистерде айтылғандай: «Ей, Алланың құлдары, маған жол көрсетіңдер», - деп бірнеше рет айтыпты. Алланың қалауымен, көп ұзамай жолын тауыпты. Мұны Имам Ахметтің өз сөзінен оқылық:

«Бес рет қажылық жасадым. Адасып кеткен кезім болды. Жаяу етінмін. Сол мезетте былай деп айта бастадым: «Ей, Алланың құлдары, маған жол көрсетіңдер!». Жолымды тапқанға дейін солай айтып отырдым» - дейді ғалым[1].

Демек, сіз сұрап отырған хадистегі «Алланың құлдары» деген сөз «періштелерді» білдіреді екен. Ата-бабамыздың «періште қолдасын» деген батасы осындай хадистерден шабыттана айтылған тілек болса керек.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] dar-alifta.org

Абдусамат Қасым